Ұлылар ұрысады, сосын ұғысады
Биыл қазақтың Қалтайының 95 жылдығы. 2015 жылы облыс әкімінің пәрменімен оның бай кітапханасымен, қолжазбалары, жұмыс кабинетінің жиһаздары, ескерткіш жазулары бар кәдесыйлары, мерейтойына жер-жерден келген құттықтау хаттар, фотосуреттер т.б. Алматыдан Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына алдырылды. Үш жылдан аса сол мекемеде ғылыми Кеңесші болып, біраз шығармаларын зерттеп «Талантымен танылған тұлға» атты кітап шығардым.
Қалтай ағаның әкесі Мұхаммеджан (Қарамолда) «халық жауы» саналып, жазықсыз атылғаны оның өмір жолындағы белестерінде талай кедергілер тудырды. Әкесі ақталғаннан кейінгі шығармашылық үдерісінен де, ағаларынан, замандастарынан да біраз іштен шалулар көрді. Қалағаң мойымады, талабын талантымен жаныды. Қоғам дамуының кейбір келеңсіз түйткілдеріне негізделген шығармалары Қалағаңды қағытатын, қажытатындарға үлкен құрал болып, өзіне қарсы пайдаланылды. Қалағаңа қарсы шабуыл сол кездегі солақай саясаттан бастау алған «Бөлтірік бөрік астында» пьесасының қойылуынан басталды. Шығарманың негізгі арқауы – ұлт мәденеті мен тілінен қол үзіп бара жатқан Марфуға мен Арыстан образы арқылы қазақ жастарының бет-бейнесін ашады. Көрермендерге, әсіресе, жастар үшін бұл тосын құбылыс болғанмен, саясаттың көлеңкесінде қалған басшыларға ұнамады. «Ұлы орыс халқының тілін әжуалады» деген жалаумен шығарманың болашағына барынша тосқауыл қойылды. «Алматинская правда» газетінде Ә.Әлімжановтың «Из пушки по воровьям», «Қазақ әдебиеті» газетінде Ш.Аймановтың «Өнерлі жасқа өткір сын» атты мақалалары жарық көрді. Пьесаның қойылымына келіп қатысқан Мұхтардың «Лениншіл жас» газетінде «Бұл күлкіге дән ризамыз» деген мақаласы шыққаннан кейін Қалағаңның басына көреалмаушылықпен үйрілген қара бұлт сейілді. Қала жастары ұйымдастырған пьесаны талқылауға арналған конференцияда сөйлеген Шота Уәлиханов ағамыздың ой-пікірі жастар көңілінен шығып, пьесаға қойылған тосқауып шебі бұзылды. Ал Қалағаң болса Ш.Айманов ағасымен байланысын үзбей шығармашылығын жалғастыра берді. Сірә, ағамыз дана халқымыздың «Кең болсаң, кем болмайсың» қағидасын ұстанған болу керек.
Ал Ә.Әлімжановқа, ол Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы кезінде, 1974 жылы (15 жылдан кейін) ашық хатын жариялады. Онда Жазушылар Одағында болып жатқан келеңсіздіктерге тоқталып, өзінің кезінде болған өкпесі жайлы ештеңе айтпаған. Бұл шығармашылық байланыстар жалғаса береді дегенге меңзейді.
1991 жылы Қалағаңның жазушы ағасы Ә.Әбішовке «Барымызды бағалай білейік» деген ашық хаты жарияланды. «Қадірлі Әлжеке» деп басталатын хатта О.Сүлейменов Жазушылар Одағын басқарған кездегі ақсақалдар алқасына Ә.Әбішов төрағалық еткен уақыттағы жіберілген «әттегенайларға» тоқталады. Онда ағамыздың басшыларға өте жақын болуы, жастарға сенімсіздігі, өзін өзгелерден жоғары қоятындығы сөз болады. Хатта 41 талантты жас ақын-жазушының есімдері аталып, шығармаларының еліміздің саяси, экономикалық, экологиялық дамуына тигізетін оң ықпалын саралайды. Бұл ретте Қалағаңның ашық хатындағы Г.В.Колбин жазушылармен дидарласуға келгенде «Сіздің келуіңізді жиырма бес жылдан бері арман етіп едім» деп, жоғалған жиеніңізді жаңа тапқандай, құшағыңызды жайғаныңызды көргенде «тым асығыс кетті-ау, ақсақал басына лайық қылық болмады» деген үзіндіні келтіргеніміз артық болмас. Қалағаңның ашық хатының соңы былай аяқталады: «Ұлымыздың ұлылығын, үлкеніміздің үлкендігін, жақсымыздың жақсылығын дәлелдей алу үшін де жалпының түгел, тұтас болғаны ләзім. Ендеше, бостан-босқа тарылмайық. Барымызды базарлай білейік, алда келе жатқан құрылтайға осындай пәтуамен барғанымыз жөн болар еді, Әлжеке!». Қалағаңның ашық хатынан болса керек Ә.Әбішов аға «Қарқалалы» атты журналда «Мен кешкен тайғақ кешулер» деген көлемді эссесінде Қалтай інісін барынша түйреп өтіпті. «Мен оның «Правда» газетінде халқымызды қаралаған мақаласының шетіне мынандай сөздер жазыппын: «Қалтай, сен желтоқсан қарғысына күйініп айтқан бір сөзіңде: «Қазақ болмай, қожа болғаныма қуанамын» деп едің, мына мақалаңды оқығаннан кейін мен сенің қазақ болмағаныңа қатты қуандым. Өйткені, сен қазақтың бір опасызын азайтыпсың» деп жазыпты Ә.Әбішов аға. Бұл мақала жайлы Қалағаң: «Келесі жылы октябрь айында «Правда» газетінің тілшісі Т.Есілбаевтың өтінішімен желтоқсанның тууы себептері туралы 20 беттік мақала жаздым. Онда Қазақстанның оқу орындарында халқымыздың өткен тарихы, рухани мұрасы оқылмайтындығын, ел басындағылардың онымен ісі болмағанын баяндадым... «Правда» газеті Маркс пен Лениннен басқа кім жазса да өз саясатына жүгіндіріп жариялайтынын журналистер былай тұрсын, кез келген сауатты адам білсе керек» деп жазыпты.
Мен Қалағаңның 20 беттік мақаласын 1987 жылғы 6 қазанда «Правда» газетінде жарияланған «Бойся ровнодушных» деген нұсқамен салыстырып шықтым. Әлжаппар аға күйінетіндей, газет Қалағаңның көп ойларын бұрмалап, тақырыбының өзінде өзгертіп басқан. Мүмкін Қалағаң Әлжаппар ағасына өзі жазған мақаласының толық мәтінін көрсеткен болар. Содан кейін Қалтай інісіне төмендегідей тілегін білдіріпті: «Қымбатты Қалтай! Құрметті қожа! Сені өзгеше атағым келетінімнің себебі, өзгеден бөлек өзгеше көреді екенмін... Сен біз өскен топырақта өсіп, біз мәуелеген бақшада мәуелесең де, тамырыңды тереңге жіберіп жеке дара бойлап келеді екенсің. Ешкімге ұқсамай, ешкімді ұқсатпай, шоқтықталып келесің. Сол үшін екен сені ерекше сүйетінім. Әрине, оның бәрінің тамыры адамшылықта жатыр. Бойлай бер, мәуелей бер, әуелей бер, бауырым. Ағалық ақ тілегім осы. Әлжаппар». Ұлылар ұрысады, сосын ұғысады дегеннің мысалы осы болуы керек. Ағалар мен інілер арасындағы сыйластық, түсіністік кейінгілерге үлгі бола бергей деген тілегім де бар.
1989 жылы Қалтай аға «Ақиқатқа жүгінейік аға» атты тақырыппен академик Смет Кеңесбаевқа ашық хат жариялады. Онда Тіл туралы заңның жобасын дайындауға құрылған комиссияның 27 мүшесінің ішінде Смет аға мен Қалтай аға да болады. Сол кезде «Красная звезда» газетінде жарияланған мақаласында академик ағамыз орыс тілін қызғыштай қорғап, қазақ тіліне мемлекеттік статус беруге үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Құлмат Өмірғалиевтің «Қазақ тілінің фразиологиялық сөздігін жасау принциптері» еңбегін пайдаланғаны, кезінде оны Т.Жүргеновтің «ұры» дегенін, Мұхтар Әуезовтің академик жөніндегі теріс пікірін келтіреді. Қалтай ағаның архивінен Смет Кеңесбаевтың ашық хатқа жауабын тауып, газетке жарияладым. Екеуі де тіл туралы ойларымен біраз жерге барғанмен, аяғында түсіністі, бір-бірінен түңілмеді.
Қалтай ағаның арабша жаза, сөйлей білмегенімен діни сауаты өте жоғары еді. Сондықтан болар ол Рәтбек қажымен көп айтысты, теледебаттарға түсті. «Білімдіден не пайда білімін көпке айтпаса» тақырыбында ол жайлы мақалада жазды. Сол мақаласында: «Бір жолы теледидарда бетпе-бет отырып мен одан «Лә-иллахи-иллалаһи» дегенді ең алдымен қай пайғамбар айтып еді дегенімде ол «Адам Ата» деп бір ақ қайырды. Айтулы төрт кітаптың Адам Атадан неше жыл кейін пайда болғанынан хабардар, діннен сәл сауаты бар адам мұны айтпайды» деп жазыпты. Рәтбек қажымен Қалтай ағаның арасындағы білім деңгейлеріне байланысты болған қақтығыстар соттасу дәрежесіне дейін көтерілді. Бүгінгі мақаламызда оны толық жазу мүмкін емес. Қалағаңның сөзімен айтқанда Рәтбекке «соқтығу емес ақиқатқа жету» мақсатында айтысқа түсті. Кезінде екеуінің қақтығысының нәтижесі туралы халық өз бағасын берді.
Қазыбай Құдайбергенұлы,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры