Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылқы бағып, береке тапқан

Жылқы бағып, береке тапқан

Бүгінде қонысын сайлап, мал жиған ағайын кәсібін дөңгелету үстінде. Бейнеті мен машақаты бірге жүретін мал бағудың қыр-сырына қаныққан әрбір шаруа өз ісіне мығым келеді. Мәселен, шіркейлілік Жадыра Серікбаева жылқыны бордақылап, ет бағыты бойынша кәсібін жандандыруда. Күнделікті жем-шөбін дайындап, жылқының бабын жасайтын жылқышы келіншек – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның қатысушысы.

Бірнеше жылдан бері жылқы бор­­­дақылап, табысын еселеген Жа­дыра Серікбаева мемлекеттік жо­ба­­­­­­­­ның қолдауының арқасында 4 бас жылқы алған. Қазіргі уақытта мал қорасында 6 бас жылқы байла­нып тұр. Реттілігімен сойылатын жыл­қы­­ның еті нарық бағасына сай 2200 теңгеден сатылады. Тұрақты тұ­тынушы біткен кәсіпкердің етіне қызығушылық танытады.

Жадыраның жолдасы – Мұрат Ахметов келіншегіне үнемі қолға­быс етіп келеді. Ерлі-зайыпты осыдан 11 жыл бұрын отасып, жылқы бағуға ден қойған. Осы күні 4 бала­­­ның ата-анасы атанған олар көп­­­­балалы отбасынан шыққан. Негі­­­­зі­­­­­­нен, Жадыра Серікбаева – Жа­лағаш ауданының тумасы. Отба­сын­дағы 9 баламен қатар мал ша­руа­шылы­­­ғымен шұғылдануға барынша дағдыланған.

– Ауылдық жерде мал шаруа­шы­лы­ғымен айналысу өте қолай­лы. Уақытылы жылқының күті­мін жа­­сай білу арқылы оның қалыпты салмақ қосуына жағдай жасалады. Бүгінде кәсібін бастаймын деген әрбір адамға мемлекеттен қолдау көр­­сетіледі. Әрине, күнкөрісті жақ­сарту үшін қол­дан келген іспен шұғыл­­­­дануға бейім болған дұрыс деп ойлаймын. Алғаш келін болып түскенімде екінші анам, яғни енем сиыр сауу мен жылқы бағуды жанына ертіп жүріп үйреткен болатын. «Ешкім оқып туған жоқ» деген қағиданы ұстанатын енем мал шаруа­шылығымен айналысуы­ма көп сеп­­­тігін тигізді. Үлкен кісі­­­­­­­лер­­ден үйренген біршама дү­­ние­­­­­­ні өмір­­лік сабақ ретінде қол­да­­­нып жүр­­мін. Шындығында, 1 жыл­­қы­­­­­ны бор­дақылау үшін 1-3 ай аралығында уа­қыт кетеді. Күн­делікті жем-шөптің бағасының өсуі­не байланыс­ты өтпелі қиыншы­лық­­­ты жеңуге тырысамыз. Алдағы уақыт­­­­та ата-анамыздың қол­­­­дауы­ның арқасында ата кәсіпті үл­­кейту ойда бар. Қашан да мал ша­­руа­шы­­лығын дамыту өзектілігін жой­­­­майды. Әркез жылқы басын кө­бей­­­тіп, халық алғысын алуға ұм­­ты­­ла­мыз, – дейді көпбалалы ана.

Жалпы, ауданымызда жұмыс іс­теп тұрған кәсіпкерлік субъектіле­рінің үлесі 94,1 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға артқан. Оның ішінде, Жадыра секілді кәсібін жаңадан бас­­­таған жандар қатары көп. Жыл сайын жұмыссыздық деңгейін азай­ту мақсатында 2021-2025 жыл­дар­­­­­­ға арналған кәсіпкерлікті дамы­­­ту жө­нін­дегі ұлттық жобасы ар­­­­қылы кә­сіп бастаған көпшілік мал шаруа­шылығына икемділігін бай­­­­­­­­­­­­қатып ке­леді. Асылында, Шір­кейлі ауылында төрт түліктің әрбір түрін асырауды қолға алған жандар кәсіпкерлікке бетбұрыс жасағаны көңілге медеу сыйлайды.

– Қазақта «Ет жесең тісіңе кі­ре­­ді, жемесең түсіңе кіреді» деген тәмсіл бар. Өзіміз жыл көле­мінде жілік алып, ет сүрлеуді әдет­­­­ке айналдырғанбыз. Ауылда жі­лік сатумен шұғылданатын жандар қатары баршылық. Дегенмен, бірне­ше жыл уақыт бойы Мұрат пен Жадыраның етінен алып тұрамыз. Кейде олардың етіне деген сұраныс жоғары болатындығын аңғарамыз. Өйткені, ауылдағы үлкенді-кішілі той-­томалаққа, асқа көпшілік бор­да­­қыланған жылқыны сатып алатыны мәлім. Халық алғысына бө­ленген жанның кәсібіне береке берсін деген тілек бар, – дейді Шір­кейлі ауылының тұрғыны Шернияз Жақыпов.

Болашақта көпбалалы ана жылқы басын көбейтуге күш сала бермек. Ата-ене, ер мен баланың күтімін назардан тыс қалдырмайтын кәсіп­кер «Еңбек бәрін жеңбек» де­­­­ген қағи­даны берік ұста­­на­ды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
18 ақпан 2023 ж. 199 0