Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Медициналық қызмет көрсету сапасына пациенттердің шағымдары көбейді

Медициналық қызмет көрсету сапасына пациенттердің шағымдары көбейді

2022 жылда әртүрлі байланыс арналары арқылы Қызылорда облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалына 570 өтініш келіп түсті, олардың көпшілігі – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне, медициналық көмек көрсетуден бас тартуға қатысты шағымдар, деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (бұдан әрі – Қор) міндеттерінің бірі пациенттердің құқықтарын қорғау болып табылады. Күн сайын Қор келесі ресми байланыс арналары арқылы өтініштерді қабылдайды:

- 1406 байланыс орталығы,

- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы,

- fms.kz ресми сайты,

- Telegram-дағы @SaqtandyrýBot.

Талдау көрсеткендей, байланыстың ең сұранысы жоғары тәсілі - 1406 байланыс орталығы және «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы.

«Қор әрбір шағым бойынша тексеру жүргізуде. Біз пациенттерді өз құқықтарын білуге және олар бұзылғанда, жағдайды сол жерде шешу үшін алдымен Пациенттерге қолдау көрсету қызметіне жүгінуге шақырамыз. Бұл қызметтер барлық емханалар мен ауруханаларда бар. Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, Қорға жүгіну қажет», –  деп атап өтті Бақыт Исмаханбетов.

Қор филиалы директорының айтуынша, 2022 жылы барлығы 570 шағым түскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 317 шағымға немесе 225% - ға артық (2021 ж. - 253 шағым).

Шағымдардың арасында бірінші орында - медициналық көмек көрсету сапасына шағымдар 275 (48,2%), екінші - медициналық көмек көрсетуден бас тарту (15%), үшінші орында – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден бас тарту (7%).

Айта кету керек, шағымдардың басым бөлігі келесі медициналық ұйымдарға қатысты: №1,3,6 қалалық емханалар, Байқоңыр қаласындағы көпсалалы аурухана, «Alexey Sultan Ahmet» ЖШС.

Барлық шағымдар бойынша медициналық ұйымдар кемшіліктерді одан әрі жоюмен және шағымдардың өсуіне жол бермеу бойынша шараларын қолдану арқылы тексерулер жүргізді.
15 ақпан 2023 ж. 182 0