Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Асатудың астарында құрмет бар

Асатудың астарында құрмет бар

Асату – қазақтардың қолдан ет асату салты. Құрметті қонақ, әдетте көп жасаған ақсақал немесе үлкен кісі қолына молынан етіп ет алып өзінен жасы кішілердің аузына тосады. Бұндайда тек бір адамға ғана емес, бірнеше адамға ет асатқан.

Қазақтың үлкендері өзінен жасы кішілердің бәріне ет асатады. Жасы үлкендер әсіресе етті жас балаларға асатқан. Осы салт жөнінде «Есет атам ет асатар, ет асатса бес асатар» деген сөздің ел арасында сақ­талып қалғаны бұл салттың кеңі­нен таралғандығын дәлелдейді. Көп­шіліктің сенімі бойынша, етті атақты немесе өте беделді кісі асатса, онда баланың болашағы жақсы болып, өскенде ол қалайда үлкен жетістіктерге жетеді деп саналған.

Қазақтың ірі жазушысы Сәбит Мұқанұлының жұбайы Мария апай жазушының кішкентай балаларды өте жақсы көргенін және оларға ет асатуды әдетке айналдырғандығын естелігінде жазған. Сәбит Мұқанұлы қай жерде жүрсе де, қазақтың осы бір салтын ұстанған екен.

Сондай-ақ, қазақ салтында бас мүжіген үлкендер көз, құлақ, тіл, таңдай сияқты мүшелерді сол үйдің балаларына ырымдап береді. Әр салты бір құндылықты арқалайтын халықтың бұл дәстүрі де өз алдына маңызға ие. Бата қылып, бас кес­кен қариялар алдымен өздері ауыз тиіп, сосын құлағын кесіп алып үйдің кішкентай баласына «құйма құлақ бол» деп ырымдап береді. Құлақ жеп өскен бала сөз қадірін ұғарлық, білімді, жақсы азамат болып өседі деп сенген. Ал көз жеген бала қырағы, әділ, турашыл болады деп ырымдайды. Екі көзді бір адамға жегізген, оның мәні екі көзді екі адамға берсе, алакөз болады немесе əділдіктен тайып, бұра тартады делінген. Сондай-ақ, тіл жесе тілалғыш, шешен, таңдай жеген жезтаңдай, әнші болады деп ырымдаған.

Салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қо­ғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесінде рухани бай­лықтың негізін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұл­жытпай орындаумен бірге, оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
14 ақпан 2023 ж. 283 0