Иткөйлек
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары. Көктемнің бір күні еді. Есік алдында жүрген әкейге менің досымның папасы келді. Түрі өрт сөндірердей қап-қара, ұнжырғасы түсіп кеткен. Қолындағы кепкесін мыжғылап, әкейдің алдына тізерлей отыра кетті.
– Аға, сіздің балаңыздың менің Жігерімнен ала алмай жүрген не ақысы бар? Өмірден жеген таяғы аздай, бүгінгісі мынау, жығылғанға жұдырық болды. Енді қайттім?
Одан кейінгі әңгімені тыңдауға менде бет жоқ. Өлген жерім – осы.
– Шық бері!
Әкемнің дауысы қатқыл шықты. Жаңағы ағаның көзінше беліндегі солдат белдікпен арқамнан осып-осып жіберді. Көзімнің оты жарқ етті. Тістеніп алдым. Туғалы бері әкемнен жеген таяғым осы.
– Жер қылдың ғой. Ата сақалым аузыма түскенде, естиін дегенім осы ма еді?!
– Ағатай, болар іс болды. Жас қой, бір ағаттық кеткен шығар, – деп Жігердің әкесі енді маған араша түсе бастады...
...Базарбай қария күнде таңертең бес-алты сиырын пойыз жолдың ар жағына өріске айдайды. Бүгін де солай асықпай, аяңдап келе жатқан. Кенет малдары бірдеңеден шошып, қалшиып тұра қалды. Тың-тыңдап еді, әлдекімнің ыңырсыған дауысы естілді. Жан-жағынан ешкім көрінбейді. Содан алға қарай жүре бергенде, үсті-басы қан жоса, жерде жатқан жас жігітті көрді.
– Астапыралла, балам, айналайын, тірісің бе?
Үн жоқ. Тірі сияқты, бірақ қозғалмайды.
Енді қайттім? Осындай кезде көршісі Сәрсенбай атымен шөпке барушы еді. Көзін көлегейлеп, артына қарады, ол үйінен енді шығып жатыр екен.
– Сәрсенбай, әу Сәрсенбай, тездет, тез мында кел! – деп қолын бұлғады.
Әп-сәтте шауып келген Сәрсенбай:
– Базеке, не болды тыныштық па? – деп сұрады.
– Мына баланы тездетіп дәрігерге жеткізу керек. Пойыздан секірді ме, біреу лақтырды ма кім білген?
Содан екеулеп жүріп, аудандық ауруханаға алып келді. Жігітте тіл жоқ, ес-түсін білмейді, бірақ мас емес.
– Ағалар, енді оған ота жасалады, – деді кезекші дәрігер. Оның өмірі үшін күресеміз. Сіздерге рақмет.
– Жалко парня, инвалидом останется, – деді дәрігер Александр.
Екеуі ауруханадан шыға бергені сол еді, милицияның мәшинесі келіп тоқтай қалды.
– Базеке, бізбен жүріңіздер, протокол толтырамыз, – деді лейтенант.
Бәрі Қалидің әскерге кетерінің алдында болды. Қаладағы теміржол техникумында оқитын Жігер бала күнгі досының «проводына» қайтсе де үлгеріп баруы керек, одан кейін бір-бірін екі жыл көрмейді ғой. Дос болғанда қандай, талай төбелестен мұны аман алып қалған. Сабақтан соң кешкісін перронда тұрған пойызға проводникпен келісіп, міне салды. Мынау тұрған бір сағаттық жер ғой. Станцияға жақындағанда жолсерік «сенің стансаңа тоқтамаймыз» демесі бар ма? Қаны басына теуіп кетті. Содан келесі вагонға өтіп, тамбурда темекі шекті. Проводниктер жаңа қауқылдасып карта ойнап отырғанын байқаған. Енді не істесе екен? Бұл вагонның есігі алқам-салқам, ашуға болатындай. «Тәуекел, көп болса, досым үшін бір аяғымды берермін» деп шешті ол.
Пойыздан құлаған бала туралы әңгіме ауылда лезде гу ете қалды. Бұл кезде дәрігерлер аяқ-қолы, қабырғасы сынған, ішкі ағзасына зақым келген жас жігітті аман сақтау үшін жан алысып, жан берісіп жатты.
Жәмилә жеңгей түскі шайға келген қайнысына:
– Естідің бе, біздің отделениедегі сенің кластасың екен, қалада оқитын. Сау тамтығы жоқ, дәрігерлер әлі жинап бола алмай жатыр. Обал болды, ендігі өмірі не болмақ? Айтқандай, қан керек, екінші топтағы, – деп алдына бір тостаған кеспені қойды.
– Кім ол?
– Жігер.
Содан бұл тамағын ішер-ішпестен, ағасының «Урал» мотоцикліне отырды да, қалған достарын жию үшін «Ескі ауылға» құстай ұшты.
Мектептен кейін оқуға түсе алмағандар – бір-біріне жанашыр. Бәрі де ауылдағы күнкөріске жарар жұмыста жүр. Бастары қосылса, өмір туралы ойласады. Күзге қарай қыз алып қашу ойларында бар. Көрші ауылда Жәмилә жеңгесінің туысқандары тұрады. Өңшең шаруаға бейім жап-жақсы, пысық қыздар. Біреуімен сөйлесіп те жүр. Кейде мынау маубастарға «бажа болайық» деп қояды. Жоспарлары да көп, асарлатып бір-біріне үй салып беруге де кет әрі емес. Қандай қиын жұмыстан болсын қашпайды. Мектепте еңбек сабағынан берген ағайлары өте жақсы кісі еді. Ағаш жонуды да, темір кесуді де бәрін үйретті. Арасында ағаштан есік-терезе, дастарханға қоятын дөңгелек үстел жасайтын өнері де бар. Сандық жасауды да үйреніп жүр. Араққа жоқ, тек анда-санда шарап ұрттайтыны болмаса. Оны да қою керек. Темекі тартпайды, оған кеткен ақшаны далаға кеткен қаражат деп ойлайды. Бірақ сотқарлығы бар, тиіскен адамды аямайды. Жеңгесі үнемі «ұрынарға қара таппай жүресің, баяғы батыр бабаларыңның қасиеті саған қонған-ау шамасы» деп қалжыңдайды. Сол қимас достары өзара бірге жүргенде, бір-бірін ата-анасының азан шақырып қойған есімдерімен ешқашан атамайды. Бұның аты – Сотқар, атына заты сай. Ол алдымен Шекеге барды, одан Дәуқара мен Торсықты ілестіріп алды. Ұзынтұра көрші ауылға шөпке кетіпті. Қойшы әйтеуір, ауылдың оншақты баласын жиып, хирургияға келді.
– Біз досымызға қан тапсырамыз, – деді ол есіктегі апайға.
Уколдан қашатын сабаздарың сол күні өмірде бірінші рет қандарының қай топқа жататын біліп қайтты.
Оншақты күн өткесін, науқастың беті бері қарай бастады. Сөйлей алмайды, жағы сынған. Екі ота жасалды. Тағы да дәрігерлер ақылдасып жатқан көрінеді.
Жәмила жеңгесі хирургияда аға медбике еді. Сөзі де, өзі де пысық әйел. Бар жаңалықты содан біледі. Жігерге ешкімді кіргізбейді екен. Ия, айтқандай, Қалидің «проводы» екі аптаға кейін шегерілген. Ол да досын ойлап, әбден жүдеп кетті.
Содан тағы да бір апта өтті. Бір күні бәрінің басы тағы қосыла қалғанда:
– Жігіттер, бұл болмайды, Жігерге көмектесейік, «досым, досым» деп бізге келгенде, жатысы анау. Қалидың «проводына» алып келейік, мен жеңшемді көндірем, тек сендер көмектессеңдер болды, – деп бұл жоспар құра бастады.
Жеңгесіне айтып еді, ол ат-тонын ала қашты.
– Сенің есің дұрыс па, мені соттатайын деп пе едің? Өлетін жай жоқ. Қой бала, айтушы болма!
– Жеңеше, осы мені жұмсағанда бәледейсің. Үш сағатқа ғана, түнгі он екіде алып келем. Міне, жаным, міне иманым, жігіттік сөзім. Қолхат бер десең, берейін.
– Мә, жаз мына параққа, бірақ он екіде әкелмесең, өз обалың өзіңе, салпаңқұлақтарыңмен қосып, милицияға беріп жіберемін.
– Алтын жеңгем менің, болды уәде, дәл осы жатқан «сап-сау» күйінде қайта әкелеміз.
– Әй, байқаңдар, оның халі нашар. Жүгермек неме, мені қандай қылмысқа итермелеп отырсың...
Жеңгесін әрең көндіріп, баяғы екеуін ертіп, былқ-сылқ етіп жатқан Жігерді одеялға орап алып шықты. Содан «Солдат көпірге» дейін кезекпе-кезек арқалап, «Ескі ауылға» жеткенде, вешір қызып-ақ жатыр екен. Көрші ауылдан әдеміше келген, талдырмаш екі-үш қыз жүр. Ой бір, түбін түсіріп биледі-ай дейсің! Жігер де көзі жылтырап бұларға қарап жатты, күлімсірегендей болады. Содан сағат түнгі он бірге он минут қалғанда Шеке келді сыбырлап:
– Анау Өлмесханды бәлніске апаруымыз керек. Ұмытып кеткен жоқсың ба? Сендер шарап ішіп алдыңдар, қалай жеткіземіз оны?
Тағы да үшеулеп кезектесіп, біреуі арқалап, екеуі көтеріп, қара терге түсіп, «Солдат көпірден» өтіп, уһ-аһ деп, аурухананың ауласына кіре бергені сол еді, қайдан екені белгісіз, екі топтың өзара төбелесінің үстінен шықты. Арғы бет пен бергі бет болып іші толғандар осы жерде үнемі күш сынасып жатады деп еститін. Қап! Бізге жетпегені осы еді. Шегінуге болмайды. Аналар бұдан темекі сұрады, бұлар «шекпейміз» деді. Содан басталды. Олар Жігерді тастай сала, сол қырғынға үшеуі де қойып кетті. Көрші үйдің штакетнигін жұлып алып, қараңғыда әйтеуір сарт та сұрт сойқан басталды. Бір оңбаған жерде жатқан науқасты тепкілеп кетті.
– Таста деймін, болыңдар, ананы тез апаруымыз керек, – деді үнемі сақ жүретін Шеке. Көйлектері жыртылған, бет аузы қан-қан үшеуі хирургияға келгенде, қайыстай қатқан қара медсестра қыз «кіргізбеймін» деп есік алдында тұрып алсын.
– Тыныш, айқайлама, жұртты оятасың, біз дәрігермен (өтірікті соға салды) келіскенбіз. Мынаны тез орнына жатқызамыз да, шығамыз, – деп әрең көндірді...
...Жігердің папасы әкейге таңертең бұлардың сол түнгі жорықтарын білгеннен кейін келіп тұрған беті еді.
– Інішек, біздің баладан бір қателік кетті. Баланың еміне өзім қолдан келгенше көмектесем, Алматыда бір шәкіртім үлкен дәрігер, «қазір оны орнынан қозғауға болмайды, өзің келіп қара» деп телефонмен хабарласам. Жолпұлын да өзім көтерем. Көрер жарығы бар, иткөйлекпен туған бала екен, арты жақсы болғай, мойыма бауырым, ер адамның басынан не келіп, не кетпейді, – деп әкем қонақты арқасынан қағып, шығарып салды.
...Жиырма бірінші ғасырдың осы жылдары, технология дамыған заман. Таңертең жұмысқа барар алдында кофе ішіп отыр еді, ватсапқа хабарлама келіпті: «Жігіттер, сүйінші, ата атандым, Жігер».
Әй, жарайсың, Өлмесханым, Иткөйлегім, бауы берік болсын! Сені сонда ешкім адам болмайды деп еді. Бәріміздің басымыз қосылатын жақсы күн болды-ау. Баяғы тентек кездері еске түсіп, күліп алды...
Дәметкүл Қонысбайқызы