Мәмс жүйесі қарапайым әрі халыққа қолайлы
Басы ауырып, балтыры сыздаған адамның баратын жері ең алдымен емхана екені анық. Дертіне шипа іздеген халықты тегін медициналық қызметпен қамтамасыз ету алғашқы сатыда тұруы тиіс. Адамның денсаулығын түзеуіне бірден-бір жол ашатын «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры көпшілікке орасан жағдай жасауда. МӘМС жүйесінің аудан бойынша жүзеге асырылып жатқан басым-бағытын саралау мақсатында аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсеновпен пікірлесу сәті түскен болатын.
Күн сайын емхана дәлізіндегі кезекте кезіккен көпшілік жанына батқан сырқатынан айығуды көздейді. Бұл ретте, осыдан 7 жыл бұрын қолданысқа енгізілген МӘМС жүйесінің шапағатын қарапайым әрбір тұрғын көруде. Тегін медициналық қызметтің бұл түрі тұрғындарға «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңы бойынша көрсетіледі. Аудандық ауруханының бас дәрігері Жалғасбек Үсенов жыл көлемінде МӘМС жүйесін жетілдіру негізінде жасалып жатқан біршама жұмысқа тоқталды.
– Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандар адамның денсаулығын жіті қадағалауда ұстайды. Медицина саласы бірнеше реформалық жұмыстың нәтижесінде МӘМС жүйесіне енген болатын. Сақтандыру қоры арқылы кез келген адам медициналық көмекке жүгіне алады. Биылғы 10 айда аудан көлемінде 35405 адам «Кешенді медициналық ақпараттық жүйесінің халық тіркелім регистріне» енгізілген. Біз әрбір елді мекен тұрғынына тіркелген жергілікті халық санына байланысты медициналық көмек көрсетеміз. Негізінен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы әр айдың 10-на дейін сақтандырылмаған адамның есебін бізге жіберіп отырады. Сырдарияда осы күні 5097 адам қор есебінен сақтандырылмаған болып табылады. Сонымен бірге 7 санат бойынша сақтандырылмаған азаматтардың тізімі жасақталған. Оның ішінде, 2015 жылы МӘМС жүйесі қолданысқа енгеннен бері 2492 адам мүлдем сақтандырылудан тыс қалған. Қазіргі уақытта тиісті заңдағы өзгеріске сәйкес, өз-өзін сақтандыратын адам өткен айдағы қарызын өтеместен, алдағы 1 жылға төлем жасауға міндетті. Демек, өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар, қарапайым тұрғындар алдын ала 1 жылдық төлемді өтеу арқылы медициналық қызметті пайдалана алады, – дейді бас дәрігер.
Әсілінде, МӘМС жүйесі бойынша өз-өзін жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыз ретінде тіркелмеген жандар 1 айға 3000 теңге төлеу арқылы сақтандырылады. Яғни, қазіргі ең төменгі айлықтың 5 пайызын сақтандыруға аударады. Биыл ең төменгі айлық 60 мың теңге екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі қолданыстағы заң шеңберінде кез келген адам 36 мың теңге төлеп, 1 жыл бойы медициналық көмекке жүгіне алады. Жарна төлеуде ескеретін маңызды мәселе әр айдың 25-не сақтандыру қаржысын аудару керек. Салық саясатына байланысты айдың соңғы күндерінде МӘМС-ке төлем қабылданбайды.
– Ашығын айтқанда, МӘМС жүйесіне тіркелген жандар денсаулығын түзеуде артықшылықтарға ие болуда. Биылғы жылдың 10 айында амбулаториялық тексерістен өткен тұрғындар 33661 қызметті денсаулығы үшін пайдалана білген. Бұл дегеніміз – адам бойындағы сырқатты зерттеу, талдауға жасалған зор мүмкіндік. Үлкен қалаларда орналасқан зерттеу аппараттарына, арнайы орталықтарға жолдама беріледі. Сонымен бірге денсаулық сақтау саласында тұрғындарға көрсетілетін көмектің бір түрі – кепілдендірілген медициналық көмек деп аталады. Аталған жүйе негізінде сырдариялықтар 15880 қызметке жүгінген. Жоғарыда көрсетілген қос жүйе бойынша жасалған зерттеу, талдау нәтижелеріне уақытында тиісті қаражаты аударылып отырады. Созылмалы дерті бар кісілер дәрігер бақылауында болуы – заңдылық. Науқасты ауруханаға жатқызып, ем-шара жүргізу де МӘМС арқылы жүзеге асырылады, – дейді Ж.Үсенов.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңы бойынша мемлекет 15 санат бойынша азаматтарға жарна төлейді. Негізінен, «Fms.kz» порталынан МӘМС жүйесіне байланысты барлық сауалға жауап табуға болады. Өткен жылы республика көлемінде 15,5 миллион адам МӘМС-тің қатысушысы болып табылған.
Айта кетейік, соңғы уақытта МӘМС жүйесіне енгізілген өзгерістерді тұрғындарға түсіндіру мақсатында аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың тапсырмасына сәйкес, сала мамандары елді мекендерді аралаған болатын. Жұмысшы топ жергілікті халыққа МӘМС жүйесі жайында кеңінен ақпарат берді. Алдағы уақытта да МӘМС жүйесі түсіндіріле бермек.
Балтабай ОРДАБЕКОВ