Емхананы өзіңіз таңдаңыз!
Қазақстанда 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін жыл сайынғы бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымын еркін таңдау науқаны өтуде. Брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов науқан барысы туралы айтып берді.
Қор филиалы директорының айтуынша, акцияға аймактың 25 емханасы қатысуда, оның 14 - і мемлекеттік, 11-і жеке меншік.
«Емхана таңдауда басты ескеретін жайт – ол үйден 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді. БМСК ұйымына тіркелген пациент жергілікті дәрігердің қабылдауы, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулер, диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулер сынды медициналық көмек пен емдеуге жатқызуға жолдама алады. Тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесі болмаса да емханаға тіркелудің еркін таңдауын пайдаланғанымен, әрі қарай толыққанды жоспарлы медициналық көмектер алу үшін сақтандырлуы тиіс», - деп атап өтті Бақыт Исмаханбетов.
Ағымдағы жылдың 22 қыркүйегіндегі кезеңде екі мыңға жуық адам өз таңдауын жасады. Олардың көпшілігі мемлекеттік емханаларда тіркелген. Өткен жылы, науқан кезінде БМСК ұйымдарына өңірдің 14 мыңнан астам тұрғыны тіркелген, оның 12,5 мыңы мемлекеттік емханаларды тандаған.
Тіркелуге болатын барлық емханалардың тізімін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының https://fms.kz/kz/ сайтынан «Клиниканы таңдау» бөлімінде алуға болады.
Науқан кезінде бастапқы медициналық - санитариялық көмек ұйымына тіркелген азаматтар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұрын тіркелген БМСК ұйымынан есептен шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.
Анықтама үшін. Таңдалған емханаға тіркелудің екі жолы бар.
Бірінші әдіс, бұл барлық азаматарға арналған. Электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы бекіту: www.egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Ары қарай электрондық өтініштің барлық жолдарын толтыру қажет. Пациент туралы мәліметтерді емхана мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Жауап оң болған жағдайда медициналық ұйымға тіркелгеніңіз туралы хабарлама беріледі.
Екінші әдіс бұл, халықтың жекелеген санаттарына арналған.
Олар емханаға жеке басын куәландыратын құжатпен тікелей жүгіне алады. Атап айтар болсақ, олар зейнеткерлер, мүгедектер, қамқоршылар тағайындалған заң бойынша бала кезінен мүгедектер, қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронаттық тәрбиешілер, колонияда жазасын өтеушілер, студенттер, мерзімді қызмет әскери қызметшілері, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша бекітуді рәсімдейтіндер.