Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕГЕ КИГІЗЕТІН ЖӨРМЕП ТІККЕН КӨЙЛЕК

ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕГЕ КИГІЗЕТІН ЖӨРМЕП ТІККЕН КӨЙЛЕК

Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түр-сипаты көшпелі тұрмысына, ауа райының құбылуына, халықтың наным-сенімі мен сұлулыққа жаны құмар болуына тікелей байланысты. “Ең әдемі киім - ұлттық киім” деп ұлы адамдар айтқандай, елдің мәдениеті мен ерекшелігін айқындап тұратыны белгілі. Халқымыздың ұлттық кимінің түрі де үлгісі де еш халықтан кем түспек емес. Оның әсем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайларынан орын алған. Мәдениетімізде бағалы киімдерімізді сый-сияпат, дипломатиялық кездесулерде ескерткіш ретінде беріп, салтымызға сай ат мінгізіп, шапан жабатын болған. Бұл биік дәрежедегі құрметтің бір түрі болған.
Ертеде халық шеберлері қазақ болмысына тән, киіп жүруге ыңғайлы, сәнді ою-өрнектермен көмкеріп, әртүрлі киім үлгілерін жасаған. Қазақтарда ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болады. Бір киер киім деп – қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киген. Ішкі киімдері: көйлек, дамбал, желетке, кәзекей; сырт киімдерге: шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем; сулық киімдерге: шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп, сырттық жатады. Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Астарына құнды аң терісі салынған тон – ішік деп аталды. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдепті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген.
Қазақ шапандары алдыңғы екі өңірі, артқы бой, екі жең және жағасы ойып пішіледі. Артқы бойдың екі жақ шеті алдыңғы өңірге қусырыларда оның екі жақ етегіне, бел мықынға жеткенше, екі үшкіл қойма қойылады. Оның етек жағы енді, бел жағы енсіз келеді. Шапан жеңінің екі беті бір-ақ қиылады. Ұлы жүз қазақтарының шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, әшекейлі келсе, Орта жүз тұрғындарының шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ оймалы немесе түймелі болған. Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып тігілген. Қазақтар шапанға шабу, жең түптеріне ойынды, қолтырмаш қояды.
Қазақ әйелдерінің ұлттық киімі, негізінен, көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекшеден тұрады. Әшекей, ажар жағынан төрт топқа арналып тігіледі. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен бәйбішелердің киімдері. Қыз киімдері кеуделері тар, қынамалы, жаға, жең, кеудесі, өңірі кестелі, әшекейлі келсе, жас ұлғайған сайын неғұрлым етекті, кең, мол қаусырмалы бола түседі. Қыздардың бөріктері алқалармен және төбесіне үкінің, көк құтанның немесе тотының үлпек қауырсындары тағылып сәндендіріледі. Қыздардың құндыз, кәмшат терісімен жиектелген бас киімдері “кәмшат бөрік” деп, алтынмен кестеленгені “алтын бөрік”, маржандармен әшекейленгені “қалмаржан бөрік” деп аталды. Барқыттан немесе қамқадан тігілген жаздық жеңіл бас киім – “тақия” үкінің үлпек қауырсынымен, күміс және алтын кестелермен әшекейленеді. Әйелдердің бас киімдері арасынан неғұрлым өзіндік сән-салтанатымен ерекшеленетін қыздардың тұрмысқа шығардағы бас киімі – сәукеле болды. Төбесі үшкірленіп, биік етіліп тігілетін ол алтын және күміс тиындармен, інжу-маржандармен, алқалармен безендірілді. Алғашқы нәрестесі дүниеге келісімен жас әйел ақ матадан тігілетін бас киім – кимешек киген. Қазақ халқының ұлттық киімдеріндегі бас киімді былайша топтастыруға болады: 1) ерлер бас киімі: шыт, кепеш (құстаңдай, қолкесте, бізкесте түрлері бар), үшкүлдір, жекей, жапетер, тақия (зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа, т.б.), құлақшын, бөрік, жалбағай, қалпақ, құлақты тымақ, күлапара, қырпу (іштік бөрік); 2) әйелдер бас киімі: сәукеле, бөкебай, қарқара, кимешек, күндік, желек, шәлі (жібек, шілтер, оюлы түрі бар), бүркеніш, бергек, қасаба, тақия, шылауыш, жаулық. Қыста киетін бас киімдер қымбат, қалың матамен тысталады.
Еркектер мен әйелдер бас киімі әр түрлілігімен ерекшеленді. Ерлердің ежелден келе жатқан дәстүрлі бас киімі – қалпақ жұқа ақ киізден тігілді. Бұлардың ақ киізден төбесі биік етіліп жасалғаны “ақ қалпақ”, ал жалпақ күнқағары жоғары бүктеліп қайырылғаны “айыр қалпақ” деп аталды. Көктем мен күзде дөңгелек пішінді, төбесі биік, міндетті түрде аң терісімен жиектелген бөрік киген. Қыста киетін бас киім “тымақ” деп аталды.
Тағы бір айта кететін жайт қазақ халқының киімнің етек-жеңіне оқа тігетіні, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізетіні, сәбидің, қыз баланың, сал-серілердің бас киіміне үкі қадайтыны – түркі-қыпшақ заманы кезінде туған дәстүр. Бұл қадам жын-перілерден, пәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды деп сенген. Қазақы белбеу, қапсырма, бойтұмар, нәзік белдіктерге өрнектелетін әр түрлі құстардың, жыртқыштардың, көбелектің, ағаштың, жер-судың, тау-тастың кескінін беру ежелгі сақ, үйсін тайпаларынан қалған мұра. Сонымен қатар қазіргі таңда ұмыт бола бастаған ұлттық киімдеріміз де жетерлік. Атап айтар болсақ: Қасаба – қымбат матадан тігілетін қыздардың бас киімі. Төбетей – төбеге киетін жаздық шағын бас киім. Жалбағай – малшылардың жаздық бас киімі. Жыға – мойынға су кетпеу үшін дулығаның немесе бас киімнің желке тұсынан тағылған қалың мата. Күләпара – су немесе қар түспес үшін бас киімнің сыртынан қаптай киетін, брезеттен тігілген бас киім. Күндік – егде әйелдер басына орай тартатын жаулықтың бір түрі. Бешпент - ерлердің жазда киетін сырт киімі. Шекпен – су өтпес үшін киетін сырт киім. Ең бағалысы түйе жүнінен тігіледі. Жақы (құлын жақы, тай жақы) – жылқы терісін жүнін сыртына қаратып тігетін кәделі киім. Жадағай – түйе жүнінен тоқылған астарсыз шапан. Тұлып – қасқыр, қой терісінен тігілген, қыста тоңбас үшін киім сыртынан киетін кең киім. Күпі – ішіне жабағы жүн салып сырыған шапан түрі. Кебенек – жауынды, боранды күні киім сыртынан киетін су өтпейтін киім. Жарғақ шалбар – тықыр теріден тігілген шалбар. Иткөйлек – жаңа туған нәрестеге кигізетін жөрмеп тіккен көйлекше. Ұлтарма – жұмысқа киетін оңай тігілетін етік түрі. Кебіс – былғарыдан қонышсыз тігілетін аяқ киім. Сандал – үсті ашық жаздық аяқ киім. Міне, осы секілді бізге жетпеген ұлттық киім үлгілері қаншама. Сол себепті де бабадан қалған асыл мұраларымызды сақтап, оларды дәріптеу – әр ұрпақтың міндеті. Әркез ұлттығымыз ұлықталсын десек, өзіміздің төл туындыларымызды, киім үлгімізді дәріптеуден еш жалықпайық.

Дайындаған Ұлбосын КЕНІШБЕК
24 тамыз 2019 ж. 1 709 0