Құнды қолжазбалар

Бір жылдары отызға жуық басылымды арнайы жаздыртып оқитын Асан Рүстембеков жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың жиені екен. Яғни, анасы Рысай атақты жазушының жақын туысы саналады. Өткен ғасырда талай ауыртпалықты көрген қария бірнеше жыл анасынан ажырап қалған. Сегіз айлығында әкесі Беркінбайдың ағасы Рүстембектің баласы болмағандықтан, бауырына басады. Осылайша, қос отбасының құлынына айналған ол оқудан бір сәтке ажыраған емес. Білім мен ілімді қарапайым ауылда жүріп, тереңнен меңгереді. Қазыналы қария бір айда 28 кітап оқыған. Негізінен, бір жылда 336 кітап оқитын ақсақал осыдан 62 жыл бұрынғы газет тігінділерін түгел жинақтаған. Сарғайған қағаздар, көне кітап, көз майын тауысып жазылған қолжазбалар Асан атаның бар байлығы саналады. Облыстық Әбділда Тәжібаев атындағы әмбебеп ғылыми кітапхананың тұрақты оқырманы Асан Рүстембековтің үйіне «Қазақстанның еңбек ері» Мұхтар Шаханов қонақ болып келгенде «Академик ауылда тұрып жатыр екен ғой» деп таңданысын білдіреді. Дана қартпен кездесу сәтіндегі әңгімесінде:
«Мен жастайымнан кітап оқуға құмар болдым. Қазақтың ақын-жазушыларымен қатар, әлемдік деңгейдегі қаламгерлердің шығармаларын көп оқимын. Облыстық кітапханаға әрбір он күн сайын кітап алуға барып тұрамын. Мүмкіндігінше, қолыма тиген кітапты толық оқуға тырысамын. Керегін қолжазбама түртіп қоямын. Үйіме оқуға құштар, жазуға машық жандар қонақ болса, қуанамын. Таңды-таңға ұрып, әдебиет, классика, философия жөнінде әңгіме айтуға бармын. Жас кезімнен өңірімізге атақты ақын-жазушылар келсе, кездесуге асығамын. Авторлық кітабына қолтаңба қойғызып, өзіме сақтап қоямын. Иә, газет-журналды көптеп жаздыртып алатынмын. Шындығында, газетті жыртқан адамды жек көремін. Көпшілік газет бетіндегі әрбір мақала қандай еңбекпен жазылатындығын білмейді» деген қария.
Рухани құндылықты жадына тоқыған Асан атаның жинақтаған қай жазбасы да ерекше. Мәселен, ақылман ақсақал оқыған кітабының ішінен адам өміріне қажетті әрбір ережені жазып қоятын болған. Бұл ретте, қазыналы қарттың ғибратқа толы қолжазбасынан үзінді келтіруді жөн көрдік.
«Тез ойлап тұрып, жай сөйлеңіз», «Жеңілсеңіз, содан үлгі алыңыз», «Кей-кейде үндемей қалудың өзі – жауап», «Сіздің күлкіңіз кез келген адамға, тіпті Сізді онша ұната қоймайтын адамға бақыт әкелуі мүмкін», «Әр түні ұйықтар алдында Сізді ойлайтын адам бар», «Үлкенге демалыс, досқа түсіністік, кішіге мейірім керек» деген секілді қарапайым ережелер қойын дәптерде сақтаулы.
Сонымен бірге Асан Рүстембеков әлемге белгілі пәлсапашылардың еңбегін көп оқыған. Өзіне керекті рухани құндылықты қағаз бетіне түртіп қойған. Өз кезегінде бірқатар пәлсапашының айтқан сөздерін ұсынбақпыз. Атақты пәлсапашы Сенека: «Денесін шынықтыратын адамдар көп, жан-дүниесін жетілдіретіндер аз», «Кәрілік деп толық қуатсыздық емес, адамның шаршаған жасын айтамыз», «Өзіңді өзің үшін жеңуге тырыс» деген сияқты сөздері барша адамзатқа арналған. Ал есімі көпшілікке мәлім Конфуций: «Адалдық пен туралыққа ұмтыл, өзіңе тең көрмеген адаммен достаспа, өз қатеңді түзетуден қорықпа, тартынба» деп артына өшпестей ғибрат қалдырған.
Тереңнен іздене білген Асан ата қазақтың ақыны, пәлсапашы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын жадына тоқыған. Әсілінде ақынның «Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай кемістігімді жасыратындай қыламын. Сөйтіп, жүріп, адам атануға ұяламын», «Сақ адам сандығын бекіте алады, есті адам тілін тия алады. Бірақ ешкім ойын тия алмайды» деген ғибратты сөзі көпшілікке өмірлік сабақ болатындай.
Расында, «Ақшаға сағат сатып алуға болады, бірақ «уақыт» сатып ала алмайсың» деген қытай мақалының жаны бар секілді. Әлемдік жауһарларды өмірінің соңына дейін жинақтаған Асан Рүстембеков жайлы барынша толғауға болады. Оның құнды деректері – келер ұрпаққа өшпестей мұра. Ақыл кеніне айналған ол көзі тірісінде өзі пайдаланған қаламсаптардан топтама жинаған.
Негізінен, қарияның мамандығы құрылысшы болған. Үнемі қайырымдылық жасауға бейім жүретін ақсақалдың игілікті ісі көп. Қарымды қаламгер Қаныбек Әбуов Асан ақсақалдың ерен еңбегі жөнінде «Рахметтің құны қанша» деген мақала жариялаған болатын. Қолы қалт еткенде жақсылық жасауға ұмтылатын ақсақал талай жолаушының да, жүргізушінің де алғысына бөленген. Яғни, қазыналы қарт Қызылорда қаласындағы әуежайға баратын жол мен Аманкелді ауылына баратын қиылысты өз күшімен тегістеп, көлік жүруге қолайлы еткен. Сонымен бірге ақсақал Тереңөзектегі емханаға денсаулығын тексертейін деп келген кезінде «Майжарма» каналының жаяу жүргіншіге арналған көпірінің тозығы жеткіндігін көреді. Бар шаруасын ысырып қойған қария Айдарлы ауылына қайта барып, құрал-сайманын сайлап, көпірді қайта қалпына келтірген.
Иә, құрылысшы, қайырымды жан, ауылдағы академик. Бұның барлығы Асан атаның бір бойына сыйған ерекше қасиет. Ешуақытта адамгершіліктен айнымайтын ол қаламгер қауымға адалдығын танытты. Әрбір ақын-жазушының шығармасын кеңінен дәріптеді. Өлшеусіз еңбекті бағалады. Жамандық атаулыны емес, рухани ортаны жағалады. Керегін санасына түйді. Ғибраты мол дүниені өзгемен бөлісті.
Әттеген-айы, «Ауылдағы академик» атанған ақсақал өткен жылы келместің кемесіне мініп кете барды. Оның айналасына берері көп еді. Десе де, артында құнды жазбалары, рухани мол мұрасы қалды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ