Кең далаға киік сыймай ма?

Мәселенің мәнісі
Тас дәуірінен келе жатқан киелі жануарға «қырғидай» тиюге Батыс Қазақстан облысындағы жағдайды себеп дейді министр. «Биологиялық негіздеме аяқталды. Ғалымдар киік санын реттеудің қажеттілігі бар дегенді айтып отыр. Бұл Орал популяциясына қатысты болады. Қазір бұл популяцияның саны 800 мың бастан асады десек, соның 10 пайызы, яғни 80 мың бас киік реттеуге жатады. Киік санын реттеу шаралары популяциялардың санын шектеп ұстау дегенді білдірмейді. Оның ішінде кейбір популяциялардың санын көбейту де көзделген. Реттеу деген киік санын ұстап тұру екенін қайталап айтамын. Реттеу дегеннен кейін белгілі бір нормалар бар екені түсінікті. Бұл – қажетті шара. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында киіктер жайылымдарға ғана емес, егін алқаптарына да кіріп жатыр. Сондықтан бір жағынан проблема да бар. Тіпті биологиялық негіздеме бойынша киіктердің оңтайлы саны емін-еркін тіршілік кеше алатын көлемге жетуі керек. Осы негіздемелердің аясында реттеу жүргізіледі. Бүгінгі таңда біз 500-ге дейін киікті зерттеу үшін аламыз» деген С.Брекешев.
Негізінен, ақбөкендер Қазақстан, Моңғолия, Қалмақ автономиясын мекен етеді. Оның ішінде киіктің 95 пайызы біздің елде өмір сүреді. Биылғы көктемгі санақ бойынша Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 1 млн 318 мыңға жетіп отыр.
Мұнда бөкендердің Бетпақдала, Үстірт және Орал топтары бір-бірінен жеке-дара жүреді. Міне, осылардың ішінде Орал топтарының саны өсіп, бүгінде оларды оңтайландыру көзделуде.
Тас дәуірінен келе жатқан киелі жануарға «қырғидай» тиюге Батыс Қазақстан облысындағы жағдайды себеп дейді министр. «Биологиялық негіздеме аяқталды. Ғалымдар киік санын реттеудің қажеттілігі бар дегенді айтып отыр. Бұл Орал популяциясына қатысты болады. Қазір бұл популяцияның саны 800 мың бастан асады десек, соның 10 пайызы, яғни 80 мың бас киік реттеуге жатады. Киік санын реттеу шаралары популяциялардың санын шектеп ұстау дегенді білдірмейді. Оның ішінде кейбір популяциялардың санын көбейту де көзделген. Реттеу деген киік санын ұстап тұру екенін қайталап айтамын. Реттеу дегеннен кейін белгілі бір нормалар бар екені түсінікті. Бұл – қажетті шара. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында киіктер жайылымдарға ғана емес, егін алқаптарына да кіріп жатыр. Сондықтан бір жағынан проблема да бар. Тіпті биологиялық негіздеме бойынша киіктердің оңтайлы саны емін-еркін тіршілік кеше алатын көлемге жетуі керек. Осы негіздемелердің аясында реттеу жүргізіледі. Бүгінгі таңда біз 500-ге дейін киікті зерттеу үшін аламыз» деген С.Брекешев.
Негізінен, ақбөкендер Қазақстан, Моңғолия, Қалмақ автономиясын мекен етеді. Оның ішінде киіктің 95 пайызы біздің елде өмір сүреді. Биылғы көктемгі санақ бойынша Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 1 млн 318 мыңға жетіп отыр.
«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, Еділ мен Жайық арасын мекен ететін киіктер санының күрт артуы батыстағы егінші қауымға кері әсерін тигізуде екен. Яғни, осы өңірде орташа есеппен жылына 40 пайыздан аса киік көбейіп, саны 800 мыңнан асқан. Олар бидайлықты таптап, шаруаларға шаш етектен шығын әкелуде дейді өңір халқы. «Былтыр біз 13 мың гектар жерге бидай ектік, оның 6 мың гектарын киіктер таптап тастады. Біз бұл жерлерге қанша комбайн салғанымен, орып алатын ештеңе болмады. Алқапта киіктер 2-3 мыңдап жайылып жүреді. Оларды бұрын мотоциклмен айдайтын, ал қатты ашыққан кезде ешқандай айдауыңа көнбейді. Айналып келгенде, мұның бәрі бізді үлкен шығынға батырып отыр. Сондай-ақ мұны азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатер деп те түсіну керек» деген «Егемен Қазақстан» газетіне сұқбат берген қостанайлық шаруа Р.Мурсина.
Айта кету керек, киік санының көбеюі оны көздейтіндерге шектеу қоюмен тікелей байланысты болды. Мәселен, 2012 жылғы ҚР Үкіметінің 25 шілдедегі №969 қаулысына сәйкес киікті 2020 жылға дейін аулауға тыйым салынған еді. Ал бұл тыйым ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес 2023 жылға дейін ұзарды. Десе де, бұл тыйымның аяқталуына да шамалы уақыт қалды. «Тым көбейіп кетті» деп байбалам салып жүргенде тыйым тоқтаса, киелі жануарды құрбан қылатындардың «иектері қышып» отырғаны рас.
Жойылып кетудің алдында еді
Киік мүйізінің емдік қасиеті бар. Бұл ертеден хақ нәрсе және бағасы да тәп-тәуір. «1840-1850 жылдары Қазақ елінен Бұхар, Хиуа хандығына 750 мың киік мүйізі өткізіліпті. Ол кезде бір аңның мүйізі бір жүйрік аттың немесе түйенің бағасымен теңестірілген» деген дерек бар. Ертеректегі бағасы осынша болса, бүгінгі киік мүйізінің бағасы да тым қымбат екені анық. Бір келісінің өзі миллион теңгеден асады. Осыны білетін браконьерлер ен далада жүрген сұлу аңды еркін қойсын ба?
Қарулы қарақшылардың қырғын салуы және киіктердің эпидемияға ұшырауы салдарынан олар жойылып кетудің алдында еді. Тіпті, 2015 жылы көбісі қырылып қалды. Сол жылы Бетпақдала популяциясының 90 пайызға жуығы жойылып кетті. Атап айтқанда, 2015 жылы Орал популяциясында 51700, Үстіртте 1270, ал Бетпақдалада 242 мыңнан аса киік қалған. Міне, осыдан соң киелі жануарды қорғау жұмыстары қарқын алды. Ол үшін табиғатты қорғау ортасында киікті жануарлардың аңшылық түрлерінің тізбесінен алып тастау және оны санын реттеуді талап ететін жануарларға жатқызу мәселесі шешілді. Яғни, жүйрік жануарды атуға аңшылық лицензия алуға рұқсат берілмейтін болды, тыйымдар салынды. Нәтижесінде, биыл Орал популяциясында 801 мың, Үстіртте 28 мың, Бетпақдалада 489 мың киік өріп жүр.
– Жалпы, дамыған елдерде осы жануарлардың популяциясын реттеуде аңшылықтан бөлек жануардың табиғи жауын пайдалану әдісі қолданылады, яғни жабайы тұяқтылардың санын реттеуде қасқыр сияқты жыртқыштарды қолданады. Мәселен, Қазақстанда қасқырлардың саны әлдеқайда төмендеп кеткен. Олар көп кезде киік секілді тұяқтылар өздігінен табиғи жолмен реттеліп отырған. Қазір қасқырлардың көбін атып тастағандықтан, есесіне тұяқтылар саны артқан. Бұл экожүйедегі ауытқудың салдарынан. Сондықтан дамыған мемлекеттердегідей, біздің елде де табиғи жауын пайдалану әдісін заң жүзінде қарастыру қажет. Алайда, бізде мемлекеттік деңгейде жануарлардың әртүрлі түрін реттеуде аңшылық әдісі ғана бар, – дейді «Тәжірибешіл экологтар» қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова.
Киіктің киесі
Бірде ауылдағы ағайынның жиынында қаба сақалды қария киіктің киесі туралы басынан өткерген болған жайды айтып берді. Өзі де біраз ауырып, содан бас көтеріп отырған шағы еді.
«Ертеректе совхозда жұмыс істеп, егін егетінбіз. Бригадамыз бар. Таңның атысы, кештің батысы егістік басындамыз. Ал кей күндері жұмыстан ерте келетініміз бар. Сондай күндердің бірінде бригададағы бір жігіт көлігімен үйге келді. «Біз жаққа қарай киіктер ауыпты. Тез қамданып, бұйырғанын алайық» деді асығыс сөйлеп. «Киіктің киесі ұрады» дегенді естіп өссек те оған мән бермей, жолға шығып кеттік. Жанымызға бригададағы 4-5 жігіт те жиналды. Содан егістіктен әрі асып, сайын далаға қарай жүйткіп келеміз. Іздегеніміз – сайғақтар.
Бұл жаққа қарай бөкендер көп келе бермейді. Арагідік келгенде бұйырғанын алып қалуды көздеп келеміз. Ел шетінен ұзақ жүрдік. Түс ауа шығып едік, уақыт та біраз тұсқа таяп қалған. Бір уақытта күннің шапағымен шағылысып, жүйткіп бара жатқан киіктер көрінді. Бәріміз «Әні кетті» деп дабырласа, қарумызды сайлай бастадық. Шопыр жігітке «Алдын орағытып, тақырға қарай ығыстыр» деп айқайлап келеміз. Саяқты текесі бастап кетіп бара жатқанын көзім шалды. Содан шопырымыз қара жолды кескілей, бөкендерді тақырға қарай тықсыра бастады. Жануардың жүйріктігін сол кезде көрдім. Жүйткіген көліктің өзіне жеткізе бермейді екен. Шопыр жігітке «Жүріңкіре» дей отырып, саяқтарға жақындай бергенде киіктің біреуін көздеп аттық. Омақаса құлады. Қалғандарын да атып алу үшін тоқтаған жоқпыз. Алдындағы теке әккі екен, күн ұясына батар шақта күнге қарсы қашып, бәріміздің көзіміз шағылысты. Бір кезде алдымыздағы киіктер көрінбей қалды. Шопыр жігіт те «Абайлаңдар» дегенше болған жоқ, аңқасы кеуіп қалған су арнасына көлікпен сүңгідік те кеттік. Бәріміз біраз уақыт есімізді жия алмадық. Бірақ дін аманбыз. Көліктің біраз жеріне зақым келгенімен, жүруге жарамды болды. Содан әупірімдеп, атып алған киігімізді алып, ауылға жеткеніміз бар. Сол киікті атқаннан кейін барлығымыз оңбадық. Біріміздің көзі көрмей қалды, біріміз – ақсақ, енді біріміз айықпас дертке шалдықтық. «Киіктің киесі» дегенді содан кейін түсіндік. Бірақ бәрі кеш еді. Бүгінде сол сапарға шыққандардың барлығы марқұм болды. Мен ғана қалдым. Менің де жағдайым мәз емес» деп бір терең тыныстады қария. Сол кештен кейін арада біршама уақыт өткен соң әлгі қария да дүние салды...
Түйін. Сайын даладағы сүйкімді жануар санының көбейгені шаруаларды титықтатып отырғанын атадық. Министрліктегілер осыны «желеу» етіп, кең далаға киіктерді сыйғызбауда. «Бөкенді атып мерген өлтіргенде, Жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?» деп адуынды ақын жырлағандай, 80 мың киікті оңтайландыру керек дегенде осыны ойлады ма екен? Түптің түбінде, санын реттейміз деп жүріп киіктердің киесіне ұшырамасақ болғаны. Осыны ескерген Президент министрге сөгіс те жариялады.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ