Медициналық ұйымдар бірқатар дәрі-дәрмексіз қалуы мүмкін
Медициналық ұйымдар халыққа тегін қызмет көрсету үшін қажетті дәрі-дәрмекті сатып ала алмай жатыр. Заңнамаға сәйкес осындай сатып алуды жүзеге асыруы тиіс веб-порталдың жұмыс істемеуі себеп болып отыр, деп хабарлайды «Атамекен» ҰКП.
Осы жылдың мамырында үкімет тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі шеңберінде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алуды реттейтін қағидаларға өзгерістер қабылдады. Құжаттың жаңа редакциясында дәстүрлі тәсілмен сатып алу процедураларын өткізу мүмкіндігі толығымен алынып тасталды. Енді ауруханалар дәрі-дәрмектер «СК-Фармация» бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы сатып алынатын препараттар тізіміне енбесе де, оларды электрон тәсілмен ғана сатып алуы тиіс.
«Атамекен» ҰКП атқарушы хатшысы - басқарма мүшесі Нұрлан Сақуовтың айтуынша, сатып алуды электрон форматқа ауыстыру – қисынды әрі болжамды процесс. Алайда сатып алудың электрон платформасын толығымен жолға қоймай жатып, дәстүрлі сатып алуды алып тастау арқылы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарды да, медициналық заттар мен техниканы жеткізушілерді де тығырыққа тіреді.
«Медициналық қызметтерді көрсетуге қажетті барлық препарат пен медициналық бұйымдардың барлығы «СК-Фармация» арқылы сатыла бермейді. Ауруханалар дәрі-дәрмектің көптеген атауын іздеп, сатып алады. Қазіргі кезде порталдың дайын болмауы салдарынан өнімнің осы түрлерін сатып алу толығымен тоқтап тұр. Фармацевтикалық өнімдердің өндірушілері мен жеткізушілері порталға кіре алмай отыр. Нәтижесінде пациенттер – қатардағы қазақстандықтар зардап шегіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың мүддесін ойлауы тиіс», – деді Нұрлан Сақуов. «Ереже енгізілді, бірақ оны орындау шарттарын дайындамады. Бұл халыққа медициналық қызмет көрсетуге кедергі келтіріп отыр», – деп атап өтті ҰКП өкілі.
«СТОФАРМ» ЖШС тендерлік бөлімінің бастығы Евгения Юрченконың айтуынша, қағидалардағы жаңа нормалар тендерлік өтінім және электрондық банктік кепілдік немесе ақшалай жарна нысанындағы шартты кепілдікті қамтамасыз етуді енгізуге қатысты талапты да қамтиды. Бірақ келісімшартты қамтамасыз етуді енгізу бойынша функционалы әзірленбеген. Бұл жайт автомат түрде жеткізушіні таңдаудан айырады және ол ақшалай жарна төлеуге мәжбүр болады. жүзеге асыруға мәжбүр болады. Ал келісімшарт бойынша бұл төлем келісімшарт сомасының кемінде үш пайызын құрайды.
«Бұл жарна дәрі-дәрмек пен медциналық өнімді жеткізушілер үшін шығын әкеледі. жеткізушілерге қойылатын талап онсыз да жоғары, сондықтан кәсібін адал жүргізетін компаниялардың қатысуына кедергі. Бірақ банктік электрон кепілдік формасы да бекітілмеген», – деп түсіндірді Евгения Юрченко.
«Атамекен» ҰКП мамандары осы мәселе бойынша бизнес өкілдеріммен бірқатар кездесу өткізген. Денсаулық сақтау министрі атына портал жұмысы жолға қойылғанға дейін бұрынғы нормаларды қайтару қажеттігіне қатысты хат жолданды.