Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа әдеп кодексі- мемлекеттік қызметшілердің жаңа келбетін қалыптастырады

Жаңа әдеп кодексі- мемлекеттік қызметшілердің жаңа келбетін қалыптастырады

Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында ҚР Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді.

Мемлекеттік қызметкер қоғаммен жұмыс істейтіндіктен, әдептілік пен жауаптылық басты бағдары болуы тиіс. Қызмет орнында өзін-өзі ұстай білу, сыртқы бейнесі мен киімінің тәртіпке сай болуын қадағалау, анық әрі түсінікті, жүйелі сөйлеу білу —қызметкердің кәсіби этикалық құндылықтарына және жалпы қабылданған этикет жүйелеріне жатады.

Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметтің қоғамдағы орны, мемлекеттік қызметшілердің келбеті мен қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен мемлекеттік институттарға деген сенімін ұлғайту қажеттігі көрініс тапқан.

Яғни, жаңа редакцияда кодекстің құрылымы өзгертіліп, "Мемлекеттік қызметшінің әдептілік қағидаттары" деп аталатын тарау енгізілді. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген.

1) адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету;

2) адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас;

3) әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу;

4) ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету;

5) сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау;

6) клиентке бағдарлану – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.

Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.






Сырдария аудандық сотының бас маманы
Мендігүл Асан

01 маусым 2022 ж. 607 0