Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылқы мінезді халық

Жылқы мінезді халық

Көшпелі өмір сүрген ата-бабамыз төрт түліктің ішін­де жылқыны айрықша қастерлейді. Олай дейті­ні­міз, жау­гершілік кезеңде ат ердің қанаты болып, қиын­шы­лық­тардан алып шыққан, жігіттің түздегі се­рігі саналған. Одан бөлек жылқы төлі таза, кірпияз, су­дың тазасын ішеді, шөптің асылын ғана жейді. Сондықтан ата-бабамыз «жылқы мінезді халықпыз» деп еркіндіксүйгіш жануар қасиетін ұлт менталитетіне тікелей ұштастырып айтқан. «Астындағы жалғыз атын беретін» деген тіркес те дархан көңілді қазақты си­паттайды.

Халқымыздың өмірі жылқы малы­мен тікелей байланысты. Тіпті ер жі­гіт­терге айтылған «ат жалын тартып мінген», «ат құлағында ойнайды» деген мақтаулар биік дәрежені біл­діреді. Сондықтан құлын кезінен сүйкімді болатын төрт түліктің төресін халқымыз табиғатына сай түстеп, жасын анықтап отырған. Бұл жердегі түстеу дегеніміз – жылқының күй-қоңына байланыс­ты арнайы айдар тағу. Мәселен, Алпамыстың Байшұ­бары, Бөгенбайдың Қызылаты, Қобы­лан­дының Тайбурылы дегендей түр-түсіне қарай түстеулер қазақ тарихында көптеп кездеседі.

Жалпы жылқы түстеудің түрлері көп. Тұлпардың тұрпаты, бітімі, таби­ғаты, иесі мен мекеніне сәйкес айдар тағып, түстей береді. Атап айтқанда, ат бір түсті болса қара, қоңыр, ақ, жирен деп атай береді. Ал аралас түсті болса шұбар, көкшағыр, қараторы деп меңзейді. Одан бөлек белгі, бітіміне сай да атаулары көп. Мәселен, торы төбел, майда жал, ақжон жирен, ақ­сауыр, көк шолақ деген атаулар жыл­қының қандай екенін аңғартады. Сонымен қатар жоғарыда атаған иесі мен мекеніне байланысты Ақан серінің Құлагері, Сегізсерінің Бозжорғасы, Иса­тайдың Ақтабаны деген тіркестер біз­де көп қолданылады. Оған қоса табиғи ерекшелігіне қатысты көк дауыл, құйын қара деп атаса, мінез-құлқын бағамдап, асау күрең, үркек қасқа, жуас торы деп қоятындар да бар.

Бізде ен-таңба арқылы түстеу кең тараған. Олай дейтініміз, үйір-үйір жылқы бағатындар өз жылқыларын өзгелердікінен айыру үшін арнайы ен-таңба салады. Енді жылқының құ­лағына әртүрлі етіп салатын болған. Ал таңба күйдіріліп басылады. Еніне қарап кімнің жылқысы екені ажыратылса, таңба қай рудікі екенін біл­діреді.

Осы тұста жылқы түстеуге қатысты Абылай ханды құтқарған Көкденен туралы ел арасында тараған әңгімеге тоқталсақ. Көкдөнен – Ер Жәнібек батырдың бала кезден келе жатқан айнымас серігі екен. Ол бала кезінде нағашыларының ауылына қыдырыстап барған кезінде оны үйір жылқының ішінен таңдап, қалап алған. Аттың тектілігін тай кезінен таныған наға­шылары да Көкдөненді қанша бергі­лері келмесе де, жиеннің назына қалмайық деп амалсыздан жүгенін бала батырдың қолына ұстатады. Сол Көкдөнен жоңғарлармен бетпе-бет кел­ген шайқастарда батырдың сенімді серігіне айналып, қанжоса майданнан талай мәрте аман алып шығыпты.


1750 жыл. Қазақ-қалмақ арасында «Шорға» деген жерде жан алысып, жан беріскен алапат шайқас болады. Екі жақтан да он мыңдаған жауынгер жан тәсілім етеді. Осы шайқаста Абылай ханның аты да отқа ұшып, хан майдан даласында қара жаяу қалады. Хан атының омақата құлағанын алыстан-ақ жанары шалып үлгерген Ер Жәнібек жан-жағындағы жауды қоғаша жапыра, хан жанына жетіп келеді. Сөйтеді де, астындағы атынан секіріп түсіп, ханның алдына кесе көлдеңен тарта қояды. Ойланатын уақыт па еді, ойнақтап тұрған атқа лезде мініп үл­гірген хан батырына қарап: «Өзің жау қолында жаяу қалатын болдың ғой» дейді налып. «Мен өлсем, қазақтың екі әйелінің бірі батыр табар, сіз өл­сеңіз қалың қазақ хансыз қалар» дейді Жәнібек сол мезетте. Кейін бұл қан май­даннан хан да, оның адал текті батыры Ер Жәнібек те аман шығады. «Абылайдың өзін құтқарған Көкдөнен» деген Ер Жәнібек арғымағын аса қат­ты қадірлеген деседі. Ел ішінде «Жәнібектің Көкдөнені» деген күй де бар.


Дана халқымызда «Бестіні беті­нен сақта» деген нақыл бар. Мұ­ның астарындағы мағына басқа болға­ны­мен бестіні дегені жылқының жасын ай­қындап тұр. Иә, барлық төрт түлік се­кілді жылқы малының да жасы анықталады. Жалпы төрт тү­лік­тің төресі орта есеппен 25-30 жыл­ға дейін өмір сүреді. Десе де 20 жылға жақындаған жылқы кәрі деп есептеледі. Оларды түр-түсі, тісі, пошымына қарап, қай жаста екенін халқымыз ажыратып отырған. Және де жасына байланысты әртүрлі атаулар бар. Мәселен, жаңа туған жылқы төлі – құлын, одан кейін жабағы, екі жаста тай, үш жаста құнан, төрт жасар жылқы дөнен болады. Ал бес жасарды бесті, 7-10 жасар болса сақа ат, яғни айғыр деп атайды. Одан әрі кәрі ат саналады. Ал үш жастағы жылқының ұрғашысын байтал, 7-8 жас­­та­ғы қасабалы бие, 11-14 жастағы кәр­тамыс бие, 20 жастан асқанды жаса­ған бие дейді. Сонымен қатар 3-4 жас­тағы үйірге түспеген айғыр сәурік аталады.


Көбіне атсейістер, атбегілер жылқы жасын тісіне қарап анықтайды. Тісі бү­тін жылқы жақсы жайылады, жеген шөбін толық қорытады, қоңы таймайды, суыққа төзімді, берік келеді. Айта кететіні, жасы жеткен еркек жылқыда 40 тіс болады екен. Одан бөлек, төрт түліктің ішінде тек жылқыда ғана асты-үсті маңдай тістер бар.


Негізінен, жылқы жасын – сүт тістің сүйек тіске ауысуы, сүйек тістің мүжілуі, тісеуі, өң-түсінің өзгеруі, мұ­қалуы, мүжілуі, тіс қатарының ал­шақ­тауы, жұлар тістің мөрі, тіс мө­рінің өзгеруіне және тағы да бас­қа ерекшеліктеріне байланысты анық­тайды. Құлын туылғаннан бастап оның астыңғы және үстіңгі тістерінде мөр тұрады. Ол 9-13 жасқа дейін болып, одан кейін қараөзектенеді. Жылқы мөрі қараөзектенсе, ол кәрі ат болып саналады.


Қазіргі таңда жылқы жасын анық­тау қиын емес. Өйткені әр жылқының өзінің құжаты жасалады. Сол арқылы оның неше жаста екенін анықтауға болады. Дегенмен «Жақсы ат – жан­ға серік» дейтін жұрт жайылымда жүрген жылқы жасын құжатына қара­май-ақ танып жатады. Бұл текті халық­тың тектіліктің нышаны саналатын жануарға деген ерекше құрметі болса керек-ті.





Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
12 мамыр 2022 ж. 509 0