Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қосшыда 70 кәсіпкер жапсаржайдан айырылуы мүмкін

Қосшыда 70 кәсіпкер жапсаржайдан айырылуы мүмкін

Қосшы қаласында 70 кәсіпкер жапсаржайдан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің жергілікті кәсіпкерлермен өткізген кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осыдан 6 жылдан астам уақыт бұрын Қосшы қаласының 70 кәсіпкері «Лесная Поляна» тұрғын үй кешеніндегі бизнес нысанын ағын су мен қардан қорғау үшін жапсаржай салған. Содан бері кәсіпкерлер осы жапсаржай салынған жер телімін заңдастыра алмай келеді. Бүгінгі таңда кейбір бизнес субъектілеріне қатысты сот қосымша құрылыстарды алып тастау жөнінде шешім шығарған.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықовтың айтуынша, Қосшы қаласының әкімі қатысқан кеңесте бұл мәселе көтерілген. Сот орындаушылары кәсіпкерлерге жер телімін рәсімдеуге уақыт беріпті. Олар жергілікті атқарушы органдар арқылы жер учаскелерін ресімдеуі керек еді. Алайда, процес түрлі себептермен ұзаққа созылып барады.

«Бұл бір ғана адамның мәселесі емес, 70 кәсіпкерді мазалап отыр. Ал, Қосшы қаласының жергілікті атқарушы органдары нысандарды өз балансына алуға асығар емес. Әкімдік о баста дұрыс жұмыс істегенде, мұндай мәселе туындамас еді» , - дейді «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Қуанышбек Мұқаш.

Бизнес-омбудсмен мәселені өз бақылауына алатынын айтты.

«Біз ашық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және азаматтардың сұраныстарына уақытлы жауап беруіміз керек. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшыларына апта сайын ағымдағы жағдай туралы баяндауды тапсырамын. Облыс әкімдігінен мәселені шешуге қосылуды және кәсіпкерлер рұқсат құжаттарын алуы үшін жер учаскелерін Қосшы қаласы әкімдігінің балансына беруді жеделдетуді сұраймын» , - деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.









24 сәуір 2022 ж. 382 0