Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Уақытты кері айналдыру Һәм айдаһардың басын кескен Кейден

Уақытты кері айналдыру Һәм айдаһардың басын кескен Кейден

Ақырзаманда күннің батыстан шығып, көктен Иса түсіп, жерден Мәді шығатындығы жайында қасиетті кітаптарда айтылады. Бұл – уақыттың кері айналуы. Алла Тағала уақытты кері айналдыру мүмкіндігін адамға да берген. Әрине, бұл – қолмен емес, оймен айналдыру мүмкіндігі. Құдіреті күштінің осы нығыметін пайдаланып, біз де уақытты кері айналдырып көрейік.

***
Бекарыстан туатын Орта жүздің жеті баласының бірі Қоңырат малы мыңғырған, жаны жайлы өмір кешкен елдің егесі екен. «Алпамыс батыр» жырындағы «Жиделі Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде» деп келетін Қоңырат – осы.

Қоңыраттың жетінші ұрпағы Қараша – бүгінге дейінгі тараған зәузатына ру аты болып ауызда сақталған есім. Қараша бабаның елге тұтқа болған би, жерін жауға бермеген батыр адам болғанын осы болмыстан танимыз.
Қарашадан Кейден туады. Ұрпақ сабақтастығының өлшемі жиырма бес жыл ара қашықтығымен қарағанда да бұл бабамыздың бізден үш ғасырдан астам уақыт ілгеріде туғанын болжауға болады.
 Кейден ат мініп, найза ұстап еліне қорған болған батыр кісі екен. Мұндай кісілер халық жадынан ешуақытта өшкен емес.

Кейден батырдың айдаһармен алысып, тілінен от, тісінен у шашқан мақұлықтың басын кесіп алғаны туралы аңыз ел аузында сақталған. Жыланнан қорқатын басымыз, адамды атымен қоса жұтатын айдаһармен айқасып жатқан батырды елестеткенде жаның шошынады. Алайда, айдаһарды өлтірген Кейден батырдың өзі де қатты жарақат алып айқас болған жерде көз жұмады. Бұл жайында қазақ өлеңінің көрнекті өкілі, жаңақорғандық ақын  Адырбек Сопыбеков ағамыз шежірелі жырында бейнелеп айтқан:
…Қызарып күн батқанда,
Айдаһарды найзалап,
Қылышпен басын қаққанда.
Сорғалап қаны аққанда.
Денеге уы жайылып,
Әлсіреп бара жатқанда.
Кейден батыр сөйледі,
Жүрегі жиі соққанда:
– Тарылды үні көмейдің,
Сендерге, балам, не деймін.
Апаттан елді құтқардым,
Қапыда кеттім демеймін.
Қожамберді, Қожағым,
Қасыма ерген қос тұяқ,
Елдегі балам Тоқтауыл,
Сендерге өмір бер деймін,
Алладан соны тілеймін…

Шынында қазіргі Африка, Ніл өзені жағалауында кездесетін анаконда деп аталатын алып жыландар бір кездері Сыр бойында да болыпты.

Сол алып жылан осы өңірдің күніге малы мен жанын жұтып, халыққа зор қауіп тудырған кезде Кейден батыр атқа қонып, айдаһармен айқасқа шыққан. Бұл – өшпес ерлік үлгісі. Кейден бабаның бізден кейін өмірге келетін әлі талай ұрпағы бұл оқиғаны жыр қылып, баба аруағынан бойларына қуат алатыны ақиқат.

Кейден батыр – бүгінгі ұрпақтың он екінші атасы. Бүгінгі ұрпақ батырды мәңгі есте қалдыру ниетімен Жаңақорған ауданындағы бір ауылды
Кейден есімімен атады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
10 сәуір 2022 ж. 450 0