Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұмытылған тәубе

Ұмытылған тәубе

Қасымның үйі көл жағасына таяу еді. Әрі биіктеу төбе болатын. Жан-жағы айна қатесіз көз алдында. Қасымның өзі кей-кейде есік алдына шығып демалады. Әсіресе, көлдің мүлгіген сәтін қарайды. Бұйырған асты асқазанға қондырған соң, тісін шұқи жүріп тоқтығын басады. Тоя тамақ жеген жақсы-ақ, бірақ зияны да жоқ емес.

Көл бетіне қызықтай қарап отырған бұның ойын келіншегінің дауысы бұзды. Есіктен басын шығарған бойы бұрқырай сөйлеген.

–    Мына свет өшіп қалыпты ғой.

«Сабырсызын-ай шіркіннің. Өшкен жарық қайта жанбай ма?! Дәл қазір түс уақытында бірдеңе істейтіндей». «Светті енді мен өшіріппін бе?» деп дауласқысы келіп тұрды да, қайта айныды ойынан.

– Жанады қазір. Бір жерден ақау болған болар.
– Жанбаса, қараң қалсыншы. Мен кеттім ұйықтауға.
Қасым мырс етті. Не қылған бітпейтін ұйқы. Жаз болса түкпірдегі салқын бөлменің ішіне қойып кетеді. Содан сағат бес болғанша қыбыр еткен емес. Ауыл біткен солай. Көшеде адам болсашы. Мамыражай бәрі. Сірә, тоқшылық деген осы шығар. Заманың тыныш болмаса, шалжиып жату қайда?!

Көл бетіне қайта көз салған Қасым. Әудем жерде қызылсирақ ғана жүр. Ара-тұра тамағын іздеген шағаланың шаңқылы естіледі. Жұрт жерік асындай көретін қаз-үйрек бұл ауылдан алысырақта. Оларға да жан керек, ұрпақ керек. Мылтық дауысынан қашпай қайтсін.

Қиял кезді Қасымның басын. «Ойпыр-ай, жаңа біздікі свет өшті деп бұлқынды-ау. Сол жарығы жоқ уақыттың баласы емес пе едік?! Ол да, мен де пілтесі сығарайған шам түбінде сабақ оқыдық. Қалай ұмытамыз, әә? Адам дегенді қойсаңшы бұл…»

Тәуелсіздік алғаннан кейін алты жыл өткен. Ауыл біткен қараңғылықта қалды. Қасымның ауылы да солай. Аспалы мен пиаласы жиі сынатын шамның дәурені басталды. Керосин таппай сенделген ағайын да көп болды. Іздесе осы шамға іздейді.

Ауылдағы Нұрболаттың гаражға жарық беретін моторды қосқан кезі – сол уақыт. Онда да ол жарықтықты кешкі алтыдан түнгі 12-ге дейін гүрілдететін еді. Қызық, Қасымның өзі сол кезде бозбала жасына жетпеген. Сағат тілі 11 мен 12-нің ортасына келгенде үйдегі әбігерді көрсеңіз.

– Әй, жатыңдар енді, жыбырламай. Жарық сөнеді қазір. Апаларыңа төсек салуға көмектесіңдер, – дейтін әкесі қаттырақ дауыспен. Бұлар үдере көшіп пеш бөлмеге ағылады.

– Сбеті құрғырдың ай сайынғы пұлы кеп қапты. Ол да бақандай 300 теңге. Пенсия да кешікті. Ұн да бітуге таяу. Ертең диірменмен жүгері тартпасам болмас, шал-ау, – деп сөйлейтін апасының қоңыр дауысы  құлағында Қасымның.

Жүгері нан… Қасым көлге қарап тағы жымиды. Үйдегі қос ұл мен қыздың аузынан ақ нан кетпепті бүгінге дейін. Ал әкесінің қол диірменнен шыққан жүгері нан жегенін біле ме екен? Ай, қайдам, айтсаң сенбес.

Қайран диірмен! Жатыр әне, көне сарай ішіндегі қоқырсыған көп зат арасында. Апасының диірмені ғой бұл. Көне алашаға орап тастаған бұл қасиетті тастың бүгінде азамат болған өзін талай тойдырғанын қалай ұмытсын? Жалғыз ол емес-ау, бүтіндей бір шаңырақтың кәдесіне жараған диірмен тастың енді елеусіз бір бұрышта жатқаны тым әділетсіздік қой. Иесі кеткен соң ешкімге қажет болмаған бұның бағзы заманнан атқарған міндеті – ұн мен талқан тарту болса, жеудің жоспарын пенде шіркін артығымен орындапты. Ақ сұрлау, домалақ екі ауыр тас Қасымның бала күнгі естелігінің бір бөлігі еді.

90-шы жылдардағы тоқырау дегенді Қасым онша түсініңкіремейді. Білетіні – ұн мен қанттың өте қат кезі. Ел әлінше тырбанып жатқан уақыт. Бүгінгідей «алыстағы ағайыннан, жақындағы әкиматты» жағалайтын кейбір пысықайлардан көрі, әркім өз халінше іс қылатын. Сондай қысылтаяң уақытта да бұл ауылда қол жайған ешкім жоқ.

Қасымның есіне әкесі түскен. Диқан болды. Иығында ауыр кетпен. Ала жаздай бақша салатын. Көбіне-көп жүгері мен асқабақты мол төгетін. Одан бөлек, ала жаздай тары егіледі. Ооо,  тарының машақаты дегенің… Жерді жырту, тырмалау, себу, суғару…

Жаздай еккен егіннің арқасында апасы бұны өзге бауырлары секілді тамақтан тарықтырмапты-ау. Сөк пен жүгеріден талқан тартып, нан қылды. Одан қалды үш сиырдың құрт-ірімшігі, жаздай тілген қауынның қағы мен қазанда қайнаған қауынқұрт ешкімге мұқтаж етпепті. Кісіге кіріптар болмауды Қасым әке-шешенің еңбегінен үйренген еді. Кейде сарайдағы диірменге көзі түсетін. Апасының серігі болған дүние әлі де Қасымды қанағаттан таймауға шақыратындай.

Иә, сол уақыттағы қиындық, Тәуелсіздіктен кейінгі ел тұрмысының күйзелісте болуы Қасымның үйін де айналып өтпеген.

Қазір ше? Ел әдепкі есеңгіреуден арылды. Бүтін киім киді, бүйірі толып тамақ ішті. Қасым өз ауылын бұрынғымен салыстыра алмас бүгін. Сонау көше басындағы жер құдықтан су таситын бала жоқ мұнда. Күніне үш мәрте флягты арбаға тиеп су әкелетіні есіне келді. Қазір Үкімет үй-үйге су кіргізіп берді. Шөлдесең екі қадам бас та, ыдысыңмен сарқып іше бер.

Қызық болғанда, бұл жоғары оқу орнын бітіріп келген жылы өзінің мектебін көре алмады. Орнында еңселі үй. Екі қабатты. Бұрынғы мектебін іші қимаса да, мынадай ғимаратта оқитын ауыл балаларына қарап қызыққан. Спорт залы, оқу кабинеттері әдемі. Асханасы бар екен. Қасым оқыған мектепте ол да болмаған. Жақында ғана теледидардан Қазақ елінде апаттық жағдайдағы мектептер саны азайды деген диктор. Лайым, азайсын, мүлде болмағаны да керек. Қасымның бір тілегі сол.

Сол жылы ғой бұның ауылына жол салынғаны. Ескі автобус асфальтқа түсіп зымырағанда кедір-бұдырлы жолға үйренген ауылдастары таңғалған.

Қасым дариядан кесіп өтер көпірді өзгермейді деп ойлайтын. Өйткені, сол көпірден атасы да, әкесі де арғы беттегі Қазалыға көп қатынаған. Апасы да базарлап жиі баратын. Ізіне кейде бұны ертіп алады. Иә, ескі сықырлақ автобуспен қалқымалы көпір үстінен өтіп, аудан орталығын алғаш көргені есінде. Кәдімгі су бетіне қатарластыра он, он бес темір қайықты тізбектеген, үстіне кеселей төсеген жалпақ, қалың ағашы бар көпір. Әлсейіт деп аталатын.

Сол кезде қатты қорыққан. Есінде. Қалқымалы көпірге автобус жай еңкейе түсе берген. Бір топ әйел шу ете қалды. Екі сөзінің бірі «піссіміллә». Автобустың ішінде ғой. Көпірдің орта тұсына келе бергенде, автобустың бөксесі қисаң ете қалды. Сірә, артқы дөңгелек тайып барып түзелді-ау. «Алла» десті жаңағы топ қатын. Манағы шу енді күбірге, сыйынуға ұласты. Мұндайда шофер ғана сабырлы. Үйренген сияқты. Расында күнде өтіп жүрген көпірі ғой. Ал мына автобустағылар – айына бір базарлайтын ауыл тұрғындары.

Неге екені белгісіз, әйтеуір үлкен кемпірлер автобустан түспейтін. Кішкентай балалар да солай. Естиярлары ғана түсіп, оған салмақ салмайтын.

Екі жыл алдында мұнда тамаша көпір салынғаны белгілі. «Әлсейіт» атын иемденген баяғы өткелдің ізі халық санасында осылай қалды. Жаңа көпір әлі солай аталып тұр.

Айтпақшы, жаңа темір-бетонды көпір ашылғанда осындағы жұрттың қуанышы екі еселенген. Қуанбай қайтсін, талай жыл бойы азабын тартса. Жалғыз Қазалының бес ауылы емес, көрші Арал ауданының Қаратерең, Жаңақұрылыс, Қызылжар, Шөмішкөл, Ақшатау сияқты елдер осы Әлсейіт арқылы Қазалы, одан әрі облысқа шығып жүр…
Есік сықыр етті.
– Әй, сен әлі отырмысың?
Үй көлеңкесіндегі Қасымның ойын тағы да келіншегі бұзды. «Свет жаныпты, шәй ішейік» деген жарының соңынан ере берген.

Шәй үстінде теледидар қосылды. Дәмді бәлішпен бірге қою шайды ұрттай берген Қасым облыстық телеарна жаңалықтарына құлақ түрді. «Биыл Арал ауданына қарасты Абай, Тоқабай, Ақбасты ауылдарын «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына қосу жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Жобалардың қаржысы ауқымды болғандықтан бұл жұмыс кезең-кезеңімен атқарылады». Осылай деген бейтаныс басшының сұхбатын басын көтере тыңдаған.

Шай жиналысымен  бір сәт көз шырымын алғысы келіп еді. Әлгі алыс ауылдарға таза су апару жайлы ой қайта мазалады. «Ақбастылық ағайынға жақсы болған екен. Аралдың бір қолтығында, орталықтан 200 шақырым қашықтағы ауылға таза су апарғаны шын қуаныш емес пе бізге. Тәуба. Тәубаны ұмытпасақ екен. Лайым, қазақтың қуанышы бітпесінші».

Осы оймен жатып Қасым да қор ете қалған. Бірақ өзі Тәуелсіздік алғалы аяғынан нық тұрған бүгінгі Қазақстанға тілек тілегенін білген де жоқ.

Ержан ҚОЖАСОВ,
30 желтоқсан 2021 ж. 220 0