Аманкелді ҚИЯС, «Egemen Qazaqstan» газеті жауапты хатшысының орынбасары: Мен үшін журналистика – өмір
Қазақ баспасөзінің дамуына Сыр перзенттері айқын қолтаңбасын қалдыра білген. Ақпарат айдынында өзіндік орны бар «Egemen Qazaqstan» газеті бүгінде журналистика саласының майталман мамандар дайындайтын шеберханаға айналғаны хақ. Қарымды қаламгерлер тағылымын алып, бас басылымда еңбек етіп келе жатқан «Ақпарат саласының үздігі» Аманкелді Қиясты жерлестері жақсы біледі. Ерке Есілдің бойында «Туған жер – тұғырың» деп жүрген сырдың түлегімен «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары бойынша сұхбаттасқан едік.
– Аманкелді Алдоңғарұлы, еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде еңбек етіп келесіз. Қазіргі уақытта журналистика саласының даму деңгейін қаншалықты бағалайсыз?
– Қазақ баспасөзінің қарашаңырағында қызмет қылғанды қалам ұстаған қай қазақ баласы қиялдамас дейсіз?! Аллаға шүкір, біздің басымызға сол бақыт бұйырған екен. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Egemen Qazaqstan» – еліміздің Бас басылымы» деп бағасын берген ата газетке ауысқаныма алдағы жылы тоғыз жыл толады.
Енді «Қазіргі журналистикасының даму деңгейін қаншалықты бағалайсыз?» деген сауалыңызға қарай ойыссақ, сіз бен біз болып жалына жармасқан журналистика дегеніміз кей-кейде маған құйғыта шапқан жүйрік ат секілді елестейді. Уақытпен үндесіп, төрт аяғына тең тастап, шаңғытып бара жатқандары қаншама, адымы өнбей ілбіп басып келе жатқандары да жоқ емес. Бір орнында айналып, басқан ізін шиырлап, қаражат таппай қол жайып, өлмешінің күнін кешіп күнелтіп жатқандар да кезігеді. «Батыраштың балтасы» тиіп, орта жолда омақасқан «Құлагерлерді» де көз көруде. Жалпы, ақпарат аламанындағы қазіргі көріністі осылай суреттер едім. Дегенмен, анау-мынауға дес бермейтін «дижитал уақыт» қаптаған БАҚ-ты қапқа салып, аузын буып тастағандай әсер етті. Аптыққан ақыл мен именбейтін интеллектінің ақша қуған ақпарат таратушылары алдыңғы шепке шықты.
– Дәстүрлі медиа мен жаңа медианың мүмкіндіктерін саралап айтып берсеңіз. Бүгінде түрлі жанрдағы ақпараттар легі қоғам сұранысын қанағаттандырып отыр ма?
– «Әр дәуір өз батырын тудырмаушы ма еді»?! Сол айтқандай, заманына сай медиасының болуы, не қалыптасуы – заңды құбылыс. Дәстүрлі медиа өзіне жүктелген міндетті қал-қадірінше абыроймен атқарды және қазір де соған күш салумен келеді. Ол қаншалықты маңызды болды, оның бағасын оқырман өзі бере жатар. Менің айтпағым, қазіргі заманауи медиа жайында. Әрине, ІТ-технологияның ай сайын жаңарып жатқан тұсында қай медиаға да жаңамен тайталасу оңай соқпасы анық. Газетті айтпай-ақ қояйық, кезінде «көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар таратты» деп тақпақтатқан теле-радио хабарларын таратушылардың өзі де әлеуметтік желінің алдында әлсіздік танытты, интернетке бас иді. Бірақ бұл – берілу емес, бейімделу! Дәстүрлі формат өзгерістерге ден қойды. Қазір қарасаңыз, кез келген БАҚ-тың сайты бар. Біздің газетімізде де 24 сағат жұмыс істейтін интернет порталдың құрылуы – осы сөзіміздің айғағы. Осы жағынан келгенде ақпарат легі асып-төгілген мына заманда оны қораш санап, қанағаттанбау, теңіздің ортасында тұрып шөлдегенмен бірдей секілді. Суының ащы-тұщылығы, ол – екінші мәселе. Сондықтан жаңаның мүмкіндігін жоғары бағалауға тура келеді. Ал дәстүрлі медиадағыдай дәмділік, дәлдік, тереңдік жаңа медиада кейде сәл жетпей жатқандай көрінеді. «Бір жақсының бір жаманы болады» дегендей, артыңа қайырылып та қаратпайтын дәл қазіргідей ақпарат аламаны сауатсыздықты өзімен бірге сахнаға алып шықты. Қазіргі сайттарда, әлеуметтік желілерде сауатсыздық пен ұятсыздық тым белең алып тұр. Осы жағынан да дәстүрлі медианың деңгейі жоғары болу керек.
– Соңғы уақытта ақпарат саласы мамандарының мәртебесін көтеру, әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі жиі айтылып жүр. Сізді толғандыратын журналистерге қатысты негізгі мәселелер қандай?
– Ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Ақпарат саласы мамандарының мәртебесін көтеруге байланысты да соңғы жылдары біршама сәтті жұмыстар атқарылғаны сөзсіз. Мәселен, «Ақпарат туралы» заңның қабылдануы, оның қоғам талқысынан кейін қайта толықтырылуы, журналистердің түрлі одақ-бірлестік, ұйымдарының құрылуы, «Ақпарат саласының үздігі», «Ақпарат саласының ардагері» төсбелгілерінің шығуы сала қызметкерлерін айрықша ынталандырады деп ойлаймын.
Әрине, әлеумет бар жерде әлеуметтік мәселелердің де туындай беретіні басы ашық нәрсе. «Сол заманда пәлен бөлмелі үй берді» деген ағалар әңгімесін естіген сайын журналисті қазіргіге қарағанда бұрындары жақсы бағалаған сияқты ма деп ойға қаласың. Қазіргі журналистердің әлеуметтік санаты не мемлекеттік қызметке жатпайды, не жекеменшікке де келіңкіремейді. Ара-жігі әлі нақты ажыратылмаған тәрізді. Сол себептен ақпарат саласының қызметкерлері талай жақсылықтардан аузы аңқиып тысқары қалып жатыр. «Сананы тұрмыс билеген» мына нарықтық заманда, ақша шіркін алға озып, ар-ождан аяқ астында тапталған тұста мүмкіндік келгенше, жас журналистерді қолдап-қолпаштаған дұрыс-ау!
– Ғасырлық тарихы бар «Egemen Qazaqstan» газетінің құрылымдық жүйесіне тоқталып өтсеңіз. Қызметіңіз жайында тарқатып айтсаңыз.
– Соңғы жүз жылдықтың тарихын қағаз бетінде қаттап қалдырған «Egemen Qazaqstan» газеті – Алаштың небір аймаңдай азаматтары қолтаңбасын қалдырған киелі де қастерлі қарашаңырақ. Сол аралықтан бері құрылымдық жүйесінде анау айтқандай қатты өзгерістер бола қоймаған секілді. Таяуда ғана жетпіс жасын атап өткен публицист, елге танымал журналист, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов ағамыздың тұсында қызметке қабылданған едім. Бүгінде бұл басылымды – белгілі журналист, елімізге танымал тарихшы Дархан Қыдырәлі бауырымыз басқарады. Дархан Қуандықұлы бас басылымды жаңа заман талабына сай құрылымдай білді. Бүгінде журналистиканың отымен кіріп, күлімен шығатын небір аға-апаларым, замандастарым қызмет етуде. Газетке лек-легімен жас толқын келді. Сәтті өткен буын алмасу басылымды бүгінгі күнге толықтай бейімдей алды.
Мен «әу» баста бұл газетке жауапты хатшының орынбасары болып қабылданған едім. Аллаға шүкір, әлі де сол қызметтемін. Арасында жауапты хатшының да қызметін атқарып көрдік. Негізгі қызметіміз – күн сайынғы нөмір жоспарлаудан кейін газеттің электронды макет сызбасын дайындау. Содан соң материалдардың орын-орнына дұрыс қойылуын қадағалау, беттеу, әрлеу процестеріне басшылық жасау, кезекшілік тізбесін құрастырып, соны тиімді ұйымдастыра білу. Қаламақы разметкаларын әзірлеу. Одан қалды нөмірге коллаждар жасап, инфографикалар әзірлеу. Жыбырлаған жанға, шүкір, жұмыс жетіп артылады.
– Басылым тілшілері сан алуан бағытта қалам тербейді. Журналистерге айрықша талап қойылады ма?
– Ел-жұрт ойлағандай емес, «Егемен» – мүмкіндігінше еркін газет. Бұл газетке келмей тұрғанымда, мен де сондай ойда болдым. «Тілі қатаң, тым ресми газет» деп ойлайтын едім. Негізінен, біздер көп нәрсені байыбына бара бермей, сырттай бағалап жатамыз ғой. Менің де пікірімнің дәл сондай болғанына осы газетке жұмысқа алынған соң, «ішкі асханасымен» толықтай танысып шыққан соң ғана көзім жетті.
Мемлекет саясатына басымдық беретін басылым тілшілеріне кез-келген тақырыпта мақала жазуына жол ашық. Оны көзіқарақты оқырман байқап та жүрген болар. Журналистерге тілшіге қойылатын кәсіби талап қана қойылады. Одан өзге айрықша талап қою атымен жоқ. Өңірлерден көзге түсіп, «Егеменге» қызметке алынып жатқан тілшілер осы сөзіміздің куәсіндей болса керек.
– Ауданға қарасты Қалжан ахун ауылының түлегісіз. Балалық кезеңнің естеліктері жадыңызда болар бәлкім.
– Иә, мен Сырдария ауданына қарасты Қалжан ахун ауылында туып-өстім. Қияс атамыздан қалған тұяқтың бірі – Алдоңғар әкеміз бен Күлпан анамыздан тоғыз бауыр тарадық. Бәрі аман-есен өсіп-өніп, өмірдің әр саласында еңбек етуде. Сол жердегі №126 орта мектепте оқып, білім алдым. Кие қонған сол топырақтан түледік. Сол ауылдан солтүстікке қарай қанат қақтық. 1991 жылы мектепті бітірген соң Самат досымыз екеуміз «Сен қайдасың, Целиноград?» деп тартып отырдық оқуға. Дәл сол жылы сондағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түстік. Оны ойдағыдай бітірген соң, Сәкең дипломды алып, ауылға, әке-шешенің қасына аттанды, Ерлібай екеуміз әскерге кеттік. Қарағанды қаласында Отан алдындағы әскери борышымды абыроймен атқарып келіп, үйленіп, журналистикадағы жұмысымды әрі қарай жалғастырдым. Иә, расында да, жоғарыда тілге тиек еткен Ерлібай досым екеуміз студент кезімізден редакцияға жұмысқа тұрып, журналистиканы ертерек бастаған едік. «Ақшамға ақшам жоқ кезде келіппін» дейтінім сол тұс. Тілші боламын деген тәтті арман үш ұйықтасам түсіме де кірмеген еді. Мені журналистикаға сүйрелеп жүрген – әлгі мың болғыр Ерлібай досым. Қазір – «Сарбаз» газетінде орынбасарлық қызметте. Содан әртүрлі басылымдарда тілші де, жауапты хатшының орынбасары да, жауапты хатшысы да, бас редактордың орынбасары да, бас редакторы да болған кездер өтті бастан.
Балалық шақ ең бір керемет кезеңдер ғой. Таңды таңға ұрып, айта беретін қызықтар жетерлік... Әттең, сол кездердің тек қайта оралмайтындығы болмаса.
– Күні бүгінге қаламын серік еткен Амангелді отбасында қандай адам? Балаларыңыз жолыңызды қуғанды қалайсыз ба? Үйдегі отанасы қай салада қызмет етеді?
– Еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында ел қатарлы өмір сүріп жатқан қарапайым отбасылардың біріміз. Алла қосқан жұбайым – Кеңесқызы Гүлжиһан – экономика ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университеттің аға оқытушысы. Қаржы саласын өте жақсы білетін мамандардың бірі. Ошағымның орны бөлек отанасы! Балаларымның ең мейірбан анасы. Ал менің отбасында қандай адам екендігімді, өзіме қарағанда, үйдегі осы кісі біршама тәуірірек білетін сияқты.
Алланың берген үш балапанымыз бар. Олар әке жолын қуамын деп ниеттеніп жатса, еш қарсылық жоқ. Бар білгенімді үйретіп, азды-көпті тәжірибеммен бөлісуге даярмын. Қай кезде де жол көрсеткенді жөн деп санайтын қасиетім – айнымас серігім әрі көмекшім. Ал өз жүрек қалауларындағы басқа мамандықты таңдаймын деп жатса, оған да мархаббат! Жеке адамды тұлға деп танып, оған жіті мән берілген мына заманда таңдау еркіндігі әркез балалардың өздерінде қала береді деп ойлаймын.
– Туған жеріңізді қандай шығармаларға арқау еттіңіз?
– Туған жерге «ыстық маған топырағың» деп басталатын жетінші сыныптағы өлеңімнен кейін көп дүние арнамаған сияқтымын. Бұл оқырман арасында «туған жерін онша сүймейді екен» деген теріс пікір қалыптастырмаса керек. Мен өз елімді, туған жерімді өте жақсы көретін жандардың қатарынанмын. Оны білгісі келген адам, жүрегімдегі оған берілген орынмен өлшесе нетті. Дей тұрғанмен, Қалжан ахун бабамыздың 150 жылдық мерейтойында ауылдықтарға арнап «Қалжан ахун» деп аталатын ауылдың барлық ақпаратын жинаған арнайы газет шығарып, сағынысып көрісетін алтындай сыныптастарымызбен бірге тараттық. Кейін де бұл үрдіс тағы да қайталанды. Мектеп кітапханасына кітап тарту ету үрдісі де биылғы отыз жылдығымызға тұспа-тұс келді.
Оның үстіне, тағы бір негізгі себебі қазір жазуға қарағанда сызуға көбірек ден қойып кеткендігімде жатса керек қой деп ойлаймын. Осы кәсіппен де туған топырағыма арналған бірді-екілі жобаны қолға алсам ба деп ниеттеніп жүрген жәйім бар.
– Сіз үшін журналистика несімен артық және несімен қиын?
– Дәл мен үшін журналистика – өмір. Сонысымен де құнды. Сонысымен де – бағалы. Жас күнімнен жағаласқаннан кейін бе, мен бұл саланы шын жан-тәніммен жақсы көремін. Қызыққан дүниеңде қиындық болмаса керек-ті. Болғанның өзінде еңсеру еш мәселе тудыра қоймас. Ең бастысы, мамандыққа деген маздаған махаббат болса болғаны...
– Жас журналистермен оқырман жүрегінен жол табудың құпиясын бөлесісіз бе?
– Шынайы жаза білу керек сияқты. Құпиясы сол ғана ма деймін. «Жүректен шықпаса, жүректерге жетпейді» демеуші ме еді, жүрекпен жаза білу шарт. Сонда ғана сөз солғын тартпайды. Ал сөз – ол бір жатқан кие. Киелі дүниеге көркемдік қосылса, шеберлік қиюласса, нағыз шедеврлер сол кезде туса керек. Ойдағы отты сөзді тұтандыра алсаң, сол ләзім. «Адамды арман оздырар» дегендей, болашақта ел танитын танымал журналист боламын деген тілшінің түпкі арманы – көп оқу мен өзін-өзі қамшылаудан бастау алуы тиіс қой.
– Осы уақытқа қол жеткізген жетістіктеріңіз – ширек ғасырда халық үшін еткен еңбектің жемісі. Егерде журналист болмаған жағдайда өзіңізді қай мамандық иесі ретінде елестетесіз?
– Мен бір сізге қызық айтайын, бала күнгі арманым – қытай тілін үйреніп, сол елге кету болатын. Қытай да жоқ, Алматы түгілі, Қызылорда да жоқ, «Ақмоладағы ағаларыңның қасына барасыңдар» деген әке пәрменіне қарсы келе алған жоқпыз, тарттық солтүстікке. Содан жаман болғанымыз жоқ. Біз оқуға барған қала аяқ астынан астанаға айналып шыға келді. Тағдырымыз осы қаламен біте қайнасты. Алысты болжай білетін әке түйсігін айтсаңызшы... Бірақ, менің бала арманымды үлкен ұлым – Берігім орындады. Ол Қытайда білім алып, ІТ саласының маманы болып оралды.
Бала күнімде қолдан техника құрастыруға әуестігім болатын. Бұл қасиет Аллаға шүкір, екінші ұлым – Адиярыма беріліпті. Қазір ол да қолдан танк, автомат құрастыруға құмар-ақ. Баламның бүгінгі тірлігін көріп, босаған сіріңке қорабынан түрлі техника жасайтын балалық шағым есіме оралады. Ал қызым – Адинама табандылығым мен тұрақтылығым қонған секілді.
– Жерлестеріңізге айтар тілегіңіз.
– Бір жердің топырағында өсіп-өніп, сол жердің ауасын бірге жұтып келе жатқан ардақты жерлестерім – Сендер жер бетіндегі ең жақын адамдарымсыңдар! Бізді «әу» бастан Алла Тағалла бірге жаратқан. Сол үшінде өзімді бақытты сезінемін. Сіздер аман болыңыздар! Елдің жазып қойған хаты – ата-әжелеріміз, асқар таудай ата-аналарымыз, туған-туыс, бауырларымыз, сыныптас дос-жарандарымыз, көрші-көлеміміз баршаңызға Алла бақ-береке, қажымас қайрат, талмас қанат берсін! Ауыл төсінде аман-есен бас қосқанымызды Алла нәсіп етсін!
Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ