Ұйқыны қалай қалпына келтіруге болады?
Егер адам күн сайын түнгі сағат бір-екі шамасында ұйықтауды әдетке айналдырса, онда ағзада мелатонин тапшылығы туындауы мүмкін.
Егер адам ұзақ ұйықтай алмай, қиын оянатын болса, ағзасында мелатонин атты гормон жетіспеушілігі болуы мүмкін. Бірақ бұл гормонды қабылдау нақты талаптарды сақтаған жағдайда ғана көмектеседі. Бұл туралы Sputnik радиосына берген сұхбатында терапевт дәрігер, иммунолог Ирина Ярцева мәлімдеді.
Ол мелатонин адамға жылдам ұйқыға батып, мазасыз ұйықтауға көмектесетін гормон екенін айтты. Оны кейде ұйқы гормоны деп те атайды. Ирина Ярцеваның айтуынша, егер адам күн сайын түнгі сағат бір-екі шамасында ұйықтауды әдетке айналдырса, онда ағзада мелатонин тапшылығы туындауы мүмкін. Салдарынан ұйқы бұзылады.
"Мелатонин гормоны түнде ұйықтағанда ғана түзіледі. Егер адам түнде ұйықтамаса, кортизол, яғни күйзеліс гормоны түзіледі. Ол ағзаның түнде ұйықтамауы үшін қажетті зат болып табылады. Бұл ұйқы бөлініп, режимнің бұзылуына әкеп соғады. Кейде, тіпті, ұйқы қануы үшін 8 сағат жеткіліксіз болып қалады", - деп түсіндірді дәрігер.
Мелатонинді препарат немесе биологиялық белсенді қоспа ретінде қабылдау арқылы толыққанды ұйқыны қалыпқа келтіруге болады. Дәрігердің айтуныша, адам түнгі сағат 12-ден кейін ұйықтауды доғармаса, бұл препарат көмектеспейді.
"Егер сағат онда мелатонин қабылдап, он бірде ұйқыға жатса, көмектеседі. Әйтсе де ұйқыға жатардан бір сағат бұрын гаджет пен теледидар көрмеу керек. Қатты жарықтан бас тартып, жартылай қараңғы бөлмеде кітап оқу немесе музыка тыңдау сынды бірқатар ережені де сақтау қажет. Сонда ғана мелатонин ұйқыны қалыпқа келтіруге көмектеседі және адам ағзасы өздігінен мелатонин түзуге әдеттенеді", - деді Ирина Ярцева.
Дәрігердің түсіндіруінше, ұйқы режимін қалыпқа келтіру иммундық жүйеге де оң ықпал етіп, ағзаның қауіпті вирустармен күресу қабілетін арттырады.
Алайда мелатонин қабылдаудан бұрын дәрігермен кеңесу қажет. Себебі түрлі аллергиялық реакциялар туындау қаупі бар. Ярцеваның айтуынша, мелатониннің көмегімен ұйқы реттелмесе, дәрігерге барып, тексерілу қажет.