Төмпештеумен таудай білім келе ме?
Кезінде, алғаш мектеп табалдырығын аттаған шақта бізді үйдегі ата-анамыз қалай оқытты екен?! Қазіргі адамның жүйкесі тозған ба? Оқу тұрмақ, әріп пен санды енді ғана үйреніп, онысын миы қорытып үлгермей жүрген балаға әкесі мен анасы үй тапсырмасын орындауға қалай көмектеседі? Баланы төмпештегеннен білімге деген құштарлық ояна ма?
Оқырманға тастағаным мектеп жасындағы кішкентай баласының санасына айтқанын «сыйғыза» алмай дал болған көршімнің әрекетінен кейін ойымда тұрақтап қалған сұрақтар еді. Қаладағы қонысымыз көпқабатты пәтер болғандықтан үйлер бір-бірімен жапсарлас орналасады да, қабырғалас үйдегі көршілердің дауысы анық естіліп тұрады. Бір күні көрші апайдың айғайлаған дауысынан жүрегім зырқ ете қалды. Әлгінің жекіп тұрып ұрысқанына назар аудармау мүмкін емес еді. Байқасам, баласына үшке алты қосқанда тоғыз болатынын түсіндіре алмай әлек. Баланың ойын дамыту үшін мәні тоғызға тең болатын есептер үшке алтыны қос, төртке бесті қос деп түрлендіріліп берілсе керек. Әр қатарға келген сайын қалай да тоғыз шыққанынан мезі болды ма, көрші әйел «бағанадан бері не айтып отырмыз?» деп баласына айғайлай жөнелді. Қорыққан балада үн жоқ, тоғыз екенін айтуға да именіп отырған болар... Бір кезде ашуға булыққан көршіміз «Мына үш саусағыңа мына алты саусақты қос, қанша болды?» деп төпелей бастады. Жерді сабалағандай қатты шыққан дауыстан қабырғаның бергі жағында отырған менің ішім мұздап сала берді. Қасында отырған бала жылай жөнелді.
Бұл жалғыз бізбен жапсарлас тұратын отбасындағы жағдай емес, сірә. Төменгі сыныпта оқитын оқушы бар әр үйде кешкі астан соң «сабақ оқиық» дейтін ата-ана, оқығысы келмей мың сылтауды алға тартып немесе қиқарланып тұрып алатын баланың оқиғалары жиі кездесетін шығар. Себебі, кішкентай балада оқуға деген құштарлық бірден пайда болмайды. Ол үшін орта да, білім де – бәрі «жаңалық». Оны баланың миы қалай қабылдап жатыр, оған бас қатырмайтын ата-ана төмпештеп отырып үй тапсырмасын орындатады. Қызығушылық пен ынта екінші орынға ысырылып қала береді. Ынтасыз жасалған істің берекелі болуы екіталай. Ең үлкен жеңістің аз бөлігі таланттан келсе, төрттен үш бөлігі еңбек пен ынтадан екенін бізге дейін жантану ілімінің негізін салушылар дәлелдеп кеткен. Қандай жұмыс болмасын, таяқтаса, кішкентай бала тұрмақ үлкен де ол іске беттемейді. Саналы адам өзіне жағымсыз ортаға жақындамайтыны сияқты ұнамайтын іспен де айналысудан қашқақтап тұрады. Кішкентай баланың үй тапсырмасын орындауы, үйде сабақ оқуы да – үлкен өмірге дайындық. Мәселе тек сабақ оқуда емес, баланың білімге деген болашақ көзқарасы осы тұста қалыптасады. Жас өреннің келешекте ойын ашық айтатын, еркін адам болуы немесе таяқтан ғана ығатын ынжық болу үйдегі тәрбиенің, бала кездегі мида жазылған әрекеттердің әсерінен болады.
– Биыл баламды бірінші сыныпқа бердім. Алғашқыда жаңа орта, жаңа достар, бәрі жақсы сияқты еді. Бірнеше күннен кейін мұғалім үйге тапсырма бере бастағанда жағдай өзгерді. Әріп дегеннің не екенін білмейтін балаға оны үйрету өте қиын. Ойын баласы мұғалімнің айтқанын мектептен шыға бере ұмытып кетеді. Бір күн, екі күн, жүйкем шыдамады, балама төмпештеп ұрсатынды шығардым. Сабақ басталғанына бір-екі апта өткеннен соң байқадым, балам үйдегі сабақ оқитын үстеліне мүлде жақындағысы келмейді. Сабақ оқуға арналған кешкі уақыт ол үшін сондай бір қорқынышты кезең секілді. Тартыншақтайды. Содан бұлай болмайтынын дер кезінде түсіндім. Маманның көмегіне жүгіндім. «Баланы еркіне қоя бер. Міндеттеумен оның болашаққа деген сенімі мен көзқарасын өзгертесің. Оның санасында «сабақ – жаман» деген ой қалыптасып қалады. Қызықтыра біл» деген кеңес алдым. Бірнеше күннен кейін балам «апай бүгін мынадай тапсырма берді» деп сөмкесін алып қасыма өзі келетін болды, – деп аяқтады әңгімесін Айман деген танысым өзінің басынан өткен оқиғаны баян етіп.
Мектеп – білім ордасы, ұстаз – баршаның баласын оқуға, білімге үйретуші. Мектептегі білім негізгі болып есептелгенімен, бастауыш сыныптарда үйдегі ата-ананың оқуды қадағалауы, қайталатып оқытуы үлкен маңызға ие. «Қайталау – білімнің анасы» деген және бар.
Қазақ тілі білімінің негізін салушы, қазақ педагогикасын қалыптастырып, білім берудің алғашқы әдістері мен әдіснамасын құрған А.Байтұрсынұлы «Үйрену һәм үйрету ең басында қиын. Балалар оқудың басында қиналмаса, оқудан тауы шағылмай, көңілі қайтып мұқалмайды, оқуға ықыластанып, оқыған сайын қызығады» дейді. Ғалым бұны сонау ғасырда айтып кеткен. Бұл – қазіргі күні де маңызын жоймаған, тіпті маңызы арта түскен мәселе. Техника мен телефонды шемішкеше шағатын баланың кітап оқып, жазу жазуға деген ынтасы төмен болмаққа ең бастапқы білімнің алар орны ерекше. Төмпештеу мен мектепте мұғалімнен, үйде ата-анадан «құтылу» үшін ғана сабақ оқитын баланың өскенде білім-ғылыммен шаруасы болмайды, тіпті оқу деген оған қорқыныш пен жек көруді туғызуы мүмкін. Бала тәрбиесіндегі алғашқы мектеп – ата-анасы. Кемеңгер халқымыздың кемел болашағы бүгінгі ұрпақ екенін еске салсақ, әр ата-ананың санасында «мен елімнің ертеңін дайындап жатырмын» деген ой сайрап тұруы тиіс.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ