Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық салтты сақтайық

Ұлттық салтты сақтайық

93 жасқа қараған шағымда ата-бабаларымыз ұстанған әдет-ғұрыптарымен қазіргі за­ма­ны­мызда қалыптасып келе жатқан өмір салттарын салыстырамын. Осы ой кейде көңілде жыр болып та маздайды. Бүгін адамды аздыратын, тоздыратын арақтың зияны туралы жазуды жөн көрдім.

Тоқсан жаста өмір шіркін қандайды,
Қатарын іздеп, көңіл көкті шарлайды.
Неше жерден, дүр сілкініп шаттансаң да,
Жас күнгідей ештеңе де болмайды.
Тектіліктен тексіздікке бет бұрған,
Кей істерге көңіл шіркін толмайды.
Аздыратын, тоздыратын адамды,
Кейбіреулер арақ ішіп, қоймайды.
Бар тапқанды жұмсай берсең шарапқа,
Ырзық кеміп, бала-шағаң сорлайды.
Есі кіріп, азамат боп түзелсе,
Сонда ғана құт-береке орнайды.
Арақ орыс халқының ежелден өз дас­тарханына дәріптеп қойып, күн сайын сүйсініп ішетін ішімдігі екені көпке мәлім. Ал, қазақ халқы ежелден қымыз бен қымыран ішіп, денсаулығын нығайтқан. Асыл дініміз де арақты харамға жатқызып, оны ішуге қатаң тыйым салған. Осы екі ұлттың талғамындағы қолданылып жүрген ішімдіктердің парасатты адамдар үшін қайсысының пайдалы екендігін салыстырсақ, сөз жоқ, қазақ халқының ішімдік жөніндегі дәстүрлі ұстанымы жоғары тұратыны анық.

Қазақ халқының ежелгі өмір салты парасаттылықтың және діни ғұр­пымыздың талаптарына сай екендігіне қарамастан қазір де орыстарға еліктеп, құрметті қонақтарымызға жайылған дас­­тар­ханы­мызға арақ пен шараптың түр-түрін қойып ұсыну әдетке айналуда. Тойлар мен мерекелік іс-шаралар да арақ-шарапсыз өтпейтін болды. Қазақ ұлтына лайықсыз осындай жаман әдетті көріп өскен жастарымыз әуелі қызық үшін ішсе, кейін салынып ішіп, кейбіреулері маскүнемге айналып кеткенін сезінбей қалады. Мұндай халге түскен жас­тар ата-аналарын жерге қаратып, отбасының берекесін кетіріп, істеп жүрген жұмыстарынан да айырылады. Соңында азғындап, арақ ішу үшін қайыршылықты да кәсіп етеді. Ақырында кейбіреулері әбден азып-тозып, денсаулықтан айрылып, о дүниеге аттанып кете барады.

Бір жас жігіт әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін арақ ішуді үдете түсіпті. Ақыры өзі де о дүниеге аттанып, қарашаңырақ қараусыз қалған. Осындай маскүнемдікке салынудың нәтижесінде болатын қайғылы оқиғалар кейде біздің ауданымызда да бой көрсетіп қалады. Мұндай азғындық жолға түскендерге дер кезінде қол ұшын беріп, түзелуіне жәрдемдесушілер де табыла бермейді. Өз басының ғана пайдасын ойлайтын жеке кәсіпкерлер араққұмарларға мезгілсіз уа­­­қыт­та үйлерінде арақ сатады. Ал сол арақ­қа тойып алған маскүнемнің түн ор­­тасында өз үйіндегі адамдардың мазасын алатыны дүкеншінің қаперіне де кірмейді. Ауданымызда учаскелік полиция қызметкерлерінің маскүнемдікке салынып жүргендерді есепке алып, олармен қажетті жұмыстарды жүзеге асыру ісінде де кемшіліктер байқалады.

Біздер қазақтың дастарханында арақ-шараптың орнына ұлттық сусын­дарымыз, қымыз, қымыран, қатық айрандарымыздың тұрғанын жөн деп санаймыз. Той томалақтар мен мерекелік дастархандарда ер адамдармен қатар әйелдердің де арақ-шарап ішіп отырғанын көргенде іштей қатты қынжыламыз. Сонымен қатар, кейбір 70-80 жастағы қарттарымыздың да кейде қолдарына стақан ұстап, ішіп отырғанын ешкім де жақсы өнеге деп айта алмайтыны белгілі.

Қорыта айтқанда, маскүнемдік ұлттық әдет-ғұрпымызға сай келмейтінін есте сақтап, қазақпын деген әрбір азамат өзінің өткен ата-бабаларының өнегесін берік ұстанып, ұрпақтарымыздың саламатты өмір салтының рухында тәрбие алуы­­на атсалысуы тиіс.

Рақымжан қажы Әбдіхалықұлы

03 тамыз 2021 ж. 285 0