Болат Өтемұратов қоры 200 тлн теңге аударды
Болат Өтемұратов қоры Қызылорда облысының Арал ауданындағы қуаңшылықтан зардап шеккендерге 200 млн теңгеден астам қаржы бағыттайды, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі. Қаражат «Аралым-Айдын шалқарым» қоғамдық қорына беріледі, кейін олар зардап шеккен халықтың бірінші кезектегі мұқтаждықтарына бөлінеді.
Өңірде ұзаққа созылған қуаңшылықтың салдарынан малдың суға қолжетімділігі және жеммен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып тұр. Қазіргі уақытта ауданда 500-ден астам мал басының өлімі тіркелген.
Болат Өтемұратов қорынан көмек ретінде Арал ауданының 800 аз қамтылған отбасы 900 тонна құрама жем алады. Бұл жем 2021 жылғы қарашадан 2022 жылғы мамырға дейінгі кезеңге жетеді.
Мал басын сақтау және жайылымдарды суландыру үшін өңірде жаңа су ұңғымалары қажет, сондай-ақ каналдарды тазалау және су қондырғыларын жөндеу талап етіледі. Сырдария өзенінде Аманөткел елді мекені ауданында «Аспай» су құбыры қалпына келтіріледі, бұл су деңгейін көтеруге және Қамысты-Ақшатау көл жүйелерін толтыруға мүмкіндік береді, ұңғымалар бұрғыланады, оның ішінде қазіргі уақытта ауыз суы жоқ шалғай Беларан ауылдық округінде – тұрғындар 35 шақырым қашықтықта орналасқан құдықты пайдаланады.
Бұдан басқа, ауылдық округтердегі селолық тұтыну кооперативтерінің тракторлар, шөп шабатын орындар, соқалар, жем базасын дайындау үшін пресс-жинақтағыштар сатып алады. Алыс жайылымдарда мал суаруды қамтамасыз ету үшін су тасығыштар, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру үшін дизель сорғылары сатып алынады.
Қаражаттың жұмсалуын және қажетті жемнің бөлінуін бақылауды жұртшылық өкілдерінен құралған арнайы комиссия жүзеге асыратын болады.