Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құлаққаптың зияны туралы білесіз бе?

Құлаққаптың зияны туралы білесіз бе?

Құлаққаппен әуен тыңдағанды бәрі ұнатады. Сөзсіз заманауи өнертабыс. Құлаққап тағып сүйікті әуенді тоқтаусыз тыңдауға болады. Әрі біреуге кедергі келтірмейсің. Әуенмен жалғыз қалуға мүмкіндік бар. Алайда әуенді үнемі құлаққаппен тыңдау құлаққа зиян екенін білесіз бе? Бұл жайында massaget.kz жазады.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл құлақ естімеу, құлақ кемістігі сынды дертке әкеледі. Әсіресе құлаққаппен әуенді жиі тыңдайтын, көбіне даңғырлатып қойып әуен тыңдайтын балалар мен жасөспірімдердің құлақ ауруы ерте басталуы мүмкін.  

АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулығында дыбыс пен әуеннің дауысы 70 децибелден аспағаны жөн деп кеңес берілген. Яғни әуенді бұдан артық дауыспен тыңдауға болмайды.

Ал құлаққап шығаратын дауыстың деңгейі 70 децибелден асып кетеді. Барабан дыбысының дыңғарымен бірдей. Бұл адам құлағына зиян.

Құлақтың ортаңғы бөлігінде сырттан келген дыбысты азайтып не көбейтіп, реттеп отыратын бұлшықет бар. Егер сырттағы дыбыс әлсіз болса, оны құлақ естіп, ми қабылдау үшін зорайтып, қатты дыбысты, құлақ зардап шекпес үшін азайтып отырады.

Ал құлаққаппен әуен мен дыбысты жиі тыңдау осы бұлшықетті шаршатып жібереді. Содан құлақты қатты дыбыстан қорғай алмай қалады да, құлақ ауруы басталады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 12-35 жас аралығындағы әлем халқының 50 пайызы құлақ ауруына шалдыққан. Оған себеп – тарс-тұрс әуен мен даңғырлақ дыбыс.

Мамандардың айтуынша, бұл – ауқымды мәселе. Өйткені құлағы кеміс адамның қартаюы да қатар жүреді. Яғни құлағы естімеген сайын, мидың ақпарат қорытуы мен ойлау жүйесі нашарлап, мұндай адам ерте деменцияға ұшырайды. Қартаюы күшейеді. Бұған көбі мән бермейді. Өйткені құлағы ауырған не құлағының естуі нашарлаған адам бұл табиғи нәрсе не жас келе пайда болатын кемшілік деп ойлап жүре береді.

Ғалымдардың есебінше, қазіргі 40 жастағы адамдардың құлақ естуі бұрынғы 70-80 жастағы қарттардың құлақ естуімен бірдей.

Құлағы ерте жастан нашарлаған адамның картаюы да ерте басталады.

Адамның құлағы уақыт келе емес, аяқ астынан бұзылуы да мүмкін. Яғни, құлаққаппен күнде тыңдап жүрсем ғана құлағым кемиді десеңіз, қателесесіз. Құлаққа келген зиян жинала-жинала, бір мезетте ушығып кетуі мүмкін.

Ал құлақты аман сақтаймын десеңіз мына кеңесті есте ұстаңыз:

Айналадағы шу мен дыбысты 70 децибелден асырмаңыз;

Шулы жерде жүрсеңіз, құлақты бітеп алыңыз;

Құлақ сыр берсе, бірден дәрігерге қаралған жөн;

Дәрігерге жиі-жиі қаралып тұрыңыз.
01 шілде 2021 ж. 764 0