Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аударыспақтан алдыңғы орындағы қызылордалық спортшы

Аударыспақтан алдыңғы орындағы қызылордалық спортшы

Қызылорда облысында аударыспақ спортынан алдыңғы лектен көрініп жүрген жастар аз емес. Солардың бірі – Жасұлан Жәлімбетов Жаңақорған ауданы, Қыркеңсе ауылында тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Он жасында атқа мінген ауыл баласы әуелгі уақытта көкпарға қатысқан болатын. Кейіннен құмарлығы аударыспаққа ауа түсті. Бүгінде ересектер арасындағы аударыспаққа қатысып жүрген ол ел чемпионатында бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді.

«Жылқының ақылды жануар екенін бала кезімнен сезініп өстім. Кішкентайымнан асау үйретуге құмар болдым. Беріде аударыспаққа қызығушылығым оянды. Бапкерім Қанат Абылбековтен көптеген ережесін үйрендім. Соңғы он жылдан бері түрлі жарыстарға қатысып жүрмін», - деді ол.

Елімізде аударыспақ ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында өткізіледі. Сайыскерлер салмақ бойынша таңдап алынады. Басты талап – спортшыда қайсар мінез бен күш болуы тиіс.

«Сайыстың бұл түрінде әркімнің өз әдісі бар. Мәселен, белден, білектен және аяқтан тарту әдістерін қолдана отырып, қарсыласыңды аттан аударып түсіруге назар аударылады. Сайыс барысында атпен секіріп ұруға, жалынынан ұстауға тыйым салынған. Қолды, саусақты қайыруға және беттен ұруға болмайды. Екі қолдап ердің басынан ұстауға да рұқсат жоқ. Осы ережелерді естен шығармай, аттың үстінде күш сынасу – ерлікпен тең. Ойын кезінде ат тоқтамай айналып, икеміңе ыңғай танытуы тиіс. Берілетін уақыт – 5 минут. Егер сол уақытта ештеңе шешілмесе, онда белдестіру болады. Сондықтан спортшы үшін әрбір минут маңызды», – дейді Жасұлан.

Өткен жылдарда Ақтөбеде өткен фестивальда Жасұлан үшінші орынды жеңіп алды. Сол жылы оған мектеп тарапынан ат берілді. Қазір шабандоз «Қараталмен» бірге дайындалып жүр. Ал Шымкент қаласында өткен сайыста екінші орын иеленді. Алдағы сайысқа дайындалу үшін жақын күндері Тараз қаласына жол жүрмек.

Жаңақорған ауданындағы №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жастарды ұлттық спортқа баулуға назар аударып келеді. Қазір ауданда аударыспақпен айналысатын 200-ден астам спортшы бар.
23 наурыз 2021 ж. 279 0