Жүрекке жүк артпаңыз
Адам кеудесіндегі жұдырықтай жүректің қызметіне тең келер нәрсе жоқ. Оны «адам ағзасының моторы» деп текке айтпаса керек. Бірақ қазір жүрек дерті жас талғамайтын аурудың бірі болып тұр. Бүгінде «жүрегі тоқтап қалыпты», «жүрегі ауырады» деген сөздерді жасамыс емес, уыздай жастарға да қаратып айтылатынын көп еститін болдық.
Дәрігерлердің айтуынша, елде жүрек және қан тамырлары аурулары өлімге душар ететін қауіпті дерттердің тізімінде көш бастап тұр. Кардиохирург мамандар «Халықтың тамақтану тәртібі дұрыс емес, жұрттың көбі жүрек және қан тамыры ауруларынан сақтану жолдарын әлі күнге дейін білмейді» дейді. Жүрек аурулары дұрыс тамақтанбаудан, семіздік пен көп күйзелістен, уайым мен алаңдаушылықтан, ішімдік пен темекіден пайда болады. Тұзды, майлы, жартылай дайындалған тағамдарды көп тұтынудың кесірінен қан тамырларына холестерин толып, қан жүретін жолдарды бітеп тастайды. Соның кесірінен жүрек қанды айналдыра алмай, өзіне салмақ түсіреді. Бұл бір күнде пайда болатын дерт емес. Жүрек ауруының белгілері біртіндеп белгілі бола бастайды. Жүрек қуысы ауырып, жайсыздық орнайды. Кейде шымшып, тартып ауырады. Дене тез ұйыйды. Бет-әлпетке қан бармай, жансыздануы, дем жетпей, бас айналуы жиілейді. Алғашқы белгілері көріне бастағанда-ақ дәрігерге келіп, тексеріліп, диагнозын анықтап, емделу қажет екенін мамандар жиі айтуда. Қазіргі таңда жастар арасында бұл дерт дендеп барады. Жүрек-қан тамырлары ауруының көбеюіне фаст-фуд тағамдарын шамадан тыс қолдану да себеп болып отыр. Бұрын миокард инфарктісі 50-ден асқан адамдарда кездессе, соңғы кездері 25-30 жастағы жастар да аталған ауруға шалдығуда.
Аудандық емхананың кардиолог-дәрігері Гүлзат Тыныштықбаева: «Көбінесе жастар асқазанына шағымданып, «гастрит» пайда болды деп ойлайды. Ал тексеріс кезінде олардан жүрек ауруы анықталады. Сол себепті біз барлық науқасқа міндетті түрде жылына 1 рет медициналық тексерістен өтуге кеңес береміз» дейді.
Жүрек-қан тамырлары ауруының пайда болуына себеп болатын қағидаларды есте ұстағанда ғана, жүрекке жүк түспейді. Жұдырықтай жүректі ауыртпай, күйзелiспен ағзаның қан тамырына салмақ салмағанда адам жүрегiнiң ұзақ уақытқа дейiн тоқтамай соғуына мүмкiндiгi бар.
Майя ҚОЖАБАЙ