Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қойдың сүті – қорғасын

Қойдың сүті – қорғасын

Жаз жайлауда, қыс қыстауда мал баққан ата-бабамыз төрт-түліктің қадір-қасиетін жақсы білген. Әсіресе, малдың ішінде жылқы мен қойға аса мән беріп, оның тұқымын көбейтуге және асылдандыруға ден қойған. Жалпы, қой шаруашылығы қазақ халқының ата кәсібінің бірі болған. Бүгінгі заманда қой өсіруді кәсіпке айналдырып, оның терісінен, жүнінен пайда табу – көзін тапқандар үшін таптырмас кіріс көзі.

Осыдан ширек ғасырдан аса уақыт бұрын ауылда тұратын көкем қолына ақ таяғын алып, шопан болғаны есімде. Таңертеңнен алдына отар-отар қойын салып, өріске кететін нағашым қой бағудың машақатын көп айтатын. Жарықтық, момақан қойдың жуастығын сөзбен айтып жеткізудің өзі әсерлі болатын. «Қой момақан, түз бөрісі оның жанын алып жатса да бір дыбыс шығармайтынына қайран қаласың» деп айтушы еді. Өсіп-өнуге бейім төлден алынатын өнімнің өте пайдалы екенін айтып, еті мен сүтін азық етіп, жүнінен арқан-жіп есіп, киіз үйдің жабуын, түрлі алаша, төсеніш жасап, қажетке жаратқан.

Ауылдағы ақ жаулықты әжелер қой сүтінен түрлі тағамдар дайындайтын. Оның сүті сиыр сүтіне қарағанда құнарлы әрі майлы болады дейтін. Сондықтан да қой сүтін – қорғасын деп санаған. Ал қойдың майы нағыз дәрі десе болады. Оны түрлі ауруларға пайдаланған. Қазірдің өзінде балалар сырқаттанып қалса, қойдың майымен сылап, ем-дом жасайды. Мұны ескіден келе жатқан халықтық ем деп қабылдап, оның зор пайдасын көріп білгендіктен үйде үнемі құйрық майдың болғанын қадағалап отырады.

– Құйрық май жөтелді басып, қақы­рықты босатады. Сондай-ақ, жас нәрес­тені суықтап қалмауы үшін қой майымен сылайды. Тұмау тигенде алақанды, табанды, көкіректі қойдың жылы майымен сыласа, ем болады. Пайдасы зор құйрық майдың басқа да тұрмыста қолданатын қасиеті мол. Кез келген дәріңді алмастырып, ауруды басады, – дейді көпті көрген әжеміз.

Соңғы жылдары қой өсіру елімізде қарқын ала бастады. Әсіресе, мал шаруашылығының бір саласы ретінде дамытып, ата кәсіпті қолға алып жатқандар көп. Мұны халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде күнкөріс көзі деп айтуға әбден болады. Киелі түліктің пірі саналатын Шопан атадан «Мал берсең қой бер» деп тілеген. Қасиетті үш байлықтың қатарына он саулықты қатыстырып, мәнін тереңнен ұққан. Жыл санауда сегізінші болып жайғасқан киелі түліктің қадірін түсінген. Қойдың иесі шопанға құрметпен қарап, оның еңбегін бағалаған.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
24 қараша 2020 ж. 998 0