Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОЙДЫҢ СҮТІ – ҚОРҒАСЫН, ЕШКІНІҢ СҮТІ ЕМ

ҚОЙДЫҢ СҮТІ – ҚОРҒАСЫН, ЕШКІНІҢ СҮТІ ЕМ

Таңертең жұмысқа келе жатып, сыныптасымды жолықтырған болатынмын. Әңгімелесе келе көрші үйге бара жатқанын айтты. Мұндағы себеп кішкентай екі бөпесіне ешкінің сүтін алып береді екен. Қалжаннан күн сайын балаларыма ешкі сүтін алып, қайнатып беріп жүрмін. Пайдасы зор болғандықтан үзбей алуға тырысамыз, – дейді бір жағынан жеңгем.
Иә, ешкі сүтінен артық балаға қандай құнарлы тағамды табарсыз, шіркін? Бұрындары ата-бабамыз алғаш ешкі бағуға машықтанғанда көл-көсір пайдасын білгендіктен болар. Нағыз емдік қасиетін ұғынған олар мал басын көбейтіп, берекесін арттырған. Қыр басында қамшы ұстаған бала азанымен ауыл малын алдына салып, жайылымға шығарады. Көкте еркін жайылған ешкі малының бойына жердегі құнарлы дәрумен атаулының барлығы сіңеді. «Қойдың сүті — қорғасын, ешкі сүті — ем» деп келген ұлы дала халқы адам ағзасына пайдалы екендігін ерекше атап өткен. Ешкі сүтін бұрын әжелеріміз немересіне ішкізер алдында үнемі тоқсан тоғыз дертке ем екендігін айтқан. «Сексек атаның» шапағатын көрген адам баласы қашанда мал шаруашылығын қолға алғанда алдымен ешкі жинауды бастаған деседі. Бар болғаны он екі жыл өмір сүретін ешкінің адамға санаулы ғұмырында денсаулығына деген айрықша кепілдік беретіні керемет. Жалпы дәстүр сабақтастығы жаңғырған тұста қашанда ата кәсіпті дамыту алдыңғы орынға шығады. Бейнеті мен еңбегі қатар жүретін, мал бағудың қыр-сырын қазақ халқы ұрпағының жадына сіңіріп, дала династиясының өзіндік заңына икемдеген. Сондықтан болар қаймағы бұзылмаған ауыл халқы ата кәсіп жолында аянбай тер төгіп, табысын еселеген.
Бағана жеңгем екеуміздің әңгімемізге арқау болған Қалжан есімді жігіт үй шаруасына мығым жігіт. Бала күніне әкесіне еріп, еңбек майданында шынықты. Кейде әкесі Сағатбай көкем: – Барлығы Қалжанның еңбегі. Үнемі тыным таппай жылқы бағып, ешкісін жайылымға шығарады. Өзінің табысын еселеп, үйге кіріс көзін кіргізуге бейім. Анасы өмірден өткеннен бері үйдің барлық жұмысы осыған жүктелген. Өйткені, екі бауыры басқа қалада тұрады, – деп отырады. Шындығында еңбекқор Қалжан көшенің арғы бетінен екі шелегін ұстаған күйі су тасып, төрт мезгіл малын суғарады. Көпшілік ықыласына бөленген ол кейде саумалын да жұртшылыққа ұсынады.
Ешкі сүтінің құрамында А, С, В, Д, Е дәруменінің қайнар көзі жеткілікті болғандықтан адам ағзасына ерекше тигізер пайдасы мол. Бұл ретте сүтте микро және макро элемент қорының көпшілігі кездесетінін айта кеткен жөн. Адам денсаулығына бірден-бір шипа саналатын ешкі сүтін көпшілік аллергияға қарсы, ағзаны қалпына келтіруге, сүйекті қатайтуға, ішек дисбактериозы болған жағдайда, асқазан және ішек ауруы туындаған кезде, диатез дертінде, ұйқы безінің қабынуында қант диабеті дертіне, жүкті анамен емізулі анаға, артық салмақтан арылу кезінде косметология бойынша, жүрек ауруына байланысты тұтынады.
Ешкі малы мен жасына қарай лақ – алты айға дейінгі ешкінің төлі, шыбыш – ерте туған ұрғашы лақтың бір жастан асқаны, шыбышша – бір жастан бір-екі ай кішілігі бар ұрғашы лақ, теке – туғанына алты ай болған лақтың тарттырылмай қалғаны, серкешік – еркек ешкінің бір жастан асқанда тарттырылған еркек лақтың бір жастан асқаны туша – екі жастан асып барып лақтаған ешкі, сақа ешкі – лақтап жүрген ірі ешкі. ту ешкі – ешкінің текеден бір-екі жыл қашпай немесе қашып кетсе де буаз болмай, қысыр қалғаны. серке – ешкінің тарттырылған еркегі, жасына қарай құнан, серке, дөнен деп аталады, азбан теке - алты-жеті жастағы текенің тарттырылып жіберілгені, бас серке – ені тарттырылған текенің төрт-бес жастағысы болып саналады.
P.S. Біздің кейіпкеріміз өзінің адал еңбегінің арқасында айналасындағыларға, үлкенге де шапағат сыйлап жүр. Сонымен бірге ешкі малының бүкіл қасиетін, жасына қарай қалай аталатынын да біледі. Демек, бабалардан мирас болған шаруаға икемділік, жауапкершілік өз кәсібін әрмен қарай дамытуға септігін тигізетініне біз де сенеміз. Және айналасына шуағын шашып, шапағатын тигізіп жүрген бауырымызға кәсібіңе береке берсін дегіміз келеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 маусым 2019 ж. 1 538 0