Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үсік шалған кездегі алғашқы көмек

Үсік шалған кездегі алғашқы көмек

Қыс айларында адамдарды үсік шалу оқиғалары жиілеп, үсік шалу фактілерінің өсу динамикасының жоғарылайтыны белгілі. Оған басты себеп – ауа райының қолайсыздығы мен ресми дабылдарды ескермей, адамдардың өз бетінше әрекет етуін айтуға болады. Қазіргі таңда «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының мәліметіне назар аударып, азаматтарға қауіпті табиғи құбылыстар байқалғанда алыс сапарға шықпау қажеттігін тағы да ескертеміз. Себебі, үсік шалу адамды мүгедектікке ұшыратып, тіпті өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін.

Жалпы, үсік шалу дегеніміз – бөлмеден тыс төменгі температура кезінде адамның сыртқы терісінің үсіп кетуі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, үсік шалу уақыты әсіресе қысқы кезеңінде -10, -20 С және одан да төменгі температурада орын алады. Күзгі және көктемгі кезеңінде ауада ылғалдың көп болуынан және қатты жел кезінде 0 С сәл жоғары температурада қолдың және дененің басқа да бөлігін үсік шалуы мүмкін. Дене бөліктерінің аяқ пен қолдың саусақтары, құлақ пен мұрын үсікке шалдығуға бейім келеді. Өйткені, суықтың әсерінен дененің осы бөліктеріне қан келу тежеледі де, егер дер кезінде көмек көрсетілмесе ол бөліктердің жасушалары өле бастайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, көбінесе үсік шалған адамдар қатарында ішімдік ішкен және психотроптық заттарды қолданатын адамдар болып табылады. Тар аяқ киім, қолғап, ылғал киім мен аяқ киім адамның тез үсуіне бірден-бір себеп.

Егер аяқ пен қол үсісе оларды жылы суда сабындап жуып, спиртпен сүртеміз. Аяқты жеңіл уқалаған пайдалы. Үсікке шалдыққан адамға ыстық шай немесе кофе беру керек.

Саусақтың ұштары үсісе қолыңызды жылы суға салып қызарғанша уқалаңыз. Үсікке шалдыққан қолды суық су астында ұстауға немесе қармен ысқылауға болмайды. Себебі, қардың ішіндегі кішкентай кристалдар теріні зақымдайды. Бір рет үсікке шалдыққан дене бөліктері суыққа өте сезімтал болады.

Төтенше жағдай болған жағдайда шұғыл түрде өрт сөндіру бөліміне «101», «112» немесе 21-2-00 телефонына хабарласып, жағдайды, мекен-жайын асықпай, толық айтуы тиіс.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі

21 қараша 2020 ж. 574 0