Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сары күздің салқын лебінен сақтаныңыз

Сары күздің салқын лебінен сақтаныңыз

Неге екені белгісіз, күзде көп адамның көңіл-күйі бұзылып, кейбіреу күйзеліске түсіп жатады. Осы мезгілде жасы ұлғайған адамдарда денсаулығы жиірек сыр беретіні бар. Соған байланысты ел ішінде «Күз келді дегенше, мұң келді десейші» деп айтылады.

Күзде ағзаның сыр беруінің себебі неде? Мамандардың сөзіне сенсек, күннің салқындауы, дымқылдылық, өткір жел жаздың ыстық күндеріне әбден үйренген ағзаға кері әсер етеді екен деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Сондықтан басқа мезгілдерге қарағанда күз кезінде денсаулықты ерекше күтіп, иммунитетті нығайтып отырған абзал. Ол үшін күнделікті тағам мөлшеріңізге құнарлы азық-түліктер мен сусындарды енгізсеңіз жетіп жатыр. Ал мына төмендегі кеңестер жас балаға да, ересек адамға да күзгі күйзеліске түспеуге көмектеседі.

1. Бір ай ішінде күн сайын 5-6 дана грек жаңғағын жеп тұрыңыз.
2. Шаймен бірге тәтті кәмпит орнына кепке жеміс жеген жөн.
3. Жаңа сығылған жеміс пен көкөніс шырыны иммунитетті көтеруге көмектеседі. Осымезгілде әсіресе қызылша, сәбіз және ақжелкен шырындары аса пайдалы.
4. Тазаланған бір стақан грек жаңғағын, жарты келі мүкжидек пен екі дана үлкен көк алмадан иммунитет көтеретін сусын жасауға болады. Ол үшін мүкжидекті алақанда умаждап, аздап жұмсартып алыңыз. Алманы қабығын аршымастан төртбұрыштап турайды. Бәрін араластырып, жарты стакан су және жарты келі қант қосыңыз. Енді жайлап қана жанған отқа қайнағанша қойыңыз. Осы сусынды таңертең және кешке бір ас қасықтан шаймен ішіп жүрген жан санаулы күнде иммунитетінің көтерілгенін байқайды. Ал сусынды міндетті түрде тоңазытқышта сақтаңыз.
5. Бір ай бойы женьшень спиртті тұнбасын қабылдау да күзгі қиындықтан құтқарады. Оны таңертең және кешке тамақтан жарты сағат бұрын 15-20 тамшысын сумен ішу керек.
6. Мүмкін болса иммунитетті көтеретін ванна қабылдаған жақсы. Ол үшін қарақат, итмұрын, бүрген, таңқурай, ит бүлдіргеннің жемісін немесе бұтасын бір ыдысқа салыңыз деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті.
Үстіне қайнап тұрған су құйыңыз да, 5-10 минут бұқтырып қойыңыз. Қайнатпаны елегіштен өткізіп, ваннадағы жылы суға қосып, оның үстіне 4-5 тамшы балқарағайдың немесе майқарағайдың эфирлі майын тамызыңыз. Дайын болған ваннада 10-15 минут жатыңыз.

Бұл кеңестерді мұқият орындаған адам сары күздің салқын лебінен, көңілді «тулатқан» күйзелістен аман әрі алшақ болады.
Ж. ҚАСЫМ,
«Ауырмаңыз!» газетінен алынды 
06 қыркүйек 2020 ж. 441 0