Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кондитерден мемлекеттік қызметке дейін

Кондитерден мемлекеттік қызметке дейін

Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшамда достар саны көп дей алмаймын. Себебі өмірде танымайтын, білмейтін адамдарды бұл тізімге қоспайтын ұстанымым бар. Бір күні Жеңісбек Фазылов есімді азаматтан хат келді. Күнделікті жұмыс барысында араласып жүрген ауданның тумасы ұсыныс жолдапты. Өзінің бұрынғы әріптесі «Базаркүл апам туралы жазып көрші» делінген екен. Ол кісінің жеке танымасым да бір-екі рет алдына барған едім. Бір көргенде салмақты, сабырлы һәм сыпайы жан. Ал сіз Базаркүл апайдың мемлекеттік қызметке дейін «Кондитер» мамандығын игергені жөнінде білесіз бе? Хабарыңыз болмаса біз тарқатып айтайық...

Базаркүл Құлниязованы есімі ауданға қарасты елді мекендер мен кент орталығындағы зейнеткерлерге жақсы таныс болар. Себебі соңғы он жылда ол кісі зейнерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсетіп келеді. Қызмет дегеніміз – оларға мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жәрдемақылардың жай-жапсарын құжат бойынша тексереді және оны мақұлдайды.

Қазалы ауданының тумасы Базаркүл Қошқарқызы – 1991 жылдан бері Тереңөзек кентінің тұрғыны. Осы елге келін атанғанға дейін Тараз қаласындағы кондитерлік училищені бітіріп, «Рахат» кондитерлік фабрикасында еңбек етеді. Сонда жүріп өмірлік серігін жолықтырып, танысады. Кейін тәуелсіздік алған тұста күйеуге шығып, жұбайы Қайрат Ермановпен бірге шаңырақ көтереді.

– Алғашында бөтен жерге үйренісе алмадым. Кейін енем мен атамның қолдауының, тәрбиесінің арқасында ортаға сіңісіп кеттім, ата-енеге қызмет жасадым. Келіндік міндетімді мүлтіксіз орындауға тырыстым. Атам – білім саласының ардагері. 40 жылдан аса қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған, екінші анам есеп саласында еңбек етті. Осындай үлкен әулетке келгеніме қатты қуанамын және мақтан етемін. Барығы да жолдасымның демеуінің арқасы. Ол кісі кез келген кезде мені қолдап отырды. Жұмыс істеп жүрген алғашқы жылдары үйге кеш келетінмін. Қазіргідей мүмкіндік, жаңа техника, заманауи компьютер жоқ. Барлық құжатты қолмен жазып, рәсімдейміз. Сол кезде отбасым маған үлкен демеу беріп, шыдамды болуға үйретті, – дейді кейіпкеріміз.

Базаркүл Қошқарқызының алғаш игерген мамандығы тәтті дайындау болса, кейінгісі экономика, бухгалтерлік есеп және аудит саласы. Екінші мамандығы бойынша алғашқы еңбек жолын 2008 жылы зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының аудандық бөлімшесінде маман қызметінен бастаған. Кейін бұл мекеме атауы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік коорпарициясы болып қайта өзгерді. Бүгінде сол бөлімде жетекші маман болып еңбек етуде. Аталған мекеме ауданның 5 ауылдық округі бойынша зейнетақы және жәрдемақы алушыларға сапалы қызмет көрсетеді.

– Жұмысына ынталы, жігерлі, тапсырмаларды нақты орындайды. Апайдың бойынан қызметіне адалдықты байқаймыз. Оның үстіне әріптес апамыз жастарға үнемі өмірден түйгенін айтып отырады. Биязылығы мен сабырлы мінезі көпке үлгі, – дейді әріптестері.

Қызметте абыройлы, отбасында үлгілі келін, аяулы ана атанған жан дүниеге екі перзент алып келген. Тұңғышы Інжу жоғарғы оқу орнын бітірген соң, тұрмысқа шығып, немере сүйгізіп отыр. Ал кенже ұлы Әбілмансұр Бішкек қаласындағы медициналық университетті тәмамдап, «тіс дәрігері» мамандығын игерген.

Қажырлы еңбекке лайықты құрмет белгісіндей 2016 жылы Қызылорда облысының Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы директорының Алғыс хатымен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік саланың «Үздік қызметкері» номинациясымен марапатталды. Мұнан бөлек облыс және аудан көлеміндегі түрлі Алғыс хаттардың игері атанған.

Базаркүл Байниязова туралы материал жазарда ең алдымен ол кісінің сабырлы да салмақты мінезі анық аңғарылды. Білікті маман алдына көмек сұрап барған әрбір тұрғынды күліп қарсы алып, мәселесін шешуге асығады екен. Бұл оның мамандығына деген адалдығы және қызметіне деген жауапкершілігі деп қабылдадық. Ұжым мақтанышына айналған маманға еңбекте сәттілік тіледік.

Майя ҚОЖАБАЙ

21 маусым 2020 ж. 344 0