Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Осыдан 180 жыл бұрын құлаған метеорит

Осыдан 180 жыл бұрын құлаған метеорит

Осыдан тұп-тура 180 жыл бұрын Аягөз өңіріне меторит түскенін біреу білсе, біреу білмес. Құлаған жеріне орай Қарақол аталған сол метеорит жайлы деректер де соншалықты көп емес. Десе де, Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті Өмірзақ Сұлтанов талай жыл ізденіп, бұл тылсымның байыбына барып, тереңіне үңілуге тырысқан екен. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде қандай мәліметтерге қол жеткізгенін ол ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

9 мамыр - Жеңіс күні ғана емес. Бұл - Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз өңіріне метеорит құлаған күн. Сосын бұл бертін емес, сонау 1840 жылы болған оқиға. Орыс жазушысы, тарихшы Сергей Марков «Круг скитаний» атты мақаласында бұл метеориттің әуелі Семейге, кейіннен Петербургке жеткізілгенін жазады. Өкінішке қарай, сол уақыттан бері метеорит Қазақстанға қайта әкелінбеген.

Бүгінде Мәскеудегі В.И.Вернадский атындағы геохимия және сараптамалы химия институтының музейінде сақтаулы тұр. 10 томдық «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» басылымындағы мәліметтерге сүйенсек, метеориттің салмағы – 2,8 келі. Құрылымдық жағынан кристал хондрит түріне жатады. Әр жерінде никель тәрізді ұсақ темір түйіршіктері бар. Снарядтың басына ұқсас ерекше пішініне байланысты (қазақтың киіз үйіне де ұқсайды) сирек кездесетін метеориттер санатына жатқызылған. Ғалым Өмірзақ Сұлтанов Қарақол метеориті жайлы ұзақ жылдар ізденді. Түрлі энциклопедиялар мен кітаптарды ақтарып, ғылыми еңбектерді, әдеби шығармаларды сүзгіден өткізді. Осылайша, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты бірқатар тың деректерді де тапқан.

«Метеорит Қарақол аталғандықтан, Аягөз өңірінде кездесетін бұл қандай жер атауымен байланысты деген заңды сұрақ туады. «Қазақ совет энциклопедиясының» 6-томында Қарақол атты өзен және ауыл бар екен. Ауылдың бертінде пайда болу мүмкіндігін ескерсек, метеорит атауын өзенмен байланыстырған дұрыс секілді. Жалпы ұзындығы 184 шақырымға созылатын өзен Тарбағатай сілемдерінен бастау алып, Сағит ауылының шығысында Сасықкөлге құяды.

Бұл Талдықорған облысының шекарасынан алыс емес. Ғалымдардың пайымдауынша, осы аймақта магнит өрісінің шығыршық тәрізді құбылысы анықталған. Сондықтан метеориттің Қарақол өзенінің Талдықорған облысымен шектесетін сағасына таяу жерге, яғни ғалымдар жазып отырған тартылысы күшті аймаққа түсуі әбден мүмкін», - дейді Өмірзақ Сұлтанов. Оның айтуынша, метеориттің дәл Аягөз өңіріне құлауы кездейсоқтық емес. 1974 жылға дейін Кеңес Одағы аумағынан 146 метеорит табылыпты. «Олар мемлекет меншігі саналып, зерттеу үшін ғылыми мекемелерге берілген. Ғылым үшін метеориттердің құрамын зерттеу не үшін қажет? Оның күн жүйесі тарихының өте ерте кезеңінде болған ғаламшарлардың жасын анықтауда және сол кездегі жай-күйді зерттеуде маңызы зор.

Метеориттерді Жер денелерінің құрамымен салыстырудың да берері мол. А.И.Войцеховскийдің «Виновница земных бед» кітабындағы (Москва, «Знание», 1990) «Метеориты – скульпторы лика земли» атты мақалада ғалымдардың зерттеуі бойынша біздің ғаламшардың бет-бедері, бейнесі тек қана ақырын жүрген эволюциялық процестердің арқасында ғана емес, ғарыштан болған метеориттердің «атқылауы» нәтижесінде де түзілген деген қорытынды жасайтын деректер кездеседі», - дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті.

Ғалымның сөзінше, жерге құламас бұрын метеориттер ғаламшараралық кеңістікте ұзақ уақыт айналып ұшуы барысында сырты балқып, қара қабықшамен қапталады. Көптеген метеориттер теңіздер мен мұхиттарға, адамдар сирек тұратын жерлерге құлап, табылмай қалады.

Сондықтан да қолға түскен метеориттердің ғылым үшін құны өте жоғары. «Осыны ескерсек, Қарақол сияқты қазақ даласына түскен «аспан тастарының» ғалым- зерттеушілеріміздің назарынан тыс қалғаны өкінішті-ақ. Мүмкін бұлар туралы біздегі астрономия, геология саласында істейтін кейбір мамандар жақсы білетін де болар. Бірақ олардың қазақстандық басылымдарда жарияланбауы, оқулықтардан көрініс таппауы, суретінің еліміз туралы альбомдарда жоқтығы қынжылтады. Себебі метеорит - жай ғана тас емес, біздің өткенімізден сыр шертетін куәлік, тарихи ескерткіштеріміз емес пе?!», - дейді Өмірзақ Сұлтанов.

Ғалымның айтуынша, метеориттің құлаған күні туралы да деректер сақталған. Атап айтқанда, 1932 жылы наурыз айында жарық көрген «Сибирская советская энциклопедияның» 3-томындағы метеориттерге байланысты мақала осыған арналыпты.

Онда тек Қарақол ғана емес, қазақ даласындағы басқа да метеориттер туралы былай деп жазылған:

«С обширной территории Сибири известны следующие метеориты: Каракол. Упал в полдень 9 мая 1840 в б. Аягузском у. Семипалатинской губернии. Синоним «Киргизкая степь» Белый хондрит. Первоначальный вес - 3 кг. Гл. масса в Акад.наук . Каракол является одним из лучших экз. ориентированных М. с идеально развитой конусовидной формой. Ямышева. Найден в 1885 у д. Ямышевой б. Павлодарского у.Сем-ской губ; синонимы: «Павлодар», «Семипалатинск». Палассит. Первонач. вес 4,5 кг. Гл. масса находилась в коллекции проф. Ю.Симашко: мелкие части рассеяны по союзным и заграничным музеям. Биштюбе. Найден в 1888 в урочище Биштюбе, близ Николаевского поселка Тургайской области. Синонимы: «Николаев» «Тургай». Крупноструктур­ный октаэдрит. Никеля 6,48%. Первонач. вес трех экз. 48,25 кг. Гл.масса – в Горном музее. Мамра. Упал 15 мая 1927 у колодца Мамра в урочище Мамырдын-крык на границе б. Чимбайского и Кзыл-Ордынского у.у. (Казахстан). Разбит жителями и разошелся по рукам. Хондрит. В Академии Наук осколок весом 58,8г. Тарбагатай. Неустановленной даты каменный М. весом в 101 г. В Акад. Наук» (440-441 беттер)».

09 мамыр 2020 ж. 558 0