ТЖ-ға байланысты көктемгі әскерге шақыру тоқтатылады
Елімізде COVID-19 пандемиясына байланысты енегізілген ТЖ режиміне байланысты көктемгі әскерге шақыру тоқтатылады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Абаевтың сөзінше, Қорғаныс министрлігі көктемгі әскерге шақыруды тоқтатуымен қатар, 2019 жылы көктемде әскер қатарына шақырылған азаматтарды әскери қызметтен босатуды тоқтату туралы шешімге келген.
Еске сала кетейік, COVID-19 инфекциясына байланысты Қазақстанда 16 наурызда бастап, 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланған.
Ал еліміздің екі ірі қаласы Алматы мен Нұр-Сұлтанда вирустың таралуына жол бермес үшін 19 наурыздан бастап карантин режимі енгізілген.
Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде заңды талаптарды орындамаған азаматтар жауапкершілікке тартылады.
Мәселен санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқамаларын орындамағаны (ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі – 500 АЕК-ке дейін айыппұл) және санитариялық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзғаны үшін (ӘҚБтК-тің 425-бабы – 5 млн теңгеге дейін айыппұл) әкімшілік жауаптылық белгіленген.