Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірімді, қайырымды болып үйренейік...

Мейірімді, қайырымды болып үйренейік...

Өкінішке орай, мейірімділік пен қайырымдылық сынды қасиеттер барлық адамға тән емес. Тіпті біздің заманда оның қажеті де жоқ дегенді естиміз. Алайда бұлай дейтіндер қатты қателеседі.
Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын абзал адамдар – кез келген қоғамның негізгі тірегі. Лепірме сөз сияқты көрінсе де, мейірімділік пен қайырымдылық адамға адам болып қалуына көмектеседі. Қалаған жағдайда мұндай лайықты қасиетке кез келген адам ие бола алады. Қалай дейсіз ғой?
Мейірман және қайырымды болудың амалдары
Аздан бастаңыз. Адамдар әртүрлі. Біреулер жастайынан басқаның қайғысын бөлісуге, риясыз көмекке дайын болып өседі, ал кейбіреулер керісінше әрекет етеді. Адамның мұндай болмысына генетикалық бейімділігі, тәрбие ерекшеліктері, кімдермен жақсы араласатыны және т.б. көптеген фактор әсер етуі мүмкін. Бұйрық бойынша мейірімді және қайырымды болу мүмкін емес. Алайда мейірімсіз және енжар өзімшілдердің өзі жақсы жаққа өзгеріп, жақсылық жасауға құмар болатын кездері болады.
КСРО кезеңінде «Өмірде ерлік жасауға әрдайым жағдай табылады» деген ұран танымал болған. Бұл тұжырымды сәл өзгертіп: «Өмірде жақсылық жасауға әрдайым жағдай табылады» деуге әбден болады. Айналаңызға қараңызшы. Кез келген жерден көмегіңізге мұқтаж адамды кездестіре аласыз. Бұл кез келген адам болуы мүмкін, мысалы, қарт көршіңіз, кішкентайын өсіріп жатқан жалғызбасты ана, қиын жағдайға тап болған танысыңыз. Оларға уақытыңыз бен назарыңызды бөліңіз, көмегіңіз қажет емес пе екен, сұраңыз. Мысалы, қарт адамдарға сыртқа шығу қиын болса азық-түлігін тасып беруге болады немесе дәрісін әкеліп беріңіз. Бұл көмегіңіз болмашы болса да, ең бастысы, шынайы және шын жүректен шыққан ұсыныс болсын. Мейірімді іс жасағаныңызға өзіңіз де бір сәт риза болып қаласыз. Және, бұдан кейін де мейірімді істер легін жалғастыруға ықыласыңыз ашыла түседі.
Көмегіңіз қандай түрде білдірілетіні аса маңызды емес. Бұл:
- қолдан келген материалды көмек;
- физикалық көмек (үй жинасу, азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізу, кішкентай баланы қарай тұру және т.б.);
- кеңес айту;
- рухани қолдау;
- тегін заңгерлік кеңес және т.б. болуы мүмкін.
Қалай болғанда да, сіз басқа адамға көмектесіп қана қоймай, өзіңіз де қайырымды, мейірман бола түсесіз.
Қандайда бір қайырымдылық ұйымына хабарласып, көмекке зәру адамдар жайлы мәліметтер ала аласыз. Олар сізге қажетті байланыс ақпараттарын және нақты қандай көмек керек екенін айтады.
Сонымен қатар жетімдер үйінің балаларына да, мысалы, сыйлықтар немесе қажетті киімдер сатып алып беріп көмектесе аласыз.
Не үшін қайырымды және мейірімді болу керек?
Қайырымдылық пен мейірімділік адамға тек жақсы жағынан әсер етеді. Қоғам кілең енжар, тек өзін ойлайтын адамдардан құралса, қандай болар еді? Біреудің көмегіне сену түгілі, қай жерде қастық жасап кетер екен деп күтіп жүру қандай әсерге бөлейді? Мұндай адамдардың ортасында өмір сүргіңіз келер ме еді?
Табиғаттың «ең мықты тірі қалады» деген заңы бар. Онда (тек кейбір ерекшеліктерді ескермегенде) мейірімділікке орын жоқ. Бірақ адам түйсікпен ғана өмір сүрмейтіндіктен саналылар қатарына жатады ғой. Бір дана адам: "Өркениетті қоғамға оның балаларға және қарттарға, яғни қорғансыз адамдарға қарым-қатынасына қарап баға беруге болады" деп бекер айтпаған.
Әлсіз адамдарға, өмірлік қиын жағдайға түсіп қалғандарға көмектесе отырып, адам өзінің адамгершілік қасиеттерін көрсетеді. Ал біреулердің қайғысына ортақтасу арқылы өз өміріне басқаша қарай бастайды, құндылықтарын зерделейді. Бұрынырақта сүбелі көрінген, жанға маза бермеген мәселелер басқалардың қайғысының жанында түкке тұрғысыз болып көрінуі мүмкін.
Сондықтан мейірімді де қайырымды адамдар өз өмірін біреуге қастық ойластырып, пайда табуды көздеп, бекер өткізбеуге тырысады.
Әлбетте, мейірімді болу – өміріңді толықтай біреулерге көмектесуге арнап, өз қызығушылықтарың мен отбасыңды және т.б. ұмыту деген сөз емес. Мұндай пірәдар адамдар аз және арты жақсылыққа әкелуі екіталай.
Сонымен бірге әр нәрсенің шектен шықпағаны дұрыс. Өкінішке орай, мейірімді және қайырымды адамдарды барлық жағдайға жедел жәрдем ретінде пайдаланғысы келетіндер бар. Мұндай әрекеттерді сыпайы, бірақ қатаң түрде тыйып отырған жөн. Ерік берсеңіз, мойныңызға отырып алатындар әрдайым табылады.
20 наурыз 2020 ж. 604 0