Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Макияжсыз әдемі көрінуге болады

Макияжсыз әдемі көрінуге болады

Әйелдердің көбі макияж әдемі көрінудің жалғыз жолы деп ойлайды. Алайда сұлу көріну үшін күнде макияж жағудың қажеті жоқ. Тері демалуды қажет етеді. Макияжсыз әдемі көріну үшін күтім арқылы терінің табиғи таза қалпына  қол жеткізу керек, – деп хабарлайды massaget.kz. Ол үшін не істеуге болады?
1. Бет терісін күнде таңертең және кеше жуыңыз және тазартыңыз. Макияжсыз-ақ жақсы көріну үшін бетті күніне екі рет тазарту керек. Бұл ережені бәрі бірдей орындайды деп ойласаңыз, қателесесіз. Көпшілік бет жуатын гельмен кешке жуынады да, таңертең оны пайдаланудың қажеті жоқ деп бетін сумен шая салады. Алайда безеу сияқты тері кемшіліктерінен құтылғыңыз келсе, таңертең де бетті көбікпен жуу керек. Таңертең жуынуға жұмсақ көбік таңдаңыз. Бет терісін аптасына немесе екі аптада бір рет скрабпен тазартыңыз. Ол өлген жасушалардан арылуға көмектеседі. Әр жуынғаннан кейін тоник қолданыңыз. Ол тазарту процесін аяқтап, бетті крем жағуға дайындайды. Әрине, мұның барлығы уақытты алуы мүмкін. Бірақ ол тұрарлық іс екенін түсінесіз. Себебі сіз тері кемшіліктерін  макияжбен тек жасыра аласыз, ал тазарту процесі арқылы емдейсіз.
2. Бет терісіне арналған сапалы ылғалдандырушы құрал пайдаланыңыз. Кей әйелдер ылғалдандырушы кремдер бет терісін майлы және жылтыр ететіндіктен ұната бермейді. Бірақ тері типіне қарай дұрыс таңдалған ылғалдандырушы крем теріні майлы етпеуі керек. Тері жағдайы жақсы болуы үшін ол жақсы ылғалдандырылған болуы керек. Сондай-ақ теріні күн сәулесінен қорғау үшін міндетті түрде SPF әсері бар крем қолданыңыз. Мұндай кремді сарапшылар қыста да қолдануды ұсынады. Себебі күн сәулесі теріні қартайтады және құрғатады.
3. Дұрыс тамақтаныңыз. Кез келген диетолог өз клиентіне былай деп айтады: күнде қандай тамақ жесеңіз, ол ерте ме, кеш пе денеңіз бен теріңізге әсер етеді. Мен қанша тәтті тоқаштар жесем де салмақ қоспаймын деп ойласаңыз, ол теріңізге безеу немесе басқа да бөртпе шығаруы мүмкін екенін біліңіз. Сондықтан рационыңызға көбірек жемістер мен көкөністер және балықтар қосыңыз.
4. Су ішіңіз. Сұлулық немесе дұрыс өмір сүру салты туралы кез келген мақалада бұл кеңес жүреді. Себебі шынымен де теріні сырттай да, іштей де ылғалдандыру керек.
5. Ұйқыны қандырыңыз. Ұйқы қанбаса, тері шаршаңқы көрінеді және көздің асты ісіп немесе қарайып тұрады. Сондықтан 8 сағаттан аз ұйықтамауға тырысыңыз.
6. Ерін күтіміне мән беріңіз. Жарылған ерін әйелдің бет-әлпетін күтімсіз көрсетеді. Жарылған ерінді боясаңыз да әдемі көрінбейді. Сондықтан ерін күтіміне аса мән берген жөн. Ерінге арналған кей бальзамдардың құрамындағы химиялық қоспалар оны қайта-қайта жағу үшін ерінді құрғататын қасиетке ие. Сол үшін бальзамның орнына кокос майын қолдануға болады.

7. Қасты көп жұлмаңыз. Қасыңызды жұла бермеңіз. Оны өте жіңішке етудің қажеті жоқ. Қастың астынан алшақ шығып тұрған артық түктерді алған жеткілікті. Қазір табиғи қас пішіні сәнде екенін ұмытпаңыз. 8. Кірпік жайлы ұмытпаңыз. Күнде ұйықтарда кірпікке мақта таяқшасымен кастор майын жағып жатыңыз. Алайда қаншалықты көп болса, соншалықты жақсы деп оны көп жағудың қажеті жоқ. Әйтпесе, таңертең көзіңіз ісіп тұруы мүмкін. Біраз уақыттан соң кірпіктеріңіздің қалыңдай түскенін байқайсыз. Содан соң кірпік қайыратын арнайы құрал алыңыз. Сол кезде кірпікті үнемі тушьпен бояп жүрудің қажеті болмайды.


06 наурыз 2020 ж. 761 0