Қауіп қайдан демеңіз...
Қытай елінде коронавирустың таралғаны туралы хабар әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Желіге жүктелген видеолардан адамдардың көшеде жүріп келе жатып, аяқасты құлап қалғаны, сөйтіп ауруханаға жеткізіліп жатқаны анық көрінеді. Осыған орай ел азаматтарының амандығын ойлаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда пайда болған коронавирустың елімізде таралуының алдын алу шараларын жүргізуді жүктеді.
Президент өзінің Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында коронавирустың алдын алу мен болдырмау бағытында ресми жазба қалдырды. Жазбада «Үкіметке Қытайда пайда болған коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдау тапсырылды» делінген. Президент тапсырмасынан кейін Премьер-министр Асқар Мамин коронавирустың тарауына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөнінде кеңес өткізіп, қабылданған шаралардың тізбесін жариялады.
Кеңесте ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш.Нұрышев, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Ж.Бекшин, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің директоры Д.Ділманов, сондай-ақ Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының басшылығы орын алған жағдай мен әрекет ету шаралары туралы баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы келесі кешенді алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды:
– Мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және темір жол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту;
– ҚХР-дан келген барлық адамға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау орнату;
– Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда халыққа қажетті көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын қамтамасыз ету;
– Қытайға қызметтік іссапарларды шектеу, сондай-ақ жеке істер мен туристік мақсаттарда бармауға кеңес беру;
– ҚХР-дан келетін транзиттік жолаушыларға ҚР аумағына 72 сағаттық визасыз келу режимін уақытша тоқтату;
– «Қорғас» ШЫХО қазақстандық бөлігінің жұмысын уақытша тоқтату;
– ҚХР аумағындағы қазақстандық азаматтармен оларға консулдық және өзге де көмек көрсету мақсатында жұмысты жандандыру;
– Мемлекеттік органдар коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі іс-қимылды үйлестіру мақсатында ҚХР және басқа да мүдделі елдердің тиісті мемлекеттік құрылымдарымен қажетті өзара іс-қимылды ұйымдастыруы тиіс;
– Қажет болған жағдайда ҚХР Ухан қаласында жүрген Қазақстан студенттері мен ҚР басқа да азаматтарын шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету;
– Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаевтың төрағалық етуімен ведомствоаралық комиссия құру, оған Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Айта кету керек, елімізде коронавирусқа қатысты сұрақтар бойынша байланыс-орталығы құрылды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 1406, +7 7172 76 80 43 байланыс-орталығына азаматтар тәулік бойы хабарласып, коронавирустық инфекцияға қатысты кез келген сауалын қоя алады және алдын алу шаралары мен аурудың симптомдары жайлы білуге болады. «Бастың ауыруы, суық тию, кеуде тұсының ауырсынуы, пневмония, қалтырау, дене қызуының көтерілуі, жүрек қағысының жиілеуі, тыныс алудың жиілеуі сынды симптомдарды байқасаңыз, 103 нөмiрiне хабарласыңыз» делінген хабарламада.
Балтабай ОРДАБЕКОВ