Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік, тәтті үмітім едің сен...

Тәуелсіздік, тәтті үмітім едің сен...

Бостандығым! Тосқан күнім азалдан,
Жиырма жыл – аспан кірсіз, ажарлы ән.
Сен келгенде серпілгенмін қайғыдан,
Сен келгенде сары мұңнан тазарғам.  

Ессіздерде есем кетті қаншама,
Кездерде өтті шындық іздеп шаршаған.
Тәуелсіздік тәтті үмітім едің ғой,
Талай таңдар таңдайымда тамсаған.  

Беу, Азаттық! Болсаң бізге баянды,
Аранына кетпей тұрып аярдың.
Бодан болып көз ілгенмін кеше мен,
Бүгін таңда бостан болып ояндым.

 
Базарында мұң мен шаттық бір жүрген,
Дүрмек күннің алдамшысын кім білген?..
Желтоқсанда мұз шайнаған көкемнен,
Тамған қанға өсіп шыққан гүлмін мен.  

Жебесімін көбе бұзар түркінің,
Егесімін күллі түркі жұртының.
Назарына түспесе де дұшпанның,
Жанарыма тұнған шықты іркідім.


Буырқанса, күнді тұтып, ай жапқан,
Намысының найзағайын ойнатқан.
Ұлы көштің үзілмеген арқауы,
Қарға бойлы Қазтуғаннан – Қайратқа.  


Дастаным бар балбал тасқа қашаған,
Аспаным бар ала бұлттан босаған. 
Асылына ие болған Алаштың,
Айналайын менің алтын босағам.


Әлия Дәулетбаева


16 желтоқсан 2019 ж. 5 162 0