Елімізде кейінгі екі жылда 54 жаңа кен орны ашылды
2024-2025 жылдары Қазақстанда 54 жаңа кен орны мемлекеттік есепке алынды. Оның 40-тан астамы қатты пайдалы қазбаларға тиесілі, деп хабарлайды Кaz.inform.kz.Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы алғаш рет мемлекеттік есепке 35 кен орны енгізілген. Оның ішінде 23-і қатты пайдалы қазбалар, алтауы көмірсутек шикізаты және алтауы жерасты суларына қатысты.
2025 жылы тағы 19 жаңа кен орны есепке қойылды. Олардың 17-сі қатты пайдалы қазбаларға, біреуі көмірсутек шикізатына және біреуі жерасты суларына тиесілі.
Сонымен қатар осы кезеңде бірқатар пайдалы қазба түрлері бойынша ресурстар мен қор көлемі артқан.
Атап айтқанда:
- алтын — 157 210,6 келі;
- күміс — 9 432 тонна;
- мыс — 122,7 мың тонна;
- хром кені — 927 мың тонна;
- мырыш — 171,9 мың тонна;
- қорғасын — 114,8 мың тонна;
- темір кені — 262,2 млн тонна;
- марганец — 11,052 мың тонна;
- фосфор кені — 1,338 млн тонна;
- мұнай — 199 мың тонна;
- газ — 22 млрд текше метр;
- жерасты сулары — тәулігіне 104,148 мың текше метр.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік балансында пайдалы қазбалардың әртүрлі түрлері бойынша шамамен 10 мың кен орны бар.
Фото: Нұрболат Нұржаубай










