Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандағы орташа жалақы деңгейі қандай?

Қазақстандағы орташа жалақы деңгейі қандай?

Қазақстан ТМД елдері арасында азаматтардың орташа айлық табыс деңгейі бойынша көшбасшылар қатарына енді. Ал әлемдік рейтингте 197 елдің ішінде 77-орынға жайғасты, деп хабарлайды Egemen.kz.

CEOWORLD халықаралық онлайн-аналитикалық порталдың зерттеуіне сәйкес, еліміз ТМД елдерінің біршамасын, сондай-ақ Үндістан, Грузия, Молдова, Украина, Индонезия мен Түркия сияқты мемлекеттерді басып озған.

Аталған рейтинг есептеулерінде барлық салықтар мен міндетті төлемдер ұсталғаннан кейінгі орташа жалақы деңгейі негізге алынған.
Зерттеу нәтижесінде ең жоғары орташа айлық жалақы Швейцарияда тіркелген. Онда бұл көрсеткіш 8 218 долларды құраған. Одан кейін Люксембург пен АҚШ орналасқан.

Сондай-ақ алғашқы ондыққа Исландия, Норвегия, Дания, Канада, Ирландия, Нидерланд және Сингапур кірген.


Ал ТМД елдері ішінде бірінші орынды Ресей иеленіп, әлемдік рейтингте 32-орынға тұрақтаған. Мұнда орташа жалақы көлемі 2 266 долларды құраған. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша екінші орында тұр. Еліміздің орташа таза айлық табыс 780 доллар деңгейінде көрсетілген. Одан кейін Беларусь, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан орналасқан.

Зерттеу бойынша ең төмен орташа жалақы Палестинада тіркелген. Сондай-ақ Лесото, Ангола, Малави мен Мали, Солтүстік Корея елдерінде де табыс деңгейі төмен екені байқалған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин үш жылда елімізде бюджет саласындағы 1,2 млн азаматтың жалақысы өскендігін мәлімдеген еді. 

Фото: istockphoto.com
19 маусым 2026 ж. 42 0