Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№93 газет

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 газет

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 газет

29 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Ауылдың даму серпінін жоғары бағалады

Ауылдың даму серпінін жоғары бағалады

Жақында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сыр еліне іссапармен келді. Ең алдымен облыс әкімі Н.Нәлібаев ҚР Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитеті депутаттарын қабылдады.

Одан соң Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтіп, онда жаңартылған заңнама талаптарына сәйкес бюджет процесін іске асыру мәселелері талқыланды.

Отырысқа Парламент Се­наты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтан­бек Мәкежанов, Ұлт­тық экономика минис­тр­лігі бюджет сая­саты депар­таментінің ди­­рек­торы Гульором Мулла­баева, Қаржы минис­тр­лігі бюджеттік жоспарлау де­пар­таментінің директоры Сейіл­хан Исмағұлов қатысты.

Аймақ басшысы Президент тапсырмасында нақ­тыланған бюджет қара­жатын ұтымды жоспарлау мен тиімді игеру міндетін атап өтті.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы бюд­­жет қаржысын тиімді жос­­парлау, мақсатқа сай бөлу мен игеру жөнінде міндеттер жүктегені бел­гілі. Облыс бюджетінен әлеуметтік салаға 2023-2025 жылдары бөлінген қаражаттың мақсатты жұм­салуына жүргізілген зерделеу, бақылау шараларының нәти­жесінде 100 млрд тең­геге жуық қаржы үнем­делді. Оның ішінде білім саласынан 58 млрд 600 млн теңге, «Арт спорт» бағ­дарламасынан 13 млрд 100 млн теңге, әлеуметтік қор­ғау саласынан 8 млрд 200 млн теңге үнемделіп, бюджет қазынасында қал­ды. Жаңадан жүзеге асырылатын инвестициялық жо­­ба­­ларға құжаттама әзір­леуге демеушілер есе­бінен 7 млрд теңге бөлінді. Барлық 7 ауданда «Руханият орталықтарын» салып, бұған дейін әр жерде орналасқан мекемелерді бір орталыққа біріктірдік. Бұл ғимараттарды ұстап тұру шы­ғын­дарын қысқартуға жол ашты. Мектептерге қосымша ғимараттар салу арқылы үш ауысымдық оқу мәселесін түбегейлі шешіп, жаңа мектеп салуға қажеттіліктің алдын алдық. Осылайша, бюд­жетке түсетін салмақ азайтылып, 13 млрд 100 млн теңге оңтайландырылды» деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Сенаторлар сапары одан әрі облыстың жаңа өн­діріс орындарымен танысумен жалғасты. Өз кезе­гінде құрметті қонақтар «Қызылорда-Нан» ЖШС, «Қызылорда САЗ-М» ЖШС, кірпіш зауыты, жаңа жылу электр орталығы және жаңа ста­дионмен таныстырылды.

Келесі күні қайта жаң­ғырудан өткен «Қорқыт ата» кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткішпен танысып, «Таза Қазақстан» рес­­публикалық эко­­логия­лық ак­циясына қатысқан ҚР Парламенті Сена­ты депутат­тарының сапары Сырдария ауданына қарасты Бесарық және Нағи Ілиясов ауылдарында жалғасты. Ең алдымен Бесарық ауылындағы нысандармен, ауылдың даму барысымен танысқан құрметті қонақтар орталық алаңның абаттандыру жұмыстарына қанықты. Сондай-ақ шағын өндірістік орталық жұмысын жоғары бағалап, фри өн­діру цехының жаңа заман талабына сай екенін атап өтті. Одан әрі «Адал адам» мәдени-тәрбие ор­талығы жұ­мысымен та­ныс­қан қонақ­тар респуб­ликадағы үлгілі ауыл атанған Нағи Ілиясов ауылының даму қарқынын өте жоғары бағалады. Ауылдағы Еңбек­шілер аллеясы, орталық алаң­ның көз­тартар сұлу­лығына пікір білдіріп, мәдениет үйінің жанданған жұ­мысына куә болды. Сонымен қатар ауыл балаларын спортқа баулып келе жатқан спорт кешені жұмысымен және дәрігерлік амбулатория жұмысымен таныстырылды. Өз кезегінде ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы күтіп алып, қос ауылдың жай-күйімен таныстырды. Ал ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мем­­лекет басшысының тапсырмасына орай, осындай шағын ауылдарда ауыз толтырып айтарлық игі істердің ат­қарылып жатқанына ри­за­­­шылығын білдіріп, ауыл­дардың даму серпінін жо­ғары бағалады.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

21 қазан 2025 ж. 170 0