Қазақстанда төлқұжат пен жеке куәлік жасату құны өзгерді
Қазақстанда 1 қаңтардан бастап төлқұжат пен жеке куәлік жасату құны өсті, деп хабарлайды Кaz.inform.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан мәлім еткендей, 2025 жылдан бастап елде айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгеге өсті. Осыған байланысты мемлекеттік құжаттарды дайындау құны да көбейді.
Төлқұжат жасату құны:
– 24 парақ – 4 АЕК, яғни 15 728 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
– Қолданыстағы 36 парақ төлқұжат құны 8 АЕК яғни, 31 456 теңгеге өседі.
– 48 парақ – 12 АЕК, яғни 47 184 теңге (ересектерге) болады.
Төлқұжат өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ қазақстандықтар қосымша ақы төлеп, төлқұжатты тезірек алуына болады.
Жеке куәлік жасату құны:
Тұрғындар жеке куәлік жасату үшін 0,2 АЕК немесе 786,4 теңге төлеуі керек. Бірақ жеке куәлігін жоғалтып, бір жыл ішінде екі реттен артық жасатса, 1 АЕК немесе 3 932 теңге төлейтін болады.
Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары үшін: 1 жұмыс күнінде әзірлеп беру - 3 372 теңге, 3 жұмыс күнінде дайындап беру үшін - 1 771 теңге төлеу керек.
Облыс орталықтары үшін: 3 жұмыс күні - 3 372 теңге. 5 жұмыс күні - 1 771 теңге.
Аудандар мен облыс қалалары үшін: 7 жұмыс күні - 605,31 теңге.
Айта кетейік, «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы заңға сай, биыл 1 айлық есептік көрсеткіш (АЭК) 3932 теңге болып бекітілді. Былтыр бір АЭК 3692 теңге болған.
Фото: ҚР ІІМ