Қайтқан қаржыда қайыр бар...
Мемлекет басшысы Бас прокуратура мен тиісті құқық қорғау органдарына активтерді қайтару бойынша жұмысты үйлестіруді тапсырып, бұл міндеттің еліміз үшін маңыздылығын айтқан еді. Осы ретте жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша қандай жұмыс атқарылғаны кімді де болса қызықтыратыны анық. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Б.Асыловтың төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды.
Бас прокуратурада облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың, сондай-ақ барлық аумақтық прокурорлардың онлайн қатысуымен кеңейтілген алқа отырысы өткізілді. Алқаның басты мақсаты 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды саралау мен алдағы міндеттерді айқындау болып табылды. Бас прокурор Б.Асылов прокурорлар қадағалау функциясын орындау кезінде Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын қатаң ұстануға міндетті екенін атап өтті.
– Активтерді қайтару бойынша мемлекетке 312 млрд теңге қайтарылды. Оның 63 млрд теңгесі шетелден қайтарылған. Мұнан бөлек 50 млрд теңгені құрайтын 513 мың гектар олигополия жері тәркіленді, – деді Бас прокурор.
Б.Асылов прокуратура органдарының заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі негізгі күш-жігері халықты толғандыратын мәселелерді шешуге бағытталуы керектігін атап өтті. Бұл мақсатта атқарылған жұмыстарда нақты нәтиже бар екеніне тоқталған Бас прокурор биыл прокуратура органдары балаларды қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және ел басшылығының бақылауындағы басқа да әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша шаралар қабылдай отырып, тексерулер мен талдауларды аяқтағанын жеткізді. Сондай-ақ су тасқыны салдарын жою кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылғанын айтып, зардап шеккен тұрғандарға баспана салу жұмыстарының барысын бақылауға алынғанын хабарлады.
Еңбек қатынастары саласында прокуратура қабылдаған шаралармен 87 мың адамның құқығы қалпына келтірілді, 3 мың қызметкердің алдында 202 млн теңгеге жалақы бойынша берешек өндіріп алынды. Мемлекет басшысының инвестициялар бойынша берілген тапсырмасын іске асыру шеңберінде прокурорлар 32 трлн теңгеге 770 инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. 350 инвесторға көмек көрсетті. Олардың экономикаға қосқан үлесі 6,4 трлн теңгені құрады. «Прокурорлық сүзгі» арқылы мемлекеттік органдардың 2300 материалы өтті. Бүгінгі таңда 44 мың кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді. Оларға қатысты мемлекеттік органдардың алты мыңнан астам тыйым салу және шектеу шаралары жойылды, – деді Берік Асылов.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлардың актілері бойынша 2,5 млн адамның құқығы қалпына келтірілген. Соның негізінде бюджетке 41 млрд теңге көлемінде келтірілген залал өтелген. Сонымен қатар 167 қылмыстық іс қозғалып, 75 адам сотталған. Елдегі криминогендік ахуал да прокуратураның тұрақты бақылауында. Ел бойынша қылмыс көлемі жалпы алғанда 8%-ға төмендеген. Тергеу барысында заңдылықты қамтамасыз ету шеңберінде прокурорлар 800-ден астам азаматты қылмыстық ортаға негізсіз тартудың жолын кескенін де айтып өткеніміз жөн. Ал азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы үш еседен астам төмендеген. Прокурорлардың наразылықтары мен өтініштері бойынша 34 сотталушының жағдайы жақсарып, 2 адам ақталды. Мұнан бөлек 708 заңсыз ұсталған адам босатылған.
Ерекше айтып өтетін жайт, биыл арнайы прокурорлар бірқатар резонанстық істер бойынша тергеп-тексеруді аяқтады және оларды сотқа жіберді. Конституциялық Сотта 10 іс жүргізу бойынша құқықтық қорытындылар берілді. Конституциялық Сот Бас прокурордың 2 жолданымы бойынша оң шешім шығарды.
– Халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыс жалғастырылуда. Ағымдағы жылы Кипрмен сотталғандарды беру туралы және Катармен құқықтық көмек көрсету және ұстап беру туралы халықаралық шарттарға қол қойылды. Олар Парламентте ратификациялануда. Басқа елдерден шетелде жасырынған 13 іздеуде жүрген адам экстрадицияланды. Мақсатты жұмыстар жалғасатын болады. Ең басты міндет Президенттің тапсырмасын орындау, халыққа адал қызмет ету және заңдылықты қамтамасыз ету, – деп түйіндеді Б.Асылов.
Кеңейтілген алқа отырысының талқылау қорытындысы бойынша Бас прокурор негізгі міндеттерді белгілеп, алдағы кезеңге нақты тапсырма берді. Прокурорлар Мемлекет басшысының азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, активтерді қайтару, әсіресе отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында берген тапсырмалары бойынша жұмысты жандандыратын болады. Мұнан бөлек көлеңкелі экономикаға, есірткіге, алаяқтыққа қарсы күрес, ұйымдасқан қылмысқа, азаптауларға қарсы іс-қимыл да прокуратура органдарының тікелей бақылауында болмақ.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ