Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Экономиканы әртараптандыру қарқынын бәсеңдетуге болмайды - Смайылов

Экономиканы әртараптандыру қарқынын бәсеңдетуге болмайды - Смайылов

Экономиканы әртараптандыру қарқынын төмендетуге жол беруге болмайды. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономиканы әртараптандыру министрліктің негізгі міндеттерінің бірі саналады. Бұл дегеніміз – өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістер құру. Өткен жылдың қорытындысында 2 трлн теңгеден астам сомаға 160 индустриялық жоба пайдалануға берілді. Дегенмен, биылғы жобаларды іске қосу жоспары 1,1 трлн теңге сомаға арналған небары 149 жобаға дейін төмендетілген. Экономиканы әртараптандыру қарқынын төмендетуге жол беруге болмайды деп санаймын», - деді Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Осыған орай, Үкімет басшысы әкімдіктермен бірлесіп, салада жүзеге асырылатын индустриялық жобалар пулын қысқа уақыттың ішінде кеңейтуді тапсырды.

«Өңірлерге сапарымыз барысында кәсіпкерлердің алуан түрлі қызықты жобаларға көптеп бастама жасайтындығын көріп жүрміз. Әрине, инфрақұрылыммен, энергетикамен және басқа да жайттармен байланысты мәселелер бар. Бұл мәселелерді жергілікті атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен немесе деңгейіне қарай Үкіметте бірлесе шешуіміз қажет. Бұл жұмыста моноқалаларды да дамытуды ескеру өте маңызды. Жаңа қалалар халықты қосымша жұмыспен қамтамасыз ете алады», - деді Үкімет басшысы.

Осы ретте Премьер-Министр Саран қаласында Татнефть компаниясымен бірге пайдалануға берілген дөңгелек шығаратын зауытты мысалға келтірді. Қазіргі уақытта аталған зауытта қаланың мыңнан астам тұрғыны жұмыс істеп жүр.

«Министрлік осындай жобаларды көбейтуі қажет. Осы орайда, Мемлекет басшысы өңдеушілерді қолжетімді бағадағы қажетті шикізат көлемімен қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өткім келеді. Министрлік отандық өңдеуші кәсіпорындарды базалық шикізатпен қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, министрліктің басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәсіпорындарға өнімдерін сатуға қолдау көрсетуді күшейтуі де маңызды», - деді ол.
18 қаңтар 2023 ж. 202 0