Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үкімет отырысында кәріз жүйелерін тазалау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері қаралды

Үкімет отырысында кәріз жүйелерін тазалау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері қаралды

Кеше ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен селекторлық режимде Үкімет отырысы өткізілді. Жиында кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жөніндегі жоспар мен жаңа Әлеуметтік кодекстің жобасы қаралды.

Жиынға министрлер мен онлайн режимде өңір әкімдері қатысты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2028 жылға дейінгі кезеңде республиканың 68 қаласында кәріз-тазарту құрылыстарын салу не реконструкциялау жоспарда бар екенін баяндады.

Премьер-Министр бір ай мерзімде әрбір жобаны іске асыру кестесін бекіту және олардың орындалу барысы туралы Үкіметке тоқсан сайын хабарлап тұрудың, кәріз-тазарту құрылыстарының жобаларын уақытылы іске асыру үшін қажетті техникалық құжаттамаларды жедел әзірлеп, бекітудің, сондай-ақ екі ай мерзімде халықаралық тәжірибені зерделеуді және тазарту құрылыстарының қалдықтарын одан әрі өңдеу жөнінде ұсыныстар енгізудің маңызын атап өтті.

Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасап, жаңа Әлеуметтік кодекс жобасын таныстырды. Ұсынылған заң жобасында көпбалалы отбасылар, жұмыссыздар, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдар секілді әлеуметтік қорғауды қажет ететін халық топтарына арналған қолдау шаралары қарастырылған. Дауыс беру нәтижесімен кодекс жобасы мақұлданды.

Селектордан кейін Үкімет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, кәріз жүйелерін жаңарту үшін қаржыландыруға қажетті құжаттарды белгіленген мерзімді күтпей, қазірден бастап дайындауға кірісуді тапсырды.

«Әрбір тапсырма тиянақты әрі сапалы, уақытылы орындалуы тиіс. Келер жылы республикалық бюджетті нақтылау жылдағыдан ерте өткізіледі. Қазір барлық министрліктер қаңтар айының басында нақтылауға ұсынылатын жобалар тізімін жасауға кірісті. Сондықтан осы кезден бастап Экономика басқармасымен және тиісті салалық басқармалармен бірлесіп, нақты қажет деген жобаларға тез арада бюджеттік өтінімдерді ұсынып, министрліктермен жұмыс жасаңыздар», - деді аймақ басшысы.

Жиын соңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Мұнан бөлек аймақ басшысы «2023 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту жол картасын» бекіту жұмыстарын қолға алуды тапсырды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
28 желтоқсан 2022 ж. 262 0