Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-отырысында Мемлекет басшысы төмен көміртекті экономиканы дамытудың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Вaq.kz.
Біз шын мәнінде еркін және бәсекеге қабілетті нарықтық экономиканы құруға бағытталған жаңа экономикалық бағытты іске асырып жатырмыз. Расында да, бұл тұрғыда біз инвестициялық ахуалды жүйелі түрде жақсартуға ерекше көңіл бөлеміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент кеңестің пленарлық отырысының тақырыптары экономиканы декарбонизациялау және төмен көміртекті технологияларды енгізу мәселелеріне арналғанын еске салды.
Бұл мәселе бұрынғыдай өзекті. Климаттық өзгерістер, атап айтқанда, ауа температурасының жоғарылауы қазірдің өзінде бүкіл әлемде байқалады. Сарапшылардың болжамдары көңіл көншітпейді. Бидай шығымдылығы мен су қолжетімділігінің төмендеуінің елеулі тәуекелдері бар. Мұның барлығы жедел жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді, - деді Мемлекет басшысы жиында.
Оның айтуына қарағанда, бүгінгі таңда Қазақстандағы барлық парниктік газдар шығарындыларының 80%-ы қазба отындарын пайдалану арқылы энергия өндірумен байланысты.
Бұл елдің климатына кері әсер ететін негізгі фактор. Сол себепті энергетика саласын жаңғырту біз үшін маңызды, - деп айтты Президент Тоқаев.