Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Талқыға түскен түйткіл: кәдеге жарату алымының мөлшері қайта қаралуда

Талқыға түскен түйткіл: кәдеге жарату алымының мөлшері қайта қаралуда

Қазақстанда көліктің бағасы қым­бат. Сол себепті де отандас­тары­мыз шет мемлекеттерден арзандау авто­кө­ліктерді әкелуге мәжбүр. Ал шетелдік кө­ліктер елімізге қалай кіре бастады, «ӨКМ (РОП) Операторы» ЖШС құрыла қалды. Оларға кәдеге жарату алымы бекітіліп, тағы да халыққа салмақ түсті. Бұл түйткілді күрделі мә­селеге айналып, қоғам тарапынан үлкен дау ту­ғызды.

Түйткілді тарқату үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент отырысында утиль­дік алымға қатысты нақты тапсырма берді. «Үкі­метке утилизациялық алымды тоқтатуды жә­не оған «ӨКМ операторы» ЖШС-ның иелік етуі­не қатысты шара қолдануды тапсырамын. Бұл іс­пен шетелдердегі сияқты мемлекеттік ұйым ай­на­лысуға тиіс. Ал алымдардың өздеріне келсек, олардың мөлшерлемесін қайта қарау қажет. Бұл мәселе бизнес және қоғам өкілдерімен конс­трук­тивті түрде талқылануы керек. Утиль­алым есебінен отандық автомобиль және ауыл шаруа­шылығы техникасын сатып алушыларға ваучерлер беру мәселесі қарастырылсын» деді Президент.

Негізінде, «ӨКМ операторы» ЖШС отандық автоөндіріс саласына серпін беруі керек болатын. Сонымен қатар, экологияны қалыпты сақтау мүддесі де бар. Алайда, серіктестік құрылғалы кәдеге жарату алымдары төленіп, қыруар қаржы түссе де отандық автоөндіріс саласында өркендеу орын алған жоқ. Мәселен, 2016 жылдан бері утилизациядан «ӨКМ операторына» алымдар есебінен 691 млрд теңге түскен. Қазір екінші деңгейдегі банктердегі ақшаның қалдығы 220 млрд тең­геден асады екен. Ал есесіне «Азия ав­то» зауыты банкротқа ұшырады. Миллиардтаған қар­жының экологияға тек қана 102 миллиарды жұмсалған. Қалғаны «тістегеннің аузында, ұс­та­ғанның қолында кеткені» айқын болып отыр.

Бұл ретте, еліміздегі кәдеге жарату құны өз­ге мемлекеттерден әлдеқайда қымбат екенін аң­ға­руға болады. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанда утильдік алым 1 кубқа дейінгі машиналарға 437 мың теңге, 3 кубтан жоғарыларға 3 354 550 теңге болып белгіленсе, ауыл шаруашылығы тех­ни­ка­ларының кәдеге жарату алымы 30 пайызға дейін өскен. Ал Еуропа елдерінде утильдік алым халыққа қолайлы. Мәселен, АҚШ-та шағын көліктердің утиль­дік алымы 40-90 мың теңгенің, толық көлемді көліктердікі 60-140 мың теңге аралығында. Бельгияда 40-110 мың теңге арасында болса, Жапония­­да 35 мың теңге, Норвегияда – 25 мың теңге, Нидерландыда тіпті, 23 мың теңгені құрайды. Канадада автокөлік иелеріне ескі машина тапсырғаны үшін 220-350 мың теңге аралығында ақша береді. Осыған қарап-ақ өзге елдерге қарағанда біздің мемлекеттегі кәдеге жарату алымы айтарлықтай қымбат екенін көруге болады.


Қазақстандық шаруалар да ауыл шаруа­шылығы техникаларына төленетін утильдік алым­ның тым қымбат екеніне наразы. Бұған қатысты «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы А.Құл­баев кәдеге жарату алымын алып тастаған жөн­ дейді.

– Егін шаруашылығында техниканың сай бол­ғаны дұрыс. Бұрынғы ескі техникалардың орнына жаңа техникалар алынса, жұмыстың тиім­ділігі артады. Қазіргі жаңа техникалардың артық­шылықтары көп. Ауыр жұмысты жеңіл­детеді, уақытты да үнемдейді. Осы орайда, шаруашы­лық­тарға шетелдік ауыл шаруа­шылығы техникалары түрлі құрылымдар ар­қылы лизингке, несиеге алынуда. Ол техни­калардың бағасында да тұрақтылық жоқ. Мысалы, шаруа қожалыққа «Джондир» комбайны 375 млн теңгеге алынды. Негізі, комбайнның өз бағасы – 191,5 млн теңге. Ал «Агрофинанс» АҚ-ның пайыздық мөлшері 158 млн теңге. Оған қоса, утильдік алым 27 млн теңгені құрайды. Айналып келгенде, өз бағасы екі еселеніп, тағы да шығынға ауыл шаруашылығы құрылымдары ұшырауда. Утильдік алымды мүл­дем алып тастаған баршаға қолайлы екенін анық. Сонымен қатар, «Агрофинанс» секілді құры­лым­дардың пайыздық мөлшерін де азайту қажет. Мұ­ның қазақстандық шаруалардың жаңа техникаларды алуда қолжетімділігін арт­тырмақ, – дейді ша­руашылық төрағасы.

Бүгінде қоғам талқысына түскен мәселе бо­йын­­ша нақты жұмыстар басталды. Атап айт­қанда, Үкімет «ӨКМ операторына» қатыс­ты қау­­лы қа­былдады. Құжатта «Жасыл даму» АҚ мем­­­­ле­кет­тік ұйымы өндірушілердің (импорт­таушы­лардың) кеңейтілген міндеттемелерінің опера­­торы болып айқындалған. Сондай-ақ, «ӨКМ Опера­торы» ЖШС-нің утилизациялық алымды әкімшілен­діру және тиісті қаражаттарды басқару шеңберін­де­гі қызметі тоқтатылған. Демек, кәдеге жарату алы­мының қаржысы жеке қалтаға емес, мемле­кет қазынасына түспек. Оны «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымы үйлестіреді. Сонымен қатар, утиль­дік алымның коэфиценттері де қайта қаралу үстінде. Ол үшін ведомоствоаралық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы қоғам пікірін ескере оты­рып, кәдеге жарату алымының мөлшерін белгі­лейтін болады.

Жалпы, сарапшылар утилдік алым бағасын белгілеуде мұқият болуды айтады. Өйткені оның мөлшері тым төмендеп кетсе, қаражат көптеген көлік әкелінген Армения, Грузия, Қырғызстан, Ресей секілді мемлекеттерге кетуі мүмкін. Кері­сінше, тым қымбаттатып жіберсе, тағы да халық наразылығын тудырмақ. Онымен қоса, кәдеге жарату төлемімен бірге бастапқы тіркеу алымының көлемін де қысқарту керектігі айтылуда. Нәтиже­сінде, елімізде көлік құны 20-30 пайызға дейін арзандайды деп күтілуде.

Утильдік алым жөніндегі дау әлі басылар емес. Бұған қатысты мәселе шешімінің табылуы ведомоствоаралық жұмыс тобына тікелей бай­ла­нысты. Халыққа қолайлы нақты мөлшер белгі­ленгенде түйткілдің түйіні тарқамақ. Сол себепті әліптің артын бағайық...

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
25 қаңтар 2022 ж. 257 0