Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сталиннің байлығы: диктатор ғұмырында қанша қаражат тапты

Сталиннің байлығы: диктатор ғұмырында қанша қаражат тапты

2015 жылы Time журналы адамзат тарихындағы ең бай адамдардың тізімін жариялады. Бұл тізімге Шыңғыс хан, Билл Гейтс, Рокфеллер сынды шіріген байлардың қатарынан Иосиф Сталинге де орын табылыпты. Ол мұндай дәрежеге қандай байлығымен көтеріліп жүр? Анықтап көрелік.

Мемлекеттік қамтамасыз ету

Сталин өмірінде өзімен бірге қолма-қол ақша ұстамаған адам. Оның көпсалалы саяжайлары, пәтерлері, ішетін асы, үй қызметшісі, киетін киімі, жиһаздары, бәрі-бәрі мемлекет қазынасының есебінен алынып отырған. Тіпті, Сталин қарақан басының қамына мемлекет қазынасынан қанша қаражат бөлініп жатқанын да білмеді.

Бір күні Иосиф Виссарионович Боржоми саяжайында демалыс уақытын өткізіп жатқан кезінде өзіне бұрыннан таныс грузин азаматын кездестіріп қалады. Ел билеп отырған танысын көрген грузин де қаржы таппай қиналғанын айтып қалады. Сол кезде Сталин өзінің қауіпсіздігін күзететін қызметкерлердің бас киімін көтеріп, сол жерде 300 рубль жинап берген деседі.

Сталин ақшаның құнын білмеген десек те болады. Бұл сөзімізге оның қызы Светлана Аллилуеваның мына сөзі дәлел.
"Әкем 100 рубльді революцияға дейінгі уақыттағыдай үлкен сумма көретін. Маған 2-3 мың рубль берген кезінде миллион бергендей жауапкершілік артушы еді".

Жалақысы қанша болды?

Мемлекеттік қамтамасыз етуден бөлек атышулы диктатордың тұрақты жалақысы болды. алғашында оның айлық табысы елдегі еңбекақыдан үш есе кем еді. Бірақ билігінің соңына қарай оның бір айдағы қалтасына басатын қаражатының көлемі 10 мың рубльге жеткен. пакетке салынған ақша оның жазу үстелінде жататын. Турасын айтқанда, Сталин ол ақшаға мұқтаж емес еді, тіпті, қайда жұмсарын да білмейтін. Айына партияға төлейтін 300 рубль жарнадан бөлек ол ақшаның мұрты бұзылмаушы еді-мыс.

Сондай-ақ, Сталин жалақыдан бөлек жазушылық еңбегі үшін көлемді қаламақы алып отырды. Оның қаламынан туған кітаптар шет елдерде аударылып, басылып шыққан. Демек қаламақы құны да осал емес.

Қолма-қол ақша және жинақ кітапшалары

Сталин дүниеден өткенде оның мұрагерлеріне қалдырған қолжазба, киім, үй сынды дүниелерден бөлек 900 мың рубль қолма-қол ақша болған. Ал кейіннен арнайы органдар оның балаларына 30 мың рубль қаражаты бар жинақ кітапшасын ұстатыпты.

Сондай-ақ, бұл бүкіл сталиндік байлықтың бір пұшпағы ғана дейді білетіндер. Колесник есімді тарихшының айтуы бойынша, диктатор дүниеден озғанда оның жеке сейфінен 3,5 миллион рубль және бұл ақшаның әр түрлі шығармашылық еңбектері үшін алған қаламақысы екенін растайтын түбіртектер табылған.

Аударған: Әділет Мәдениет
www.qamshy.kz
25 сәуір 2019 ж. 991 0