Майкл Джексон құпиясы
Майкл Джексонның өмірден озғанына 10 жылға жуық уақыт өтсе де, ол – әлі күнге дейін бишілер мен әншілердің шабыт символы.
Оның әр жасаған қимылы қайталанбас стильдің негізін қалады. Соның ішінде – Майклмен бірге еске түсетіні "ай жүрісі" мен гравитацияны жоққа шығарған иілу әдісі. 1987 жылы "Smooth Criminal" бейнебаянында алғаш орындалған қимыл кейін ғалымдардың зерттеу нысанына айналды. Әсіресе, бір кездері Майклдің жанкүйері болып, бүгінде Чандигархта нейрохирург қызметін атқаратын үнді зерттеушілері бар уақыттарын осыған арнаған.
Нишант Ягник, Манджул Трипати және Сандип Махиндра бала кездерінде Майкл Джексонның қимылын қайталауға тырысқанымен, одан тек жарақат алып, өздеріне деген сенімдерін жоғалтқан. “Journal of Neurosurgery” зерттеу журналында жариялаған мақалада зерттеушілер бұл қимылға адамның денесі мен қалыптасуы арқылы сараптама жасап, поп-патшасының сырын ашты.
Зерттеушілер сөзіне сенсек, адамның бұлшық еті бірнеше жыл бойына дайындалған бишінің өзіне тек 25-30 градуста иілуге мүмкіндік береді. Одан әрі, адамның омыртқасында орналасқан ауырлық орталығы адам салмағын көтере алмай не құлайды немесе белін бүгеді.
"Smooth Criminal" бейнебаянында Джексон және оның бишілері бұл қимылды арнайы тростар арқылы орындағаны анық. Дегенмен, кейін оны сахнада өзі орындап, жанкүйерлерін таңқалдырды.
Зерттеушілердің пікірінше, Джексонның физика мен физиология заңдылығына күмән тудырған биі тек бишілердің ғана емес, дәрігерлердің де назарын еріксіз өзіне аударды. Дегенмен, Джексонның құпиясы кейін белгілі болды. Концерттік бағдарламаларға өкшесінде үшбұрышты ойығы бар арнайы аяқ киімнің шығарылғаны анықталды. Ойық сахнада орналасқан тіреуге киіледі де, кейін ауырлық центрін есепке алмай, еш алаңсыз еңкеюге болады.
Бұл механизм Майкл Джексонның шоуы үшін ойластырылған. Дегенмен, ғалымдар мұның өзін орындау үшін үлкен дайындық пен күш керектігін атап өтті.
massaget.kz