Арктиканың мұзы соңғы мың жарым жылда болмаған жылдамдықпен еріп жатыр
Арктиканың мұзы соңғы 1500 жылда болмаған жылдамдықпен еруде, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.
Жаһандық жылынуға байланысты соңғы 1500 жылдан бері Арктикадағы мұз тез еріп жатыр. Бұл туралы Жаңа Орлеанда өткен Америка геофизика одағының конференциясында АҚШ-тың Мұхит пен атмосфераны зерттеу бойынша Ұлттық басқармасының баяндамасында айтылды.
«Арктикада қазір адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған өзгерістер орын алуда. Сондай-ақ, бұл өзгерістер Солтүстікте тұратын тұрғындарға ғана емес, біздің әрқайсымызға қалай әсер ететінін білу үшін үнемі оны бақылап отыруымыз қажет», - дейді арктикалық зерттеулер бағдарламасының жетекшісі Джереми Мэтис.Баяндамада көрсетілгендей, 2017 жылы арктикалық мұздың жалпы аумағы 1981-2010 жылдарға қарағанда 25%-ға аз болды. Мұз қабатының қалыңдығы күн өткен сайын жұқарып келеді. 2016 жылғы қазан айынан 2017 жылғы қыркүйекке дейін Арктикадағы орташа температура бұрынғыдан 1,6 градус жоғарылаған. Солтүстік мұзды мұхитындағы судың температурасы да көтерілген.
«Арктика біздің планетамыздың тоңазытқышы еді. Бірақ, сол тоңазытқыштың есігі ашық қалыпты. Қазіргі Арктика осыдан 10 жыл бұрынғы қалпына мүлдем ұқсамайды», - дейді ол.
Сонымен қатар, Арктиканы қоршап жатқан материкті аудандардағы мәңгі қатып жататын топырақ температурасының да өзгергені тіркелген.
«Топырақтың жіпсуі де адамдардың өміріне әсер етеді. Жолдар мен үйлер бұзылып, инфрақұрылымның басқа да нысандарына айтарлықтай зиянын тигізеді» , - деді баяндамасында Аляска штатындағы Университет зерттеушісі Владимир Романовский.Мәңгі қатып жататын топырақтар жіпсіген кезде планетаның жылынуына әсер ететін көмірқышқыл газ бен метан сияқты парниктік газдар бөлінеді.
Зерттеушілер Арктикадағы ауа мен судың жылына бастауы атмосфералық ағымдар қозғалысын өзгертеді деп алаңдап отыр. Олардың айтуынша, арктикалық мұздың еруі аймақтағы жануарлар мен өсімдіктерге де әсер етеді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Антарктидада жарылған айсбергтің де өте тез еріп жатқанын жазған болатынбыз.