ENACTUS World Cup: Әлемдік кубок алғаш рет Қазақстанда өтеді
2-4 қазан аралығында Қазақстанда алғаш рет ENACTUS Студенттік кәсіпкерліктің әлемдік кубогы өтеді. Оған 33 елдің студенттері, кәсіпкерлері, академиялық көшбасшылары мен корпоративтік бизнес басшылары қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz.
ENACTUS World Cup – кәсіпкерлік қызмет арқылы әлеуметтік бастамалар мен прогресті көрсетуге мүмкіндік беретін іс-шара. Ол 2001 жылдан бері өткізіліп келеді. Еліміздің әлемдік кубокты өткізу құқығына ие болуы – бұл ENACTUS-тың Қазақстанның соңғы 15 жылдағы жетістіктерін мойындайтынын және халықаралық әріптестер тарапынан сенім артылып отырғанын көрсетеді.
ENACTUS студенттерінің барлық бизнес-жобалары БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатына жетуге бағытталған және болашақ бизнес көшбасшылары мансабының бастамасы болып саналады. Әлемдегі 1000-нан астам университет студенттердің көшбасшылығы мен іскерлік дағдыларын дамыту үшін осы платформаны пайдаланады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше әлемнің түкпір-түкпірінен келетін 2000 жас кәсіпкер экологиялық мәселелерді шешудің инновациялық тәсілдерін көрсететін, тұрақты қоғамдастықтардың дамуына ықпал ететін және адамдардың өмірін оң өзгерістерге шабыттандыратын өз жобаларын ұсынады.
Аталған шарада еліміздің намысын ENACTUS KAZAKHSTAN 2024 Ұлттық чемпионы, Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің командасы қорғайды.