Аралар жойылса, адамзатқа қауіп төнеді

Жыл сайын әлемнің біршама елдерінде аралардың жаппай қырылу оқиғалары тіркеледі. АҚШ-та 2018-2019 жылдары аралардың 40 пайызы өлсе, Бразилия 2019 жылдың бірінші жартысында 500 мың бал арасын, Ресей шамамен араларының 30 пайызын жоғалтқан. Ал елімізде бұл туралы нақты статистикалық зерттеулер жоқтың қасы.
Аралардың жаппай қырылуының басты себебі өсімдіктерді зиянкестерден қорғау үшін қолданылатын пестицидтер болып табылады. Бастапқыда ауыл шаруашылығында химиялық дәрілерді пайдалану өндіріс көлемін арттырғанымен, уақыт өте келе экологиялық проблема туындатып отыр. Пестицидтер зиянкестерді өлтіріп қана қоймай, аралардың денсаулығына да кері әсерін тигізеді.
Қалыпты орташа температураның жоғарылауы да аралардың жұмысына едәуір нұқсан келтіреді. Мәселен, орташа температурасы +23 пен +27 градус аралығындағы аймақтағы ара ауа температурасы күрт +30-35 градусқа жоғарыласа, белсенділігі күрт төмендейді. Ұшу қиынға соғатындықтан, аралар күн ұзаққа омартасын паналауға мәжбүр болады.
Ауа температурасының жыл бойына жоғары болуы аралардың қалыпты қысқы ұйқыға кетуіне кедергі келтіреді. Бұл олардың көктемге қарай арықтауына әкеледі. Жаһандық жылынудың араларға тигізер зиянын зерттеген ғалымдар қызықты тәжірибе жасап көрді. Омартаның бір бөлігін жылу тартатын қара түске, екінші бөлігін ақ түске бояған. Екі жылдан соң, қара түске боялған бөліктегі аралардың түгелдей дерлік қырылып қалғаны мәлім болды.
«Егер кенеттен жер бетінен барлық аралар жойылып кетсе, адамзаттың түгелдей қырылуына небәрі төрт-ақ жыл қажет болады» деген екен 1940 жылдары Альберт Энштейн. Иә, ғұламаның бұл сөзі талай фантастикалық фильмдердің сюжетіне арқау болатындай-ақ. Бірақ биологтардың соңғы зерттеулері көңіл көншітпейді. Олардың айтуынша, Энштейннің болжамы фантастикалық фильмнің емес деректі фильмнің сюжетіне арқау болуы да әбден мүмкін.
Жеміс-жидек, өсімдік атаулының 80-90 пайызы аралар арқылы тозаңданатыны белгілі. Елестетіп көрейікші, аралар жойылса, сүт қоректілерге аштық қаупі төнеді. Мал шаруашылығы, егін шаруашылығы толықтай күйрейді. Зерттеушілердің пайымынша, аралардың жаппай қырылуы жалғаса беретін болса, 2035 жылға қарай ғаламшар арасыз қалуы мүмкін. Араларды құтқару – адамзаттың қысқа мерзім ішіндегі орындауы тиіс парызы.
"Тт" ақпарат
Фото: Ашық дереккөдер