Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемде сабақтардың онлайн өтуінен білім сапасы нашарлаған

Әлемде сабақтардың онлайн өтуінен білім сапасы нашарлаған

Нью-Йоркте бір миллионнан астам оқушы бар. Олар мектепке 10 қыркүйекте барады. Алайда мұғалімдер кәсіподағы ата-аналарды балаларын мектепке жіберуге асықпауға шақырып отыр, – деп хабарлайды 24.kz. Өйткені елдегі білім беру мекемелерінің көбі қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Ал егер мектептер ашылса, онда оқушылардың бәрі коронавирусқа тест тапсыруы керек. Ұстаздардың басты талабы осындай. Билік бұған келіспесе, оқытушылар ереуілге шығамыз деп бекініп отыр. 

Майкл Малгрю, мұғалімдер кәсіподағының президенті:

- Біз мектептердің қауіпсіздігі туралы хаттама әзірледік. Ондағы талаптарға сай келмейтін оқу орындары қайта ашылмау керек. Наурызда Нью-Йоркте не болғанын бәріміз де жақсы білеміз. Сондықтан ол жағдайдың қайталануына жол бермеуіміз керек. Жұмысын қайта бастаған мектептердің оқушылары мен олардың ата-аналарының қолында коронавирусқа тапсырған тест нәтижесі болу керек. 

Мұғалімдердің алаңдауы бекер емес. Өйткені АҚШ-тың педиатрия академиясы өкілдерінің хабарлауынша, 9 шілде мен 6 тамыз аралығында елде балалардың коронавирусты жұқтыруының 180 мыңға жуық дерегі тіркелген.

Мамандар оны лагерьлердің қайта ашылуымен түсіндіріп отыр. Оның үстіне елде тест те көп жүгізіледі. Сонымен қоса АҚШ-тың 22 штатындағы колледжде вирустың өршуі тіркелген. Өйткені жастар жағы сақтық шараларын елемейді. Мамандар да "қауіптің күшеюіне осы себеп болуы мүмкін" екенін айтады. 

Жуырда желіде Коннектикут университетінің кампусы аумағында түсірілген бейнежазба жария етілді. Онда студенттер жатақханада сауық кешін ұйымдастырған. Ролик әлеуметтік желіде жарияланғаннан  кейін оқу орнының басшылығы бейнежазбадағы студенттердің барлығын жатақханадан шығарған.

Дегенмен, президент Дональд Трамп асыра сілтемеуге шақырып, жастар арасында вирусты жұқтыру деректерінің артуына қатысты өз пікірін айтты.

  Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Коронавирус түрлі аурулары бар егде жастағы адамдар үшін қауіпті. Алайда студенттер онымен жеңіл ауырады. Індет жастар арасында маусымдық тұмау секілді өтеді. Сондықтан жоғары оқу орындарын жаппау керек. Студенттер үйде жүріп, егде жастағы туыстарына вирусты жұқтырғаннан гөрі жатақханада жүрсін.

Ал британиялық Оксфорд университетінің ғалымдары балалар мен жасөспірімдерге Covid-19 жұғу қаупі өте аз екендігін дәлеледейтін нақты мәліметтер бар екендігін айтады. Қазір бізбен тікелей байланыста лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы. Сәлеметсіз бе, Ғалымжан. Бұл мәліметтер неге негізделген және британдықтардың өздері не ойлайды?  

Қайырлы кеш, Жұлдыз. Ия, ғалымдар жазғы каникулдан кейін балалар мен жасөспірімдердің мектепке қайта оралуына қауіп жоқ деп отыр. Олардың зерттеулеріне сәйкес, коронавирустың “бірінші толқыны” кезінде Англияда 16 жасқа дейінгі балалар арасында вирус жұқтырғандар саны бір проценттен сәл ғана асқан.

"Ал онлайн оқу кезінде балалардың білім деңгейі төмендеп кетті. Бұған емтихан нәтижелері дәлел”, дейді зерттеушілер. Дегенмен, “ауру белгілері жоқ балалар мен жасөспірімдер вирусты бір-біріне жұқтырып, айналасындағыларға қауіп төндіре ме” деген көптің көкейінде жүрген сауал бар. Ғалымдар мұндай қауіптің бар екендігін және вирусқа шалдыққанын білмейтін оқушылардың ауру таратуы мүмкін шешіміне күмәнмен қарайтындар да жеткілікті.   

Нейл Ватсон, журналист:

- Сіз балаларға әлеуметтік ара-қашықтықты сақтамаудың қаупі туралы, қалай және неліктен бір-біріне жақындауға болмайтындығын түсіндіре алмайсыз. Денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктердің жеткіншектер арасында вирустың таралуы неғайбыл деген сөзіне сенбеймін. Бірге ойын ойнау балалар табиғатына тән дүние. Олар қашықтық сақтау дегенді білмейді. Бұл жеткіншектердің ғана емес ата-аналарының да өмірін қатерге тігеді. Премьер-министр Борис Джонсон және оның үкіметі бар болғаны электораттың көңілінен шыққысы келеді. Сырт көзге халықтың жағдайын жасап жатқандай әсер қалдырғысы бар.  

- Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, қыркүйекте төрт балаңызды мектепке жіберуге қаншалықты дайынсыз?

- Біздің отбасымыз көп балалы және төртеуі де Лондон мектептеріне барады. Өкінішке орай, жергілікті заңға сәйкес ата-аналарда таңдау құқығы жоқ – оқуға жіберу-жібермеуді біз шешпейміз. Мектепке бармаған жағдайда 60 стерлинг фунт көлемінде, яғни шамамен 34 мың теңге айыппұл төлеуіміз керек. Бұл сома 21 күн ішінде төленбеген жағдайда екі еселенеді. Локдаун кезінде үлкен балаларым мектептері уақытша пайдалануға берген ноутбуктарымен онлайн оқыды. Ал кіші балаларыма өзім ұстаз болдым. Бұл уақытыма да, ... жүйке жүйеме де біраз әсер етті. Қазір, жазғы каникул кезі. Екі кішкентайым үй жақтағы күндізгі лагерьге, ал үлкендерім жазғы білім беру және спорт үйірмелеріне барады. Олардың барлығы тегін. Жергілікті мэрия балалардың жазғы демалысын қызықты және тиімді өткізу үшін барын салып жатыр. Бұл курстардың ұйымдастырушылары үкіметтің қауіпсіздік жөніндегі барлық талаптарын қатаң орындайды. Алдағы жаңа оқу жылында да барлық санитарлық нормалар сақталып, балаларымыз ауырмайды деген үміттеміз. 

Перуде вирус кәмелетке толмағандар арасында көбейіп тұр. Олардың көбінде ауру еш белгісіз өтіп жатқан көрінеді. Бірақ қаупі сол, бұл жастар ересектерге вирус жұқтыруы мүмкін. 

Мартин Вискарра, Перу президенті:

- Соңғы бірнеше аптада кішкентай балалар мен жеткіншектер арасында вирус жұқтыру оқиғалары 75 процентке артты. Бұл алаңдатарлық жағдай. Бірақ балаларды үйге қамап қоя алмаймыз ғой. Дегенмен олардың сыртта серуендеу уақытын шектеуге тура келеді. 

Осылай деген Перу билігі балаларға сыртта жарты сағаттан астам уақыт серуендеуге тыйым салды. Сонымен қоса үйден 500 метрден алшақтауға да болмайтынын ескертті. Жалпы, осы Перуде расталған деректер саны жарты миллионнан асады. Солардың 23 мыңға жуығы кәмелетке толмағандар. 108 бала   көз жұмған. Бірақ бір айта кетерлігі - олардың барлығында қатерлі ісік секілді қосымша аурулары болған.


21 тамыз 2020 ж. 539 0